Негізгі бет  /  мақалалар  /  Туберкулез алғашқы сатысында емделмек

Туберкулез алғашқы сатысында емделмек

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА
935
Туберкулез алғашқы сатысында емделмек Қазіргі таңда аурудың алдын алудың басты тетігі – медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) болып отырғаны рас.

Осы тұрғыда туберкулезбен күресу үшін де 2016-2025 жылдарға арналған туберкулезді интеграцияланған бақылау моделі енгізіліп, халықаралық тәжірибеге сай, аурудың алдын алу мақсатында стационардан амбулаторлық емге басымдық берілуде. Мәселен, бүгінгі таңда еліміздің 16 аймағында Туберкулезге қарсы қызмет көрсету мекемелеріндегі Туберкулез кабинеттері медициналық алғашқы санитарлық көмек (МСАК) желілері құзырына өтсе, 13 облыста Өңірлік туберкулезге қарсы ұйымдар облыстық дәрежедегі бір заңдық мекемеге біріктірілген.

Қазір ауруды алғашқы саты­сында анықтау, медициналық кө­мек көрсету сабақтастығын қам­тамасыз ету, яғни МСАК бойын­ша қызметтердің интегра­циялану (біріктірілуі) жұмыстары жолға қойылып отыр. «Денсаулық 2016-2019» мемлекеттік бағдар­ламасының діттегені де сол. Се­бебі, сол кезде аурудың алдын алуға мүмкіндік туып, қаражат үнем­делмек. Бағдарламада «ха­лықтың мұқтаждығына бағыт­талған, интеграцияланған ден­сау­лық сақтау жүйесінің негізінде медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін, тұтастығы мен са­пасын қамтамасыз ету қажет­тігі» тайға таңба басқандай жа­зылған. 
Ендеше, құрт ауруының құр­баны боп жүргендердің қатарын азайту, ауруды МСАК деңгейінде интеграциялық бақылау қызмет­тері қалай жүзеге аспақ? 
Сала мамандардың айтуынша, медициналық қызметтерді бі­ріктіре отырып, бақылау жүргізу туберкулезді алғашқы сатысында анықтауға септігін тигізбек және ол стационардан түбегейлі амбулатор­лық емге көшуді білдір­мейді. Науқастар аурудың түріне қарай жіктелмек. 
Стационар – төсек орындары бар тұрақты емдеу мекемесі, Амбулатория – науқас адам келіп-кетіп емделетін және үйден дәрі­герлік көмек көрсететін мекеме.
Мәселен, бактерияны қақы­рықпен бірге сыртқа шығаратын, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындар міндетті түрде ста­ционарда емделіп, тек жұқпалы емес түріне айналған соң ғана амбулаторлық деңгейдегі емге ауыстырылмақ. Айта кету керек, уақытылы диагностика мен дұрыс емдеу шаралары жүргізілген жағ­дайда, 2 аптадан кейін науқастың ауруы жұқпалы емес түріне айна­лады және ол өз емханасында амбулаторлық ем алуды жалғас­тыра алады. Себебі, ауруханада, яки стационарда науқастың «туберкулездің дәріге сезім­талдығы жойылған» түріне шал­дығуына қауіп жоғары. Сон­дықтан Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының басшысы Жұмағали Исмаилов Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы­­ның негізгі стратегиясына сәйкес, эпидемияға қарсы механизм ретінде амбулаторлық жүйені кеңінен енгізу қажеттілігі туып отырғанын жеткізді. «Жалпы, туберкулезді бақылау функциясы бұған дейін Мамандандырылған медициналық ұйымдардың – Туберкулез диспансерінің мін­детіне кіретін. Қазір амбулаторлық деңгейде қызмет көрсететін дис­пан­серлік бөлім жұмысын МСАК-пен үйлестіріп жатыр. Сол арқылы ауруды ерте кезеңінде анықтауға ден қойылуда. МСАК туберкулездің алдын алу, оны ерте анықтау, бақылау сапасын жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді» дейді ол. Бұл тәжірибе дамыған елдерінде қолданылады екен. Туберкулезге қарсы қызмет көрсету құрылымы Кеңес одағы елдері мен Қытайда ғана сақтал­ған. Ал бүкіл әлемде туберкулезге қарсы күрес МСАК-та жүргізіледі. Бұл тұрғысында бір жарым ай бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова: «Біз әлі күнге дейін Туберкулез диспансерлердің ішін­дегі емхана стационарларын сақтап келеміз. Ал қазір дүниежү­зіндегі ғалымдар туберкулездің алдын алу үшін оны ерте кезеңде анықтап, амбулаториялық емха­нада емдеу мәселесін қарастыру қажеттігін айтуда. Яғни, ауруды асқынып кеткенге дейін жеткізбеу керек. «Денсаулық – 2016-2019» бағ­дар­ламасы бойынша қазір туберкулезге біріктірілген ба­қылау жүргізу жұмыстары жүруде. Мә­селен, ауыл емханаларының 88 пайызы, 26 пайыз қалалық ем­ха­налар Туберкулез диспан­серінің ішіндегі емханалармен бірікті­рілді. Соның нәтижесінде 1200 тө­сек қысқартылды» деген болатын.
«Денсаулық» бағдарламасында «2014 жылдан бастап амбулато­рия­лық-емханалық буынды ке­зең-кезеңімен күшейту басталып, МСАК-ке берілетін қаржы қара­жатының көлемі 17%-дан 26%-ға дейін үлкейді» делінген.
ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қортуберкулезбен күресу үшін Қазақстанға үш жыл­ға (2016-18) 17,7 миллион доллар бөлетінін жеткізген еді. Негізі індетпен күресу жұмыстарына республикалық бюджеттен 48 миллиард теңге қаралса, жергі­лікті бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлінеді. Жалпы алғанда, мемлекет қазынасынан 70 мил­лиард теңге қаржы жұмсалады.

PS:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде 8,5 миллионға жуық адам туберкулезбен ауырады. 
ДДҰ-ның Орталық Азия аймағындағы 2016-2035 жылдарға арналған «EndTB» Стратегиясы Туберкулез салдарынан болатын өлім-жітімді 2015 жылмен салыстырғанда 95 пайызға және аурушаңдықты 90 пайызға азайту мақсатын қойып отыр. Ал «2016-2025 жылдарға арналған мемлекеттік туберкулезді интеграцияланған бақылау моделі» нәтижесінде биыл аурушаңдық 7 пайызға, өлім-жітім саны 8 пайызға азайған болса, балалар арасындағы аурушаңдық 15 пайызға төмендеген. Жалпы, елімізде 20 мыңға жуық адам туберкулезге шалдыққан. Жыл сайын 10 мыңға жуық туберкулез тіркеледі. Науқастар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.