Негізгі бет  /  мақалалар  /  АЛТЫ РЕТ ҚАЙТА САЛЫНҒАН КЕСЕНЕ

АЛТЫ РЕТ ҚАЙТА САЛЫНҒАН КЕСЕНЕ

Төреғали ТӘШЕНОВ
1289
АЛТЫ РЕТ ҚАЙТА САЛЫНҒАН КЕСЕНЕ Осыдан екі жыл бұрын Баба Түкті Шашты Әзиздің сағанасына бардым. Сағана ішіндегі атбесіктің төбесінде бұрын кесекті жарып шыққан көк шөп өсіп тұратын.

Бұл Шашты Әзиздің арқасында жалы болған деген аңызды еске түсіретін. Осы көк жоқ болыпты. Шырақшыдан сұрасам, әлгі шөптен бертінде бір әйел тәбәрік деп қырқып алып, артынша жынданып кетіпті. Әулиенің жыланы да көрінбей кетті дейді шырақшы.

Әулие сағанасы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Құмкент ауылының маңында буы бұрқырап жатқан «Жылыбұлақ» атты қайнардың жағасында тұр. Бұл арықты Баба өз қолымен, қара кетпенмен қазған екен деген де аңыз бар.

«Алпамыс батыр» жырындағы жалғыз ұлға зар болған Байбөрі мен Аналықтың түнейтін орны – осы Шашты Әзиздің жерленген жері. Басындағы ақ шеңгел етектеріне жабысып жүргізбеген деседі. Сөйтіп, Шашты Әзиздің басына кесенені тұңғыш рет осы Байбөрі мен Аналық тұрғызған екен.

Баба Түкті Шашты Әзиздің басына екінші рет кесене тұрғызған адам – Алтын Орданың атақты әмірі Едіге би делінеді. Мұнан кейін 1753-1755 жылдары оның басына қайта ғимарат көтеріледі. 1925 жылы бұл ескі мазар да бұзылып, ол сол жылы қайта түзетіледі. 1942 жылы партияның қызыл белсенділері кесенені талқандап, қыштарын әкетіп монша соққан. Елдің айтуынша, моншаға бірінші болып түскендер мен кесенені бұзушылар шетінен мүгедек болып, бірнешеуі кенеттен көз жұмған көрінеді. Мұнан кейін кесененің қайта қалпына келтірілуі 1962-1970 жылдары болған. Көз көргендердің айтуынша, сол кезде сағана күмбезінің өзі қырық екі жерден тесік екен. Себебі 1932 жылғы ашаршылықта аш адамдар әулиенің бұлағынан балық ұстап, сағананың ішінде от жағып, пісіріп жеу үшін, түтін шықпаған соң айналдыра желдің ық жағынан таспен ұрып тесе берген. Әулие мазары 1996 жылы шымкенттік С.Сейітжанов дейтін кәсіпкердің қаржылай демеуімен жаңаланып, қайта салынды және біткесін республика көлемінде ас берілді. (Бір айта кетер жай, осыған дейін әулие сағанасы ішіндегі атбесіктің төбесінде кесекті жарып шыққан көк шөп кесенені қайта бұзып салғаннан кейін қурап, жоқ болған. Әулиенің жыланы да көрінбей кеткен). Ал 2006 жылы созақтық жеке кәсіпкердің күшімен әулие басына жаңадан сәулетті мазар тұрғызылды. Осылайша әулиенің кесенесі алты рет қайта тұрғызылған.