Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ерлікке арналған «Халықтық кино»

Ерлікке арналған «Халықтық кино»

Айқын-ақпарат
986
Ерлікке арналған «Халықтық кино» Бұл – 28 панфиловшылардың ерлігін паш ететін фильм. Мұнда 1941 жылғы қарашада Волоколом тас жолына қарай неміс танкілеріне тосқауыл бола білген Панфилов дивизиясының атқыш рота жауынгерлерінің даңқты ерлігі баяндалады.

 Фильмнің сценарийсі әрі режиссері – Андрей Шальопа. 28 панфиловшылар – генерал Панфиловтың қолбасшылығындағы 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері болатын. Олар 1941 жылы жанкештілікпен  Мәскеуді қорғаған.

Олардың даңқты ерлігі туралы фильмді қазан айында Астанада өткен екі мем­лекеттің аймақаралық ынтымақтастық фору­мында Қазақстан және Ресей Прези­денттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тамашалаған еді. Екі ел бас­шылары Алматыда құрылған және қар­сыластарының танктеріне қарсы кеуделерін оққа төсеген даңқты дивизияның ерлігін  өскелең ұрпақтың есінде мәңгі сақтауы тиіс деген пікірлерін білдірді. 
Бұл көркем туынды рухы биік қара­пайым әскерлерге арналған қымбат ескерткіш. Яғни, 1941 жылдың күзінде генерал И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясының 28 жауынгері Дубосекова разъезін қорғап, Мәскеуге бет алған неміс танк батальонына қарсы шығады. Туынды толығымен кеңес сарбаз­дарының ерлігіне арналған. 
Режиссер Андрей Шальопа: «28 пан­филовшының аңызға айналған даңқты ерлігі – барлығымызға ортақ тарих қана емес, бұл  – біздің ортақ ұлттық мақта­нышымыз» дейді. 
Бұл көркем дүниенің тағы бір ар­тықшылығы, фильмнің негізгі сомасын краудфандинг арқылы жинаған. Оған 35 мыңнан астам адам қатысып,   34,7 миллион рубльге жуық ақша қосыпты.  Мұның «халықтық кино» аталуының себебі осында. Ал қалған қаржыны Қазақстан мен Ресей мәдениет министрліктері бөліп отыр. 
«Бұл – миллиондаған кеңес жауын­герлері ерлігінің айқын дәлелі. Бұл адамдардың Жеңіс жолында жұмсаған күштерінің көлемін түсіну біз үшін құпия болып қалады. Бұл фильмнің жүзеге асуына атсалысқандарға алғысым шексіз. Олар өз қалталарынан қаржы шығарып, фильмнің түсіріліміне ақша қосты. Осындай аза­маттардың қолдауының арқасында 35 миллион рубль жинақталды» деген екен Ресей Федерациясының мәдениет министрі   Владимир Мединский.
Фильм қалай түсірілді? «Бізде өте тығыз күнтізбелік жоспар болды. Қыстың үш айында киноны түсіріп үлгеруіміз керек. Бірақ қыстың күні тым қысқа. Соған қарамастан, киноның маңызды сюжеттерін түсіріп алуға тырыстық. Фильм Петербор түбінде түсірілді. Түсіру күні тәулігіне бес сағат. Бес сағатта үлгеру  үшін таңғы жетіде сақадай сай тұрдық» дейді режиссер Шальопа. 
Түсіру кезінде актерлер уақытты жоғалтпау үшін түскі ас та ішпеген. Ызғарлы ауа райында фильмге түсу де оңай емес. Қаншама қиындықтарға қарамастан, актерлер өз жұмыстарын тиянақты атқарып шыққан. 
«Алматыда құрылған Панфилов дивизиясы Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласын жаудан қорғады. Бұл барша адамзат тарихындағы тарихи оқиға болды. Қарсыластардың басым бол­ғандығына қарамастан, панфиловшылар неміс әскерлеріне қасқая қарсы тұра білді. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Олардың ерлігі туралы тарихты бүгінгі өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз» дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 
Туынды екі мемлекеттің аумағында түсірілді. Қысқы көріністер Санкт-Петербор мен Иванова төңірегінде өтсе, соңғы кадрларда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ көрсетіледі. 
Фильмге Александр Устюгов, Яков Кучеревский, Азамат Нигманов, Олег Федоров, Антон Кузнецов, Алексей Лонгин, Азиз Бейшеналиев және т.б. белгілі актерлер түскен. 

 

Гүлзина Тұрғанбайқызы, Асыл Тұмар