Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Қашаған» коммерциялық деңгейге шықты

«Қашаған» коммерциялық деңгейге шықты

Айқын-ақпарат
722
«Қашаған» коммерциялық деңгейге шықты «Қашаған» қайтадан өз қуатымен жұмыс істей бастады.

 Мәжілістегі «Үкімет сағаты» аясында депутаттар алдында есеп берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаһандық «супергигант» болып табылатын осы кен орында жуырда басталған мұнай өндірісінің көлемі ендігі коммерциялық деңгейге жеткендігін жариялады. 

Үш аптадай бұрын, 2016 жылғы 28 қыркүйекте «Қашағанда» «қара алтын» өндірісі қайта жанданған болатын. 14 қазанда «ҚазТрансОйл» және «Каспий тұрба-құбыр консорциумы» (КТК) құбырларына тауарлы мұнайдың алғашқы партиясы құйылыпты. Сонымен бірге, «Интергаз Орталық Азия» газ құбыры жүйесіне осы кен орнынан тауарлық «көгілдір отын» ағындай бастаған. 
– Ағымдағы жылғы 1 қараша күні «Қашаған» жобасы коммерциялық өндіріс деңгейіне шықты, яғни, өндіріс көлемі тәулігіне 75 мың баррельден асты. Бірақ коммерциялық өндірістің басталғаны туралы тиісті растау оператормен арада 17 қарашада келісілді, – деді министр Қ.Бозымбаев.
Энергетика министрі жыл соңына дейін «Қашағаннан» 1,1 миллион тоннадан астам мұнай алынады деп күтіліп отырғанын хабарлады. Қазірдің өзінде, 19 қарашадағы жағдай бойынша инвесторлар жер қойнауынан 150 мың тоннадан артық «қара алтын» алып үлгеріпті. Ал алдағы жылы аталған алып кен орнынан 4-8 миллион тонна мұнай өндіру көзделуде екен. Қалған екі әлемдік «супер­гигант» жайына тоқталсақ, министрдің дерегінше, «Теңіз» кен орнынан биылғы жыл қорытындысында барлығы 26,5 миллион тонна, ал «Қарашығанақтан» 11,6 миллион тонна мұнай шығару жоспарлануда. Яғни, Қазақстан ОПЕК елдері сияқты мұнай өндірісін шектемейді, қайта өрістете бермек.  
Бір қынжылтатыны сол, қазақ жерінің қойнауындағы «қара алтын» қанша көп шығарылса да, еліміздегі жанар-жағармай бағасы қымбаттамаса, арзандар емес. Осыған қатысты депутаттардың сұрағына жауап берген министр Қ.Бозымбаев тек жұбату айтты. Қазіргі кезде бензин мен дизель бағасын реттеуден Үкімет бас тартуда, ал егер олардың бағасы көтерілсе, министрлік тек түсініктеме береді. Мәселен, өткен аптада «темір тұлпарлардың» «азық-жемі» Астананың біраз жерінде мүлдем таусылып қалып, ал барының бағасы күрт қымбаттады. Бұған 40 градусқа дейін барған үскірік аяз себеп болыпты: осының нәтижесінде сұраныс күрт өскен.
Елордадағы автокөлік иелерінің дабылының дүмпуі қатты болғаны сонша, Қанат Бозымбаев астаналық жанар-жағармай стансаларын аралап шығыпты.
– Әлеуметтік желілер арқылы «Қаз­МұнайГаздың» ЖҚС-ларында сенбіде АИ-92 маркалы бензинді тек талон бойынша ғана сатып жатқаны туралы білдім. Кеше мен көлігіммен сол ЖҚС-ларды араладым, жағдай қалыпқа келіпті. Кеше термометрлер -32 градусты, сенбіде -25, -27 градусты көрсетті. Аязға байланысты бензинге деген сұраныс 2,5 есе артты. «ҚазМұнайГаз» басқа күндері АИ-92 бензинін 100 тонна көлемінде сатып жүрсе, осы сенбіде 220 тоннасын бір-ақ сатқан. ҚМГ бұған уақытынан бұрын дайындалуы керек еді. Бірақ Астанадағы АИ-92 тапшылығы жаһандық емес, ағымдағы сипатта ғана болды. Демек, бұған алаңдаудың қажеті жоқ, – деп басу айтты            Қ.Бозымбаев.      
Министрдің сендіруінше, Астанада жанар-жағармайдың қазір жеткілікті қоры бар. Ол «бензин бағасы елордада қымбаттады» деген хабарларға сенбестік білдірді: «Мен оның бағасы күрт өсті дегенге сенбеймін. Қараша айында АИ-92 бензинінің 1 литрінің бағасы 127 теңгені құрады. Қазір 130 теңге тұрады. Кейбір ұсақ ЖҚС-ларда баға 135 теңгеге дейін барады. Әрине, баға бұрынғы деңгейде қалады демейміз. Өйткені біз нарықтық экономикалық жағдайларда өмір сүрудеміз» деді бас энергетик.  
Қ.Бозымбаев депутаттарға мұнай өнімдері бойынша тәуелділік сақталып отырғанын хабарлады: «Бензин, бойынша импортқа тәуелділік 30%-ды, дизельді отын бойынша  15-20%-ды, авиациялық отын бойынша 70%-ды құрайды. Сондықтан ресейлік бағалар ішкі нарығымызға ықпал етеді. Ресей жіберетін мұнай өнімдерінің құны 10-15 жыл бойы бір тоннасы үшін 360 доллар болса, қазір ол 415 долларға дейін көтерілді. Әрі ол тағы қымбат­тайды деп күтіліп отыр» деді Қанат Бозымбаев. 
Тиісінше, оның айтуынша, егер ресейлік АИ-92 маркалы бензині ғана сатылса, оның бағасы 140 теңгеге жетеді. Бірақ бақытымызға орай, отандық бензин де бар, шамалы арзандап тұрғаны соның арқасы екен.