Негізгі бет  /  мақалалар  /  Астанада Тәуелсіздікті арқау еткен жыр сайысы өтеді

Астанада Тәуелсіздікті арқау еткен жыр сайысы өтеді

Айқын-ақпарат
927
Астанада Тәуелсіздікті арқау еткен жыр сайысы өтеді Бүгін Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Мәңгілік ел – мұратым» жас ақындар мүшәйрасын өткізеді.

Мүшәйраның мақсаты –Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің маңыздылығын жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы оларды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу. Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең құдыреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Бабаға тағзым ету арқылы өскелең ұрпаққа тағылым, өнеге көрсету.

Мүшәйра шарты бойынша 16-30 жас аралығындағы ақындар қатысады. Кеш барысында алдын-ала іріктелген жас ақындар Тәуелсіздікке арналған және еркін тақырыптағы туындыларын оқиды. Дәстүрлі әндер шырқалып, эстрада әуендері айтылады, қазақ күйлері шертіледі.

Мүшәйра кешін белгілі ақын Қалқаман Сарин жүргізеді. Сонымен қатар, мүшәйра қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен дипломдар тапсырылады.

Жыр додасына айтыскер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай, ақын, Президент степендиясының иегері, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты, Асылзат Арыстанбек, Қазақ және шығыс әдебиеттану ғылымдарының салыстырмалы практикалық негізін қалыптастырушысы Ілияс Рысбекұлы қазылық етеді.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, жастар және т.б. қатысады деп күтілуде. Жыр сайысы Астанадағы «Тілеп» қобыз сарайында (Керей, Жәнібек хандар көшесі, 18) өтеді.