Негізгі бет  /  мақалалар  /  «МӨЛТІЛ» – ЖҮРЕКТІҢ СӨЗІ

«МӨЛТІЛ» – ЖҮРЕКТІҢ СӨЗІ

Айқын-ақпарат
985
«МӨЛТІЛ» –  ЖҮРЕКТІҢ СӨЗІ Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Ырысбек Дәбейдің «Мөлтіл» атты кітабының тұсаукесері өтіп, оқырманына жол тартты.

«Шық тұнған жолдар» атты  өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер жинағының авторы Ырысбек Дәбейдің бұл үшінші кітабы.
Кітаптың тұсаукесеріне Құл-Керім Елемес, Серік Нұғыман, Дәурен Қуат, Қанат Тілеухан, Дархан Бейсенбек, Өмір­жан Әбдіхалықұлы және т.б. қаламгерлер қатысып, жылы пікірлерін білдірді.
«Мөлтіл» мүлде басқа тақырып. Басқа сезім. Автордың бір жағы басқа арнаға қарай бұрылғаны –  үлкен батылдық. Өйткені Цвейгтің Диккенске айтқаны сияқты Ырысбек Дәбей «жылы үйінен шықпай қойған жоқ». Бұл кітап –  ең бірінші Ырысбек Дәбейдің өзін-өзі сынауы. Өзін-өзі іздеуі деп түсінемін. «Мөлтіл» де оқырмандарға бірден ұнайды деп ой­лаймын. Оған «Әкелеріміз айтатын әңгіменің» жолы бұйырсын» дейді жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы.
«Мөлтілде» жүректің сөзі бар» дейді жиналғандар. Ендеше, бұл «Мөлтіл» нені білдіреді? Автордың өзінен сұрадық. 
–  Жаңа кітабымды дайындап болып, «енді қандай ат қойсам екен?» деп ойланып жүргенде,  ақын ағам Жарас Сәрсекке жолығып қалдым. Әңгімелесіп отырып, жаңа кітапқа қандай ат қоярымды білмей жүргенімді айттым. Ол кісіге кітапқа енген дүниелерді қысқаша айтып бердім. Сосын ол кісі бірден: «Мынауың тамайын, та­майын деп мөлтілдеп тұрған мөлдір тамшыдай екен, «Мөлтіл» деген атты қойсаң қалай болады?»  деді. О кісінің қойған аты бірден ұнап, көңілімнен шықты. Сөйтіп «Мөлтіл» дүниеге келді.
–  «Мөлтілге» бұрын еш жерде  жариялан­баған шығармаларыңыз енді ме?
– «Мөлтілге», негізінен, жаңа шығар­малар кірді. Бұрыннан жазсам деп ойлап жүрген бір дүнием бар еді. Ол –  «Қарға тамған көз жасы» деген хикаят. Адамның жастық шағына тән романтикалық дәуірі болады ғой, сол кезең шығармаға негіз болды. Қалғаны этнографиялық әңгімелер, бүгінгі қоғамның да кейбір келеңсіз тұстары тудырған шығармалар бар.
– «Әкелер айтқан әңгіме» жақсы насихатталды. «Мөлтіл» сол көрсеткішке жете ала ма?
–  Бұл кітаптың шыққанына да көп болған жоқ, қазірдің өзінде Орал, Атырау оқырмандарымен жүздесіп, кездесу өткізуге ұсыныс жасап жатыр. Соған қарағанда, жаман болмайтын шығар деп ойлаймын. Ең бастысы, жазған дүнием көптің көңілінен шықса, көрсеткіш деген сол.
– «Жабайы сауда» қазақ кітабын наси­хаттаудың тиімді жолы бола ала ма?
– «Жабайы сауда» дегенді онша түсінбедім. Бірдеңе өндірген соң оны тұтынушыға ұсыну керек. Тұтынушыға қандай жолмен ұсынасың, ол өзіңе байланысты. Мүмкіндігің болса, те­ледидар арқылы насихаттап, түрлі жарнама агент­тіктеріне беріп, шылқып отырғанға не жет­сін?! Менің ондай мүмкіндігім жоқ. Тек интернет арқылы оқырмандармен бай­ланысып, сұра­ғандарға жеткізіп берумен ғана шектеліп отырған жайымыз бар. 
«Мөлтіл» –  жүректің сөзі» десек, ондағы   «Қарға тамған көз жасы» хикаяты да қалың оқырманның көңілінен шығып, жүректен-жүрекке жетеді деген үміттеміз. 

Гүлзина Тұрғанбайқызы, Асыл Тұмар