Негізгі бет  /  мақалалар  /  Желі «жендетке» айналғаны ма?

Желі «жендетке» айналғаны ма?

Жолдасбек Дуанабай
1101
Желі «жендетке» айналғаны ма? Ғалымдар әлеуметтік желіге бір апта кірмеу адамдарды бақытты ете түсетіндігін мәлімдеді. Осыған сенесіз бе?

Данияда мамандар құрамында 1095 адам бар еріктілер тобын құрып, олардан бір апта бойы әлеуметтік желілерге кірмеуді өтінген. Белгіленген мерзім аяқталған соң сұрастырғанда, әлгі адамдар өздерін бақытты сезіне түскендерін айтқан.
Копенгаген университетінің ғалымдары сонымен қатар әлеуметтік желіге күнделікті кіретін екінші топтың мүшелерін де қадағалаған. Шын мәнінде әлеуметтік желісіз өмір сүре алмайтындар көбейген. Бірінші топтағы 300-дей адамның сынақтан бас тартып, әлеуметтік желідегі парақшасына қайта кіргені осыған дәлел. Соған қарамастан уақытша болса да интернеттен бас тартқандардың көпшілігі миларының дем алып, жақсы тыныққандарын мойындаған. Осы бос уақытты тиімді пайдаланған азаматтар таза ауа жұтып, бой сергітіп, көпшілігі үйде жұғымды ас әзірлеп шаңырақтың берекесін кіргізген. Мұның өзі бақытты өмірдің бір бөлшегі.
Ал, күнде пайдасыз нәрселерге үйірсектеп, әлдекімдердің жазған пікірлеріне ашуланып жүйкені тоздыру кімге керек? Одан да тыныш тіршілік жасап, өз жұмысыңды ғана білгенге ештеңе жетпейді екен.