Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Тәуелсіздік пойызы»: Ақтөбеде әлеуметтік мәселелер шешімін тапты

«Тәуелсіздік пойызы»: Ақтөбеде әлеуметтік мәселелер шешімін тапты

Айқын-ақпарат
1061
«Тәуелсіздік пойызы»: Ақтөбеде әлеуметтік мәселелер шешімін тапты Ақтөбеге аялдаған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының арнайы мамандарына көп үміт артылды.

 «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға оралмандар мен жұмыссыздар, денсаулығы сыр беріп, ота жасаудың кезегіне тұра алмай жүрген науқастар келіп, көмек сұрады. Ұзын-сонар кезекке тұрып, әлеуметтік жағдайын айтқан ақтөбеліктерге кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ел ішін аралап, халықпен емен-жарқын тіл­де­сіп, олардың түйткілді мәселелерін тыңдап жүрген топ Ақтөбеде өнімді жұмыс істеді. «Нұр Отан» партиясының облыстық фи­лиа­л­ында қоғамдық қабылдау өтті. Алдын ала мол мағлұмат алып, мамандарға үміт арт­қан ақтөбеліктер жұмысқа орналасу, орал­ман куәлігін алып, жеке куәлікке қол жет­кізу, медициналық кеңес алу мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мәселелері жай­лы сұрақтарымен келді. 
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мар­шруты бойынша 35 станса белгіленген екен. Оның 33 стансасында партия фи­лиалдарының қоғамдық қабылдауы өт­кі­зі­ліп жатыр. Мұнда кез келген азамат келіп, же­ке мәселелерін айта алды. Пойызда Мә­жі­ліс депутаттары, Қазақстан халқы ас­сам­блеясының өкілдері бар. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы бұл шараны про­кура­тура, жергілікті басқарма басшыларының қатысуы­мен қабылдау өткізді. Қабылдауға 40-қа жуық адам келді. Ең түйткілді мәселе – жер, үй алу, жұмысқа орналасу. Көп мә­селе қабылдау кезінде шешімін тауып жа­тыр. Ал сот органдары араласатын сұрақ бол­са, құқықтық кеңес берілді» деді «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесі меңгерушісінің орын­басары Арыстанғали Сансызбаев. 
Қоғамдық қабылдауда тарихи отанға ора­лып, азаматтық ала алмай жүрген қан­дастар мен әскерге кетіп, жұмыс орнын сақ­тай алмаған жастар жайы сөз етілді. Мә­селен, қала тұрғыны Игілік Оралов 56 жа­сында жұмыссыз жүр. Тас қалаушы, жүр­гізуш­і мамандықтарын меңгерген ол соңғы жыл­дары күзетші болып та еңбек етті. Еңбекақысы уақытылы төленбей, тапқан та­бысы жол шығынынан ауыспай, соңғы бес жылда үйінде отыр. Республикалық «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының же­текшісі Әміржан Әлпейісов алдына кел­ген азаматтарға нақты жауабын айтып, жер­гілікті басшыларға бірқатар тапсырма бер­ді. Енді Ақтөбе қалалық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бір апта ішінде қажетті жұмыс орнын ұсынбақ. «Екі мәселе де шешімін табады. Келініңіз 2003 жылы Ақтөбеге қоныс аударып, қазір уа­қытша куәлікпен жүр екен. Көші-қон по­лициясы қарап, бір апта ішінде қажетті жауабын береді. Сіз зейнет жасына жа­қындап қалдыңыз, сондықтан жұмыс істе­ген абзал. Жергілікті мамандар тіркеуге ал­ды, жұмыс ұсынады» деді Әміржан Әл­пейісов. 
Қоғамдық қабылдауға келген Хромтау ау­данының тұрғыны Жансерік Рахимов әс­керге кетпес бұрын темір жол саласында жұ­мыс істеген екен. Отан алдындағы боры­шын өтеп келген ол бар қызметінен айы­ры­лып, екі қолға бір күрек таппай қалды. «Нұр Отан» партиясы республикалық қо­ғам­дық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орын­басары Арыстанғали Сансызбаевтың ай­туынша, 23 жастағы теміржолшының бар мә­селесі шешіліп, ол бірер күнде жұмысына қай­та кірісетін болды. 
Қоғамдық қабылдауға медициналық кө­мек сұраған ақтөбеліктер де келді. Қала­да­ғы емханаларда қабылдау жүргізіп жатқан ас­таналық мамандар қажетті көмек көр­сетіп, ем-дом алу шараларын түсіндірді.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,
Ақтөбе облысы