Негізгі бет  /  мақалалар  /  Алыстағы ағайынның арнауы

Алыстағы ағайынның арнауы

Айқын-ақпарат
901
Алыстағы ағайынның арнауы Дүниежүзінің 40-тан астам мемлекетінде 5 миллионнан астам этникалық қандасымыз тіршілік етеді.

 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен шетелдегі бауырларымыздың салт-дәстүрі мен халықтық қолөнерін, төл мәдениеті мен ата кәсібін дамытуға көңіл аударып, басты назарда ұстап келеді. Ел шеті, жел өтіндегі ағайындар да әрдайым ұлт Көшбасшысының диаспораны қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатына айрықша ризашылығын білдіріп, алыста жүрсе де Қазақстанның беделі өсіп, атақ-абыройының асқақтауына тілектестігін білдіріп отырады.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің айтуынша, шетелдегі қазақтар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басшысы ретінде қадір тұтады. Елбасы қолға алған әрбір бастамаға атсалысуды өздеріне азаматтық парыз санайды. Біз бүгінгі мақаламызда әлемнің түкпір-түкпірінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай және қазақтың атын әлемге таныту мақ­сатында орындалып жатқан игі шараларға тоқталсақ дейміз. 
1. Мамыр айында Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының  құрыл­тайы өтті. Еуропалық қазақтар басқосуды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнады. Жиынға атамекеннен арнайы делегация аттанып, Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы Әбіш Әділбеков, ақындар Мұхаметжан Тазабеков, Жандарбек Бұл­ғақов, Сырым Әуесхан, суретші Гүлназым Өмірзақ, этнограф  Салтанат Өмірәлі, әншілер Ұлықпан Жолдасов, Фарида Жолдасова, Төреғали Төрәлі, Қажымұрат Шешенқұл сынды танымал азаматтар қатысып қайтты. Құрылтайға Еуропаның 14 мемлекетінен қонақтар келді. Шара аясында футболдан жарыс өтіп, 14 команда бақ сынады. Келесі күн ақындар айтысы мен өнер шеберлерінің концертімен жалғасты. 
2. Моңғолияда тұратын әлемдік дең­гейдегі альпинист Жанарбек Ақыби Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 тауға шығу шарасын  ұйымдастырды. Ол былтырғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 550 тауға шығу акциясын да жүзеге асырған болатын.  Моңғолиядағы ең биік деп саналатын 25-і тауға екі ел азаматтары бірге көтерілген. Баян-Өлгей қаласында өткен «Бүркітші – 2016» халықаралық сайысына қатысуға барған қазақстандық құсбегілер мен өзге де 25 азамат теңіз деңгейінен 4200 метрдей биік тауды бағындырған. Цамбагарав тауына шыққандардың алды 60 жаста болса, ең кішісі 7 жастағы жеткіншек екен. 
3. Тәуелсіздік мерекесіне орай Өз­бекстандағы қандастарымыз да ерекше дайындық үстінде. Жақында Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығында «Тәуел­сіздік шабыттары» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Өзбекстан жазушылар одағы жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесі, Республикалық ұлтаралық мәдениет орталығы, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы мен республикалық «Нұрлы жол» газеті қолға алған жыр кешіне Қарақалпақстаннан, Науаи, Ташкент облысы және Ташкент қаласынан үміткерлер келген. Олар өз өлеңдеріне Қазақстан экономикасының жетістіктерін, халқымыздың барша саладағы қол жеткізген табыстарын, жастардың жасампаз өмірін арқау еткен. Белгілі ақын Ақшагүл Төлегенова мүшәйраны «Жиырма бес жыл» атты жыр шумағымен бастап бер­се, олжалы болған өзге үміткерлер «Өз өлеңін туған жермен және тәуелсіздікпен байланыстырғаны үшін», «Өз өлеңіндегі халықтар достығы үшін», «Мәнерлеп оқығаны үшін», «Белсенді қатысқаны үшін» аталымдары бойынша сараланды. Қазылар алқасының құрамында ақын, жазушы, ака­демик Қалдыбек Сейданов, Өзбекстан жазушылар одағы жанындағы Қазақ әде­биеті кеңесінің төрағасы Мекембай Омаров, Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының өкілі Муножат Нурматова және ақын Махмуд Тойир жұмыс істеді. 
4. Тәуелсiздiгiміздiң 25 жылдығына орай Мәскеуде «Елiм менiң» олимпиадасы өтті. Білім сайысы қазақ тiлi мен мәдениетi және тарихына арналды. Шарада Ресейдегi қазақ диаспорасының өкiлдерi және жергiлiктi студенттермен қатар өзге ұлттың да өкiлдерi бақ сынады. Олардың ең кішкентайы – тоғыз жаста. Қазақ тiлiндегi бiлiм-қабiлетте­рiн байқап көрудi мақсат еткен білімділер бәйгесінің  алғашқы кезеңi мамыр айында ұйымдастырылып, үздiк деп танылғандар  қазан айында ақтық сынға жіберілген. Үміткерлердің қарым-қабілеттерін Ресей ғылым, филология және әдебиет ака­демиясының оқытушылары бағалап, жеңiмпаздар Мәскеу лингвистикалық университетiнде марапатталды. «Қосымша жүлделi орындар болғанда 23 қатысушының жартысын марапаттайтын едiк. Себебi, олардың жұмыстары жоғары бағаға лайық. Қазақ тiлiн жан-жақты меңгерген» дейді байқауды ұйымдастырушы Роза Тадинова.
5. Қытайдағы Ганьсу провинциясының Ақсай-қазақ автономиялық уезінде қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын үйрететін тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды. Игілікті шараны «Армантау» мәдени серіктестігі мен аудандық мәдениет және дене тәрбиесі орталығы бірлесіп іске қосқан. «Армантау» мәдени серіктестігінің жетекшісі Марқаба Мәлікұлының айтуынша, алдағы уақытта да асық ату, хан дойбысы сияқты ұлттық ойындар үйірмелері балалар игілігіне ұсынылады. Қазірдің өзінде Ақсай-қазақ автономиялық ауданының балалары Шың­жаңда тоғызқұмалақтан өткізілген жарыстарда жетістікке жетіп үлгеріпті. 
Естеріңізге сала кетсек, ҚХР Ганьсу провинциясының Ақсай-қазақ автоно­миялық уезінде 3 мыңдай қазақ тұрады. 
Ал миллионнан астам қазақ қоныстанған Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданында Қытай-қазақ қолөнер шеберлері орталығы ашылды.                    
Сал­танатты рәсімде Қытай фольклор­шылар қоғамының төрағасының орынбаса­ры, автономиялы райондық әдебиет-көр­кемөнершілер бірлестігінің төрағасының орынбасары, ­ автономиялы райондық фольклоршылар қоғамының төрағасы Машиұң Фу құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті биліктің арнайы қарарын оқыған. Орталық қызметкерлері қолөнер бұйымдарын шы­ғарумен айналысады.
6. Бейжің ұлттар университетінің ғалымы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының жинақтауымен Қытай мұрағатында сақталған қазақ хандарының хаты жарыққа шықты. Кітапта қазақ хандары мен сұлтандарына қатысты табылған 154 құжаттың 67-сі жарияланған. Оқырман қолына тиген топтама төте жазумен басылған, алдағы уақытта кирилл қарпіне аудару жоспарда бар. baq.kz  мә­ліметінше, құжаттардың дені 1757 жылдан бастау алады, бұл Чиң патшалығы тұсында қазақтармен қарым-қатынас орнаған кезең. Көпшілігі Уәли мен Ханқожа хандарға қатысты. Ал алғашқы хаттар Абылай хан мен Әбілпейіс сұлтанның арасында жолданған. Бейжің Орталық ұлттар университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Оң қанат, сол қанат, батыс қанат құжаттары деп қарастырдық. Сол қанат – Абылай және ол билеген қазақтар жазған дүние, оң қанат деп отырғанымыз Әбілпейіс және оның ұрпақтары жазған, енді батыс қанат дегенде бұл, негізінен, Әбілқайырдың баласы Нұрәлі. Нұрәлі өз өмірінде осы шығысқа Чиң патшалығына екі рет елші жіберген. Бірі – 1763, енді бірі – 1783 жылы. Қазір біздің қолымызда бары – 1783 жылы жазылған екі хат. Бірі Іле генералына, енді бірі патшаға арнап жазылған» дейді автор. 
7. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Франция мемлекетінде қазақтың ұлттық тағамдары үлестірілді. 
Париж қаласында өткен шараға  Фран­ция­дағы Қазақстан елшілігі, қазақ диаспорасы мен Қазақстан достарының жастар альянсы өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шарада киіз үй элементтері пайдаланылған шатыр тігіліп, ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, музыкалық аспаптар, туристік буклеттер, кітаптар және фотоальбомдар қойылып, қазақстандық музейлердің көркемөнер картиналары арқылы безендірілді. Мереке қонақтары ұлттық тағамнан дәм татып, қазақ дастарқанындағы әралуандылықты атап өтті.
Қазақстандық дипломаттар шараға қатысушыларға Қазақстанның 25 жылда жеткізген жетістіктері, елдің мәдени келбеті, сонымен қатар алдағы уақытта болатын  «ЭКСПО – 2017» халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі жайында баян­дады. Соңынан студент қазақ жастары мен диаспора өкілдері қазақтың ұлттық биін биледі.
 

Әмірлан МӘУЛЕН