Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ақмола облысы алға шықты

Ақмола облысы алға шықты

Айқын-ақпарат
1032
Ақмола облысы алға шықты Ақмола облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен есептік сайлау конференциясына өңірде өткен аймақтық бастауыш партия филиалдары ұйымдастырған конференция негіз болды.

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, аудандық және  аумақтық партия филиалдарының төрағалары, партия жақтастары мен делегаттары қатысты. 
Өңір басшысы облыс бойынша жүріп жатқан қоғамдық-саяси бағдарламалардың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының же­текшілігімен іске асып жат­қандығын атап өтіп, өз баян­дамасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, ауыл шаруашылығы, өндіріс, индустриялық-инновациялық бағдарламаның іске асуымен таныстырды. 
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік экономикалық дамуының оң өсімі сақталған. 
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 326,2  млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнімнің көлемі 320,0 млрд теңге болса, физикалық өндіріс көлемі 110,1 пайызға жетті. 
Ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп өндірісінің өсуі Ақмола облысын республикада алдыңғы орындарға шығарды. 
Астана маңындағы азық-түлік белдеуі бойынша биылғы жылы 9,8 млрд теңгенің 11 жобасы іске асырылуда. Оның ішінде 605 млрд теңге көлеміндегі алты жоба жүзеге асқан. Шағын және орта бизнес саласындағы белсенді субъектілердің саны 48,1 мың бірлікті немесе 93,7 пайызды құрайды.
Облыс бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 303 мың шаршы метр (148 пайыз) тұрғын үй пайдалануға беріліп, тағы да 2790 отбасы тұрғын үймен қамтылмақ.
Облыс әкімі Сергей Кулагин ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғарғы деңгейде атап өтіп, жақсы көрсеткіштермен есте қалдыру керектігін айтты. 
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Фархад Қауанғанов өз сөзінде партияның жаңа бағдарламаларымен та­ныстыра отырып, «аталған жобалар ғылыми, техникалық, әлеуметтік-экономикалық жағынан тиімді және еліміздің ғылыми, техникалық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ықпал етуі тиіс», – деп атап өтті. 
Конференция барасында БПҰ төрағаларының есептері тыңдалып, партия филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітілді. Конференция барысында об­лыстық партия төрағасы ретінде бірауыздан облыс әкімі Сергей Кулагин қайта сайланды. Іс-шара соңында өңір басшысы белсенді қызметі мен ерен еңбегі үшін бірқатар партия мүшелері мен үздік БПҰ алғыс хаттармен марапаттап, жұмыстарына табыс тіледі.

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ