Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЖИТС-ке қарсы науқан

ЖИТС-ке қарсы науқан

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА
1287
ЖИТС-ке қарсы науқан Елімізде жыл сайын 10 қарашадан бастап 10 желтоқсан аралығында Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған компания өтеді.

 Бұл дәстүр 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні «Мен #АИТВ профилактикасын қолдаймын!» ұранымен жалғасады.

1998 жылы ДДҰ алғаш рет Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін жариялады. Бұл күні халық індетке шалдыққан адам­дарға ниеттестік білдіріп, әлем бойынша АИТВ-инфекциясына (Адамның иммун­дық тапшылық вирусы) қарсы күш бірік­тірмек. Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша 78 миллион адам АИТВ-инфекциямен өмір сүруде. Өкінішке қарай, соңғы кездері жаңадан пайда болған АИТВ-инфекциясы азаймай отыр. Жыл сайын 2 миллионға жуық адам инфекция жұқтырады. Ал Қа­зақстанда бүгін 26 мыңнан аса адам тір­кеуде тұр екен. Індет 30-дан 39 жасқа дейін­гілер арасында жиі кездеседі. Негізгі та­ралу жолдары — жыныстық қатынас, инъекциялық есірткілерді пайдалану, яғни қан арқылы әрі анадан балаға жұғады.
Бір айлық науқан барысында тұрғындар арасындағы АИТВ-инфекциясының ал­дын алу шаралары жүргізілмек. Меди­ци­налық мекемелерде ашық есік күндері өт­кізіліп,психолог, нарколог, венеролог мамандар кеңес береді.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық «Мен #АИТВ профилактикасын қолдай­мын!» жобасы арқылы АИТВ/ЖИТС-ке және онымен өмір сүретіндерді кемсітуге жол бермеуге шақырады. Бұл мақсатта алақанға «Мен АИТВ-ның алдын алуды қолдаймын; кемсітушілікке жол жоқ; вируссыз болашақ; зиянды азайту» сияқты қысқаша жазу жазып, суретке түсіп, өз пі­кіріңді білдіруің керек. «Жобаға қатысу­шылар Facebook-тағы ЮНЭЙДС парақ­шасында өз фотоларын жүктеп, суретін қалдыра алады. Солардың ішінен таңдал­ғандар белгілі Виктория Бекхем, Вера Брежнева сынды БҰҰ-ның ЖИТС-ке (СПИД) қарсы ерікті елшілерімен кез­дес­пек» дейді Қазақстандағы ЮНЭЙДС (БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі бірік­кен бағдарламасы) кеңсе­сінің директоры Александр Голиусов. 
Былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы 2030 жылға дейін «Тұрақты даму мақсаттарын» белгілеген еді.Соның бірі: 2030 жылға қарай ЖИТС-пен қатар, әлеуметтік аурулар эпидемиясына нүкте қоюды діттеген. «Бұл мақсатқа қолжеткізу үшін ЮНЭЙДС-тің 90:90:90 стратегиясын жүзеге асыру қажет. Яғни, 2020жылға қарай, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 90% өздерінің АИТВ-ахуалдарын білетін болады, диагноз қойылған барлық 90% емделушіге вирусқа қарсы терапия (АРТ-интиретровирусты терапия) жасалатын болады,терапия қабылдайтын барлық 90% емделуші вирустық ауыртпалықтың азаюына қол жеткізеді. Инфекцияның ал­дын алу, диагностикалау және емдеу мем­лекеттік саясаттың АИТВ/ЖИТС мәселе­лері жөніндегі басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Елімізде індетті тиімді бақылау үшін және тұрғындардың денсау­лығының қауіп төндіруші ретінде АИТВ-инфекциясы індетінің өсу қарқынын айтарлықтай бәсеңдету үшін қажетті потенциал бар», дейді Республикалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы кү­рес орталығы бас директорының орын­басары Ирина Петренко.

Қосымша мәлімет:

АИТВ-инфекциясының ақыры ЖИТС-ке (жүре пайда болатын иммундық тапшылық) алып келмек. Жалпы, бұл екі індет атауы XX ғасырдың 80-жылдарының басында ғана белгілі бола бастаған. Бірақ кейбір ғалымдар АИТВ вирусы адамға маймылдардан шамамен 1926 жылы жұққан деп санайды. Зерттеулер бойынша ол Батыс Африкадан жеткен. Мамандардың айтуына қарағанда, АИТВ-инфекциясының алғашқы белгілері мен қарапайым суық тиюді шатастырып алу оңай. ЖИТС айықпас дерт саналады, себебі одан емделіп шығатын дәрі әлі табылмай отыр. Алайда одан қорғануға болады.