Басты  /  мақалалар  /  ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Айқын-ақпарат
2330
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде ұрпақ тәрбиесі хақында: «Адамгершілік қасиеттерді әуелі бойымызға жинақтап, содан соң сол имани қасиеттерді періште пейіл перзенттеріміздің санасына сіңіруге тиіспіз.

Сонда ғана жас жеткіншек қайсыбір қарабайыр қателіктерден ада болып, қатыгездіктен алыс жүрер еді. Тек сондай ұрпақ қана обал мен сауапты санасында салмақтай алмақ. Жаратушы ақыл мен парасаттан айырмасын. Сонда ғана досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз» деп жазады. Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміз − ұрпақ тәрбиесі.

Белгілі жазушы Әбен Нұр­мановтың «Өрік ағаш пен әйел» повесінің кейіпкерлері – қа­рапайым ауыл тұрғындары. Автор адами қасиеттерін бойына жи­наған қарт ана мен өрік ағашы екеуінің арасындағы ой тол­ғанысы арқылы адамның рухани жан дүниесінің тазалығын, адам­гершілік көзқарасын баяндайды. Жазушының өрік ағашының монологы арқылы кешегі ана мен бүгінгі әйел тағдырын салыс­тыруы, әке беделі және салт-дәстүрді қадірлеу қағидаларын мәселе етіп көтергені көңілге аса қонымды. Терең ойлы филосо­фиялық ұғыммен жазылған бұл еңбектің маңызы оқырмандар тарапынан жоғары бағалануда. Түркістан театрындағы қойылым да көрерменді бейжай қалдыр­мады. Қасы қарлығаштай қиыл­ған, пісте мұрын, үстінде камзол, етек-жеңі кең, әдемі көйлек, басында ақ шәлі, аяғында мәсі Танакөз қандай әйел, қандай әже? Әнді әсем, нақышына келтіре орындайды. Батырлар жырын, ғашықтық дастандарды жатқа айтады. Үлкен кісінің алдын кес­пейді, кесе көлденең сөйлемейді, дарақы күлмейді, салмақты, сабырлы, талай қиналғандарға артығымен шапағат етіп отырады. Үйде ұйытқы болып, барлық жанды ұйымдастыра білді, иман­ды, парасатты, жамандыққа ер­мейді. Ізетті, мейірімді небір қилы тағдырлар өтсе де, тәубаға келіп, шүкіршілік жасап отыра­тын, адамгершіліктен аттамай­тын. Бас рөлді сомдаған кейіпкер Танакөзді автор осылай сипат­тайды. Негізгі кейіпкердің бей­несі арқылы қоғамның бірқатар проблемалары көтеріледі. Көркем шығармада «Өмірге баланы әкеліп қою ғана парыз емес, ана­лық және ұстаздық парызды ұмытпау керек. Осы ел өзіне-өзі жақсылық тілеуге келгенде сараң, не істесе де, қандай әрекет етсе де, жақсылыққа балап отыруы қажет. Ар және жан тазалығын қатар қоймақ түгілі, жетім балалар мен қарттар үйі, түрме қатарының көбеюі, мола салуда жарысуы, кө­шеде қыз-келіншектердің зина­қор­лықты әдетке айналдыруы, мерез ауруын емдейтін орталық­тардың салынуы – қоғамның ащы дерті екені шындық, бәріне кім кінәлі? Адам баласының алдында тұрған ізгі қасиеті – қайырым­дылық, мейірімділік. Ата-анаға не істесең сол қайтады. Әкесін сый­ламағанды баласы сыйламайды. Бұрынғы кезеңде қазақ халқының өмірінде болмаған ауыр жайттар жаныңа батады. Біраз адам иманнан адасып қалған сияқты» делінеді. Ал кәрі өрік ағашы Танакөздің нағыз серігі, сырласы. Бұл алып ағаш та замана жайлы ой толғайды. «Адамның тәубаға келуі, иман келтіруі, жақсы іс істеуі тек Алладан. Жаратушыны мадақтап, үнемі шүкіршілік ету арқылы алға қойған мақсатқа адал жетуге» үндейді. «Білім жолында ізденген адамдар ғана өмірде кезіккен түрлі қиындық­тарды жеңіп, алға қойған мақ­сатына жетеді. Ал нәпсі жетегіне еріп, пенделікке ұрынып жүр­гендер қаншама? Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тер­бетер әйел бүгінгі таңда гендерлік теңдікті бетке алып, отбасын екінші орынға ысырып, билікке ұмтылуда. Салдарынан ұрпақ пен бала тәрбиесі қалып барады. Болашақтың кілті – ақжаулықты аналардың тәрбиесіне тәуелді емес пе? Барды мол ететін, жоқтан бар жасайтын әйел. Ендеше, қо­ғамның кілті, қоғамның аманаты, арқалайтын жүгі – сіздерде әйел­дер қауымы» деп түйіндейді.
Бұдан бөлек, ұрпақ тәрбиесі мәселесі Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің ұйымдастырған «Бейбітшілік әлемі» конференциясында тал­қы­ланды. Шара барысында «Әлемдегі барша жақсылықты іздеу парыз. Білімді болуға ұмтылу, бұл фәнидің дүниесіне құмар болмау сынды адами қағидаларды жас ұрпақ бойына сіңіре отырып, адамгершілік құндылықтар мен имани қасиет­терді ерте дарытса келешек жас­тар­дың жақсы азамат болып қалыптасатыны белгілі» делінді. 
Сонымен қатар Түркістанда өткен Қазақ елі тұтастығының негізін қалаған Абылай ханның 300 жылдығына арналған мере­келік «Өшпес Рух» халықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренцияда жастар тәрбиесіндегі тарихи білімге назар аудару керектігі айтылды. Туған жері мен халқының тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін еместігі де көтерілді. Нағыз патриот, ғұлама саясаткер Абылай ханның ұлан-байтақ жерімізді жауға талатпай, үш жүздің басын біріктіріп, Қазақ мемлекетін күшейткені бүгінгі ұрпаққа үлгі. Абылай іс жүзінде елдің тәуел­сіздігін сақтап қала алды. Осынау кең байтақ Ұлы Дала халқының өшпес ерлігі, ұлы хандары, кемең­гер билері, жаужүрек батырлары, күйшілері, сал-серілерінің жанкешті ерліктерінің арқасында еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. «Мәңгілік Ел» идеясы аясындағы ұлттық мүдде – қазақ жерін сақтап қалу, бабалар аманатын келер ұрпаққа табыс ету. Бұл конференция талай жасөспірім­нің, тіпті ата-аналардың өзеліне деген мақтаныш сезімін оятты деуге болады.
Сондай-ақ ақиық ақын Мұ­қағали Мақатаевтың 85 жыл­дығына арналған «Ең бірінші бақытым – халқым менің» және «Мұқағали мұралары» конферен­циялары өтті. Республика көле­мінде өткізілген маңызды шара жас буынның поэзияға деген қызығушылығын, құрметін арт­тырып, өскелең ұрпақты тәр­биелеуге бағытталды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 жел­тоқсанда атты. «Осы кезең ішінде не тындырдық? 25 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай?» дейді. Расында, биыл – ел егемендігін алған 25 жылда жеткен жетістік­теріне баға берер кезең. Осы мақсатта жыл басында «Тәуелсіз­­дік – тірегім, теберігім» атты ке­зекті ха­лықаралық ғылыми-практи­калық конференцияны өтті. Рес­публиканың барлық аймағынан келген оқушылар мен ұстаздар өз еңбектерін, ғылыми жобаларын 2016 жылғы атаулы даталармен байланыстырып қорғауы, соңғы білім саласындағы жаңа техноло­гияларды қолдану әдістерімен бөлісуі өте құптарлық жайт. Ал­матының 1000 жылдығы, Алаш көсемі, қоғам және мем­лекет қайраткері, халқымыздың ардақ­ты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп отыр­ғанына байланысты тың ойлары­мен таныстық. Халыққа білім нұрын шашқан, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығын да ұмытпаған. Ыбырай Алтынсарин­нің «Ерікті еңбек адамның өмір сүруі үшін ерекше маңызды рөл атқарады. Еңбексіз адам өзінің барлық адамдық қасиеті мен барлық құнынан айырылады. Еңбек адамның жетілуі үшін керекті жағдайды жасап қана қоймай, сонымен бірге адамның ар-ұятын өз дәрежесінде сақтап тұруға да көмектеседі. Адам өзінің жеке еңбегінсіз бір адым ілгері баса алмайды, қайта кері кетеді» деген қағидасы бүгінде аса маңызды.
Сонымен қатар биыл жыл ба­сынан бері Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толуына орай бірқатар іс шаралар өткізілді. 1991 жылы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарыш­кері, Кеңестер Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубә­кіровтің ерлігі туралы жобалар қорғалды. Семей сынақ аймағы­ның біржола жабылғанына 25 жыл толды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи жарлыққа қол қойды. Осы та­қырыпқа қалам тербеген ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­меновтың еңбегіне де оқушылар мен ұстаздардың қызығушылығы жоғары. 
Әбен Нұрманов жетпіске тарта шетел медальдарын иеленіп, Еуропа, Ресей, Орта Азия елдері академияларының академигі және қырыққа жуық елдердегі Жоғары оқу орындарының құрметті профессоры атануы – тынымсыз еңбегінің жемісті нәтижесі. А.Эйнштейн атындағы халықаралық энергетика акаде­миясы, М.Нострадамус атындағы халықаралық тылсым сырлар академиясы және Ресей Феде­рациясының педагогика және психология академияларының академигі. Автордың «Балдәурен өмірдің шырыны», «Ғұмырнама», «Сен өз бақытыңды таптама», «Таңғы шық», «Жаратылыстану негіздері», «Жырла, жүрек», «Нафиса ханның рухани кере­меттері», «Сағыныш», «Ода обманчивой жизни», «Ақын­дығым, аяулым да азабым», «Өрік ағаш пен әйел», «Охо, дүние-ай» деген кітаптарының қатарын енді 10 томдық «Шоқан сагасы» то­лықтырды.
БҰҰ Адам құқығы комитетінің кеңесшісі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығарма­шылық бірлестігінің президенті Әбен (Әбдіәлі) Нұрмановтың осындай үлкен іс-шараларды ұйымдастырудағы мақсаты айқын. Біріншіден, жасөспірім­дерді ғылыми және жобалау жұ­мыстарына бейімдеу, жетістік­терін қоғамға насихаттау мен жас­тардың патриоттық рухын ояту, бірлік пен ынтымақты сақ­тауға баулу. Ал екінші мақсаты – ұстаздардың кәсіптік білімі мен біліктілігін арттыру, жинақтаған озық тәжірибелерін, ғылыми жетістіктерін, өз мамандығын шексіз сүйетін, тұлғалық қасиет­терге бай педагогтарды қоғамға таныту.

Р.ТОЛЫҚБАЕВА
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы