Басты  /  мақалалар  /  Ұлттық дәстүрге байланған адам радикал болмайды

Ұлттық дәстүрге байланған адам радикал болмайды

Кәмшат ТАСБОЛАТ
1419
Ұлттық дәстүрге байланған адам радикал болмайды Ахмед МУРАДОВ, Мәжіліс депутаты:

Алдағы уақытта Қазақстан халқы ассамблеясы «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын жүзеге асырумен қатар, жаңа қазақстандық патриотизмнің дамуына да атсалысуы керек. Бұл арада жастардың радикалдану мәселесін шешу, мемлекеттік тілді үйрету, жұмыспен қамту мәселелері де түбегейлі шешілсе игі. Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов Елбасының Ұлт жоспарында айтылған бастамаларын қолдай келе, бұл бағытта ассамблеяның атқарған және атқаруы тиіс жұмыстарына баса тоқталды. 

 

– Біздің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жос­па­рына қатысты концепцияға сәй­кес, сонымен қатар 2020 жылға дейін ассамблеяны дамыту бағ­дар­ламасына орай мемлекеттілікті ны­ғайтып, халқымызды өркен­дету бағытында бірқатар игі бас­та­маларды алға мақсат етіп қой­ды, – деп бастады әңгімесін Ахмед Сей­­да­рах­­манұлы: – Осындай игі бас­та­малардың бірі – «Үлкен ел – үл­кен отбасы» кең көлемді жо­ба­­сы. Бұл тұрғыдан біз, Халық ас­­сам­б­лея­сы мен этно-мәдени ор­талықтары ал­дымызға екі мақ­сат­ты қойып отыр­мыз. Ең алды­мен, біз дәс­түрлі мағынадағы от­ба­сына ай­на­лып жатқанымызды мойын­дауы­мыз керек. Ұлы дала елін­де отба­сы­лық құндылықтар қай заманда бол­сын жоғары дә­ріп­теліп, аза­мат­тық белсенді, ру­хани бай адам­дардың тәрбие­ле­ніп шығуы­на септігін тигізген. Екінші жа­ғы­нан, бүгінде ұлты мен тіліне қа­ра­мастан Қазақ­стан­да тұратын бар­лық азаматтар өзі­мізді бір от­басындай сезініп, бір ха­лықтың өкі­ліндей бас бірік­тіруі­міз керек. Осы бағытта біз нақ­ты жұмыс іс­теп келеміз. Бұл мә­селелер бар­лық мәдени шара­ларымыз бен жиын­дарымызда ашық айтылып, соң­ғы нәтиже­ле­ріміз қорытылып жа­тыр. Бұл ба­ғыт­та біздің қоғам­дық ұйым­дары­мыз, атап айтсақ, Ана­лар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңес­терінің өкіл­дері, этно-мә­дени орталық­тар­дың мүшелері жұ­мыс істеп жа­тыр. «Үлкен ел – үл­кен отбасы» идеясы – сондай ада­ми, жылы әрі ізетке толы бас­тама деп білеміз. 
– Бұл орайда Елбасы «Үлкен ел – үлкен отбасы» идеясының ая­­­­­сында туристік кластерді дамыту қа­жеттігін айтқан жоқ па? 
– Президент біздің Ота­ны­мыз­дың әдемі жерлерін, бай­лы­ғын көрсете білуіміз қажет деген еді. Қазақстанда барлық кли­мат­тық жағдайларға байланысты жыл мезгілдері жақсы өтеді. Жер бе­тінде қандай шырайлы мекен­дер болса, соның бәрі Қазақстанда шо­ғырланған. Таулар да, шөл да­лалар да, өзен-көлдер де бар­шы­лық. Сондықтан еліміздің турис­тік әлеуеті жоғары. Тарихи тұр­ғыдан біз – көшпелі ұлтпыз. Сон­дықтан көшіп-қонып өмір сүр­генді ұнатамыз. Халық ассам­блея­сы да, этно-мәдени орталық­тар да Қазақстанға Еуропа, Азия, тіпті, араб елдері мен Ресейден де ту­ристерді тартуға ынта туғы­за­тын әлеуетке ие деп ойлаймын. Біз Қазақстанның шырайлы жер­леріне туристерді көптеп тартып, бұл саланы дамыта аламыз. Мұ­ны­мен қоса аймақтар да дамиды. Кей­бір елдер үшін туризм, тіпті, қар­жы табудың негізгі көзі болып са­налады. Біздің де мүмкіндігіміз зор.


– Елімізде жаңа қазақстандық пат­риотизмді қалыптастыру мәсе­лесі де көтеріліп жүр. Өкінішке қа­рай, сарапшылар радикалдану проб­лемасының жастар арасында аса өзекті екенін алға тартады. Бұл мә­селені қалай шешуге болады? Жас­тардың ұлттық рухын қалай кө­тереміз? 
– Жастардың радикалдану проб­лемасы – бүкіл қоғамның мә­селесі, халық пен бүкіл пар­тия­л­арды ойландыратын түйткіл. Мұн­да тек жастарға кінә арту дұрыс болмас. Шындап келгенде, жас­тардың радикалдануына аға ұрпақтың жұмысындағы кем­ші­ліктері себеп. Біз ертең орны­мыз­ды басатын жастарды дұрыс тәр­бие­леп үлгеруіміз керек. 
Биыл біз Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 25 жылдығын атап өткелі жа­тырмыз. Бірақ бұл 25 жыл ішін­де бұрынғы кезеңде тәрбиеленіп өскен азаматтардың заманы өтті. Жаңа генерация, тәуелсіздік жыл­­­дары туып-өскен жастар тәуелсіз­дік­тің, бостандықтың, дербестік­тің қадірі мен маңызын әлі де же­те түсіне алмай жүрген сияқты. Сон­дықтан өзіміздің ұлттық та­ри­хи құндылықтарымызды да­мы­ту­дың орнына кейбір адамдар, әсі­ресе, жастар халқымызға жат идея­ларды бойына оңай сіңіре бастады. Бұл идеялар Батыстан, не Шығыстан келсе де оларға оңай мойынсынатын болған. Егер­де біз тек қазақтар ғана емес, барлық этникалық топтардың өкілдері өзіміздің ұлттық дәстүрлі салтымызға, мәдениетіміз бен дінімізге байланып, түбімізді тү­сінуге ұмтылғанымызда, ешкім де радикалға айналмас еді. Біздің елімізге радикалды ағымдар әдейі әкелінеді. Әрине, әлемнің түкпір-түкпірінде терактілер болып жа­тыр. Біздің елімізде де орын алды. Өкінішке қарай, мұндай қатерден ешкім де толықтай сақтана ал­май­ды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» ма­нифесінде дүниежүзі үшін ең үлкен қауіптің террористік ұйым­дардың белсенді жұмыс істей бас­тауы деп көрсеткен еді. Сон­дық­тан біз жастарымыздың бөтен кеңістіктерге, жат ағымдарға ке­тіп қалмасын қадағалауымыз ке­рек. 
– Құзырлы органдардың мәлі­ме­тіне сенсек, терактілерді жаса­ған азаматтардың салафизмді ұс­тан­ғаны белгілі болған. Естуімізше, Өзбекстан мен Шешенстанда са­ла­физмге тыйым салынған жоқ па? 
– Салафизмге кейбір елдерде тыйым салынған, кейбірінде тыйым салынбаған. Түптеп кел­ген­де, біз әлі де салафизмнің не еке­нін түсіне қойған жоқпыз. Әлі күнге дейін бұл мәселеге байла­ныс­ты пікірталастар болып жа­тыр. Өйткені мұны ұғым ретінде береді, бірақ оның артында не тұр, бұл қайдан келген нәрсе, оның табиғаты не деген мәсе­ле­лерге жауап беріп, бұл орайда құ­қықтық, идеологиялық, саяси, тіпті, терминологиялық тұрғыдан баға беріп үлгерген жоқпыз. Өкі­ніш­ке қарай, кейде дәстүрлі ис­лам дінін ұстанып жүрген азамат­тар­ды да байқаусызда салафит­тер­ге жатқызып, жала жауып жата­ды. Бұл дұрыс емес. Сон­дық­тан бізге салафизм басталатын кеңіс­тікті анықтау керек. Біздің елі­мізде салафизм туралы айтқан кез­де жалпы мұсылман әлемін де түй­реп өтеді. Сондықтан бәріне тек мұсылман әлемін кінәлай беру­ге болмайды. Байқасаңыз, тер­рористік актілерді әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері, тіпті, дінсіз адамдар да жасап жатыр. Сондықтан террористік белсен­ділік пен діни ұстанымды өзара ара­ластырып, баға беруге бол­май­ды. Бұл әртүрлі нәрсе. Терроризм дегеніміз – ең алдымен, біреудің саяси, әскери және экономи­ка­лық мүддесі. Сол себептен, адам­ның қандай да бір дінге жатуы мүдделер үшін пайдаланылатын құралға айналды. Өкінішке қа­рай, мұның барын мойындауымыз керек.
– Жастар арасында жүргізілген соңғы әлеуметтік зерттеулер Қа­зақ­стан жастарының 79 пайы­зы­ның үнемі мемлекеттік тілде сөй­лейтінін көрсетті. Ассамблея мен жал­пы орыстілді жастар арасында тіл игеру жағдайы қалай? 
– Меніңше, ассамблеяның үл­кен жетістігі – әрбір қазақ­стан­дықтың бойына мемлекеттік тілді білуі қажет деген ұстанымды сіңір­те алуы. Бұл мәселені қазір еш­кім талқыға да салмайды. Екін­шіден, бүгінде мектеп бітіріп жат­қан барлық балалар Ұлттық бі­рыңғай тест тапсырып, тиісті біл­ім деңгейіне қол жеткізіп отыр. Өкінішке қарай, жасына байла­ныс­ты аға ұрпақ өкілдері қазақ ті­лін білмей өтетін шығар. Саяси, экономикалық және қоғамдық өмірде белсенді жұмыс жасайтын аза­маттар мемлекеттік тілді ерек­ше ықыласпен үйреніп келеді. Тіпті, өз басым қазақ тілінде оңай тіл табысып, сөйлесе алатын әр­түрлі ұлт өкілдерін жиі көремін. Мен де қазақша оқи аламын. 
– Шешен жастарының қан­ша пайызы мемлекеттік тілді игер­ген? Мәселен, күрдтер қауым­дас­ты­ғы­ның мәліметінше, күрдтердің 75-85 пайызына дейін қазақтілді екен. Сіздерде жағдай қалай? 
– Мектеп бітірген балалардың бар­лығы да мемлекеттік тілді бі­леді. Біздің жастарымыздың жар­тысынан астамы қазақ тілін мең­гер­ген. Әрине, арнайы зерттеу жүр­гізілмеген соң, нақты санын дөп басып айта алмаспын. Бай­қауым­ша, ауылда тұратын этни­ка­лық топ өкілдерінің бәрі де қа­зақ­ша еркін сөйлейді. Мәселен, Қы­зылорда, Шымкент, Таразда, Ақ­мола облысында тілдік түйткіл жоқ. Шығыс Қазақстан, Петро­павл мен Қостанайда әлі де мәсе­ле­лер бар. Бұл, әрине, өкінішті жайт. 
– Мектепті таңдауда көбіне қа­зақ мектептеріне басымдық бе­ріле ме, әлде орыс мектептерін таң­дай ма? 
– Кейбір ата-аналарымыз ба­ла­ларын арнайы мектептер мен гим­назияларға береді. Олардың ба­лалары жақсы білім алып, оң­тайлы нәтижелерге қол жеткізіп жа­тыр. Бірақ, өкінішке қарай, көп балалар орыс мектептеріне ба­рады.
– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан Кәмшат ТАСБОЛАТ