Басты  /  мақалалар  /  Тәуелсіздікті аңсаған ақын

Тәуелсіздікті аңсаған ақын

Айқын-ақпарат
3632
Тәуелсіздікті аңсаған ақын Биыл дүбірлі оқиғаларға, Қазақ елінің тарихы үшін аса маңызды жаңалықтарға толы жыл болып отыр.

Олардың бәрін санамалап жатпай-ақ, бүгінгі және ертеңгі күніміз үшін ең қадірлісі әрі құндысы еліміз Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығы десек артық айт­қандық емес. Өйткені тәуелсіздік – өз ұлтымыз бен республикамызды ме­кендейтін басқа да халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің негізгі кепілі, алтын арқауы.
Ел тарихына зер сала қарасаңыз, халқымыз тәуелсіздік алғанға дейін қаншама қиын кезеңдерді, «Азулыға бар, азусызға тар» (Шортанбай ақын) азапты замандарды, тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешіргенінің куәсі боламыз. Тағдырдың мұндай тауқыметі ұлан-ғайыр қазақ даласының барлық аймақтарын шарпыды. 
Ұлы дала елінде, әсіресе, оңтүстік өлкеде, ел егемендігін аңсаған, сол жолда қанын да, жанын да қиған, бастарын бәйгеге тіккен халықтың күрескер батыр ұлдары мен от ауызды, орақ тілді ақындары, жыршы-жыраулары, қайсар қайраткерлері көп болған. Солардың ішінде есімі ерекше ілтипатпен аталатын, батырлығы мен ақындығын қатар алып жүрген Алты Алаштың ардағы, 1856 жылғы Оңтүстіктегі Ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі – ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы. Ол 1816 – 1888 жылдар аралығында өмір сүрген, Қоқан хандығы мен Ресей патша­лығының отаршылдық әрекеттеріне қарсы қол бастаған айтулы батыр, күрескер ақын.
Шындығында, әу баста 1812-14 жыл­дардан бастау алған, 1856-1864 жылдарда үдеп, 1916 жылдары қайта күшейген, көпшілігінің шығу себебі беймәлім, туу тарихы әлі белгісіз болып айтылмай келе жатқан халықтық көтерілістер, жеңіліс тапса да, екі ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып жатты. Тарихшы-ғалымдардың дерегіне қарағанда, тек Ресей билігінің өзіне қарсы болған осындай көтерілістердің, баскөтерулердің қазақ даласында ұзын саны – 300-ден астам көрінеді. 
Аталған көтерілістердің бәрі, негізінен, азаттық аңсаған ұлттың еркіндік, тәуелсіздік, дербестік жо­лындағы үздіксіз жалғасып отырған күресі еді. Сондай азаттық жолындағы арпалыстардың едәуір бөлігі Сыр бойы, Оңтүстік, Жетісу топырағында өтті. Мұнда Ақпан батыр, Жанқожа батыр, Мұсабек батыр, Молда Қошық датқа, Мәделі, Байзақ датқа, Шоқай датқа, Шойбек, Момынбек, Сыпатай, Саурық, Сұраншы, Тойшыбек, Ұзақ, Жәмеңке, Байсейіт және Сыздық, Рүстем сұлтан сынды ерлер ұлттың азаттығы мен халықтың еркіндігі жолындағы көтерілістердің бел ортасында жүрді. Сондықтан Мәделі ақын жайында айтқанда, оның туып-өскен, өмір сүрген кезеңі атыс-шабыспен, қуғын-сүргінмен, аттың жалы, түйенің қомында өткеніне ерекше назар аударған жөн. Мұнымен бірге, күрескер ақынның ғұмыр кешкен дәуірі халықтың бостан­дыққа зар болған алмағайып заманға сай келгенін де ескерген мақұл. Өйткені ол дәуірдегі батырларды да, ақындарды да, қайраткер-күрескерлерді де тарихи өмір сахнасына әкелген сол заманның шынайы шындығы болатын. Сол себепті, бұл дәуірдің өкілдерін ұлы Мұхаң (Әуезов) «Зар заман ақындары» деп атағаны бекер емес. «...Бұрын өз бетімен еркін жүрген елдің тіршілігі осы (ХІХ ғасырдың орта кезінен бергі – Б.С.) дәуірде қайғыны да, қазаны да, толып жатқан өзгерісті де көрген, – дейді ол. Сол ауыр күндер ел ортасынан екі алуан адамды шығарды... Біреуі – тарихи өлеңдерде жырланған ел қаһармандары, екіншісі – ел тілегін айтып, зар, мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын. Қазіргі қарас­тырғалы отырған зар заман ақындары сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқ­шылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарихи көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек». 
Біз сөз етіп отырған Мәделі ақын сол зар заман ақындарының алдыңғы қатарынан орын алатын көшбасшы тұлға, қарымды қайраткер ақын.
Нысанбай жырау айтатын: 
«Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хәкім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Біздің қазақ баласы. 
Алдырып жүрген дұшпанға,
Өзді-өзінің аласы. – 
деген жолдардан Қоқан ханды­ғының көрсеткен қорлығы мен орыс отаршылдарының жасаған зорлығына қоса, жергілікті халықтың ішіндегі алауыздық пен ел басшы­ларының арасындағы бақталастықтың қо­қаңдаған Қоқанға да, одыраңдаған орысқа да қолайлы жағдай туғызғанын көреміз.
Мәделі ақын осы екі империяның да (Қоқан және Ресей) билігіне ашық қарсы шығып, бар өмірін күреспен өткізген қайсар ақын. Бұған оның атқарған істері, поэзиялық шығармалары (өлеңдері, толғаулары, дастаны т.т.) дәлел. Айталық ақын «Ақ патша» өлеңінде орыс басқыншыларының қазақ даласына салған ойранын, оның ұлт болашағына, халықтың өмір сүруіне, күн көрісіне орасан зор қасірет әкелгенін ашық әрі батыл айыптай келіп:
Ақ патша әділмін деп сендіріп тұр,
Аузынан шыққан сөзін ем қылып тұр,
Ой мен қыр, жер мен суға ие болып, 
Әр жерден қазық қағып, 
белгі ұрып тұр.

Қарыстап қара жерді бөлдіріп тұр, 
Көнбегенді күшпенен көндіріп тұр, 
Қарсыласқан түсер деп тас қамалға,
Төбеңнен зеңбірегін төндіріп тұр, – 
дейді сол кезгі орыс билігінің отарлау саясатын айна-қатесіз дәл бейнелеп. 
Ал Мәделі ақын «Қоқан ханына айтқаны» атты өлеңінде: 
Бұл жерден үш жұрт өтіпті 
Парсы дари – қызылбас,
Ақтабан ноғай, қалмақ-ай,
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмақ-ай!
Бектеріңнің қорлаған,
Қорлығына шыдамай
Көшті елім жапа-тармағай,
Адамға тән ар-ұят,
Бектеріңде қалмады-ай! – 
деп Қоқан бектерінің іс-әрекеттерін әшкере етеді.
Ел еркіндігін аңсаған ақынның бірсыпыра өлеңдері өзі өскен өңірде болған әйгілі «Мырзаби оқиғасына» байланысты туған жырлар. Мәселен, «Мырзаби деген бек шықты», «Аман бол, Қосжарсуат, туған жерім», «Орыстың от кемесі өрге жүзді», «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы», «Өзім де әділет үшін қызмет еттім» атты еңбектері жоғарыда аталған атышулы оқиғадан кейін туған шығармалар. Ақын: 
Қара ағашты Тәшкеннен
Мырзаби деген бек шықты,
Екі иінін жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан 
Зекет бергін» деп шықты,
Ордабасы басында,
Қотырбұлақ қасында
Жер астынан жік шықты,
Қаһарын шашып халыққа
Екі құлағы тік шықты,
Оның қылған ісіне
Ел денесі түршікті,
Желкеге шашын түйгізіп,
Еркекше киім кигізіп,
Жасырып қыз бен әйелін
Көшкелі беттен жұрт шықты,
Көштің бетін қайырып,
Ақ білек ару қыздарды
Ата-анадан айырып
Көзінен жасын ыршытты, – 
деп Мырзаби нөкерлерінің салған ойранын айта келіп, олардың іс-әрекеттері шектен асқан соң, халықтың көтерілгенін баяндайды. Олардың ішінде ақынмен бірге әр рудан шыққан Мұсабек, Рысқұлбек сынды бас көтерер ержүрек жігіттері, ел батырлары бол­ғанын білеміз. Майлықожа ақынның айтуына қарағанда, жоғарыда аталған­дармен бірге мұнда сол өңірдің құлшығаш руынан Тәнен, алғи руынан Байбақ атты батырлары да қатысқанының куәсі боламыз.
«Әдебиет – өмірдің айнасы» дейміз. Олай болса, ақын шығармашылығы сол дәуірдің тарихи шындығын, қоғамды жайлаған әділетсіздікті, ел ішіндегі парақорлықты, қазақ жұрты арасындағы алауыздықты сынап-мінейді де халық тұрмысының тұтас көркем картинасын жасайды. Ол өз өлеңдерінде атақ-мәнсап, лауазымдық дәреже ақшаға сатылатынын, биліктің мейірімсіздігін, ел бірлігінің жоқтығы мен халықтың ауыр күйзелісін, олардың еш жазықсыз әуре-сарсаңға түскенін ашына баяндайды. Мәселен:
Есті кісі есермен ойнамайды,
Бойы қысқа тереңге бойламайды.
Ақша берген кісіні болыс сайлап, 
Елубасы ел қамын ойламайды, –
деп жоғары билікпен ауыз жаласқан жергілікті басшылардың би-болыстар сайлауында ел басқаруға тек ақша­лыларды ғана өткізетінін өкінішпен айтады.
Мәделі – ел мүддесін, халықтың ынтымағын, береке-бірлігін, ұлт тағ­дыры мен оның болашағын ойлаған ақын. Оның шығармашылығының өміршеңдігінің сыры да, міне, осында. Мұны ақынның жоғарыда аталған «Қоқан ханына айтқаны» атты өле­­ңіндегі: 
Ақ шындықты сөйлеуден
Тіл менен жағым талмағай!
Жазықсыз елді жазғырма,
Айыптың тұр алдыңда
Мырзабиді өлтірген
Басын кесіп алмадай, –
деген сөздер аңғартады.
Ата қоныс, туған жер, өскен өлке мен өз халқының тауқыметті тағдырына алаңдаған, қаншама ауыр күрестерді бастан өткеріп, қуғын-сүргін көрген ержүрек батыр, қайсар ақын шығар­маларында өзінің талай ордалы ой орамдарын, психологиялық көңіл күйін танытады.
Құдая, өзің оңда бұл ісімді,    
Дұшпандар көріп жүрсін күлісімді.
Өзім де әділет үшін қызмет еттім,
Ел үшін қанға бояп қылышымды, – 
деп ақын көңіл толқытқан ойын білдіреді. 
Қазақ даласы мен Орта Азияны жайындай жалмап келе жатқан патшалық Ресейдің отарлау саясаты жергілікті халықтың шұрайлы жерлерін тартып алып, басы бүтін иемденуді, сол үшін қарсы келгендерін қынадай қырып салуды мақсат тұтты. Қазақ жеріне орыс переселендерін көптеп қоныстандыру, жергілікті ұлт өкілдерін сортаң, құ­нарсыз, құмдауыт мекендерге ығыстыру, жергілікті ұлтты айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізетіндей етіп жуасыту, сөйтіп, оларды орыстандыру отаршыл жүйенің негізгі саясатына айналды. Сондықтан барлық кесепат озбырлықты көзбен көрген Мәделі ақынның жырларынан орыс отаршылдарының қазақ жерін ашкөздікпен жаулап алуына білдірген қарсылығын, өкініш-наласын көреміз:
Өзен Сыр, қаласың-ау енді менен,
Күдер үзіп отырмын мен де сенен,
Енді маған сен де қоныс бола алмайсың
Үстіңе орыс келген от кемемен.

Мәделі Бұқар барып қоныс алар,
Бір жылдан соң, бұл жерді орыс алар,
Шымкент пенен Түркістан, 
жеті кентті
Асып барып Тәшкенге қолын салар, – 
деген өлең жолдары да күрескер ақынның заман ағымын алдын ала болжай білетіндігінің, асқан көре­гендігінің дәлелі деуге болады.
Мәделі ақын шығармашылығының әдебиетіміз бен мәдениетіміз, жалпы руханиятымыз тарихынан алатын орны орасан зор. Оның ақындық дарыны мен ержүрек батырлығын жыр алыбы Жамбыл мен ақындардың дүрі Май­лықожа, тұстас-замандастары Ұлбике, Жанкел, Бұдабай, Күдері, Құлыншақ сынды бүкіл исі қазаққа әйгілі өнер саңлақтары аса жоғары бағалаған. Академик В.Радлов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, Ә.Дер­бісәлин, М.Мырзахметов, Ә.Оспанов, С.Өмірзақов сынды белгілі ғалымдар, Молда Мұса, Кенен Әзірбаев, Қуаныш Баймағамбетов, Сәуірбек Бақбергенов, Әдіхам Шілтерханұлы, Файзұлла Үрмізов, Тұрсынәлі Айнабеков, Сейіт­омар Саттаров секілді ақын-жыршылар, ғалым-зерттеушілер Мәделі шы­ғармашылығына айрықша назар аударған.     
Тәуелсіздік – аса тағдырлы қасиетті сөз. Бұл – сол заман ақындары. «Егемен болмай ел болмас» деп жырлағандай, халқымыздың талай ғасырлар бойғы аңсап-арпалысып келе жатқан ой-арманы, мақсат-мұраты. Тәуелсіздік бізге көктен салбырап түсе қалған жоқ. Ол – Мәделі ақын секілді бабалары­мыздың, одан кейінгі алдыңғы қатарлы аға ұрпақ өкілдерінің көкейінің төрінде жүрген, арман-аңсары, олардың судай шашылған қаны мен қынадай қиылған жанының қайтарымы. Ендігі жерде біздің Мәңгілік ел болуымыздың да негізі осы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына тікелей байланысты. Осы орайда Президент Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі: «...Қазақтың ұлттық тұтастануы үшін табан тірейтін негізгі идеялық тұғыр біршама айқын. Бұл – дербес мемле­кеттікті сақтау... Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекет­тігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бас­тауларын түсінгеніміз жөн. Оған ба­рар жол халық даналығының негі­зін­де жатыр. Қазақта мынадай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деген ой орамдары, салиқалы сөздері еріксіз еске түседі.
Иә, биыл еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында қазақ даласындағы Ұлт-азаттық көтерілістердің 100 жылдығы еске алынуда. Бұл ретте Қоқан билігі дәуірі, одан кейінгі патшалық Ресей үстемдігі мен кеңестік кезеңдегі жер-жерлердегі әралуан үлкенді-кішілі халықтық қозғалыстарды, басқын­шыларға қарсы наразылық-толқуларды айтпай кетуге болмайды. Мәделі ақын өміріндегі Қоқан билігіне қарсы шыққан «Мырзаби оқиғасы» да, орыс басқыншыларының қазақ жерін жаулап алу әрекеті мен оған қарсы жергілікті халықтың бас көтеруі де сондай көтерілістердің санатынан. 
Сондықтан қазақ халқының Ұлт-азаттығы жолындағы көтерілістерге байланысты ақиқат шындықты қалпына келтіру, ел арасында сол көтерілістерге қатысқан ата-бабаларымыздың аруақтарын құрметтеу мен ардақтау, көтерілістер болған жерлерге ескерткіш-монументтер, архитектуралық кешендер тұрғызу, айыр қалпақты қырғыз ағайындар секілді Парламенттің шешімімен «1916 жылғы қазақ дала­сындағы Ұлт-азаттық көтерілістердің құрбандарын еске алу күнін» белгілеу біздің асыл міндетіміз болуы керек. Бұл өз кезегінде жас жеткіншектерге, бүгінгі ұрпаққа қаншама ғасырлардан бері ата-бабаларымыздан мұраға қалған тау мен даланы, өзен мен көлді, өз Отанымызды сүюге, туған жер мен өскен елді көздің қарашығындай сақтап қорғауға тәрбиелеуге септігін тигізері сөзсіз. Мұның бәрі түптеп келгенде Елбасымыз, ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев ұсынған Мәңгілік ел ұлттық идеясының жүзеге асуына атап айтарлықтай айрықша қызмет етеді. 
Міне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Мәделі ақын шығармашылығын, оның 200 жылдық мерейтойын сөз еткенде, осы жайттарға назар аудар­ғанымыз абзал.

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі