Басты  /  мақалалар  /  ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҮЙРЕТУГЕ ТЫРЫСАМ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҮЙРЕТУГЕ ТЫРЫСАМ

Айдана НҰРМҰХАН
1853
ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҮЙРЕТУГЕ ТЫРЫСАМ Нұрболат Ертайұлы − жас мұғалім. 1991 жылы 23 желтоқсанда Алматы облысы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылында дүниеге келген.

2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Өнер, мәдениет және спорт факультетінде «Музыкалық білім және хореография» мамандығына оқуға түседі. Сол Білім ордасын үздік аяқтап, музыкалық білімін алған жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылындағы Бусаков орта мектебіне жұмысқа орналасады. Бағдарлама аясында жас маманға 100 мың теңге қаражат пен осы ауылдан үй беріледі. «Ұстаздық ету − осы өмірдегі ең үлкен миссиям» дейтін Нұрболат үш жылдан бері музыка пәнінің мұғалімі. Азат ойлы тәуелсіздіктің төл құрдасымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 


 

– Нұрболат, бүгінгі таңда ер мұғалімдердің қатары көп емес. Бұл мамандықты таңдауыңа не түрткі болды? Әлде, әу баста әнші болуға дайындалдың ба?
– Бала кезімнен домбырады ойнап, гитара тарта алатынмын. Музыкалық инструменттерге деген махаббатым ерекше болды. Әсіресе, ұлттық аспаптардың тарихын білу, ерекшелігін зерттеуге аса құмар болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ музыкалық білім аламын деп шештім. Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Музыкалық білім және хореография» мамандығына түсіп, онда төрт жыл білім алдым. Университетте «Баян аспабымен шығарма орындау, ән айту» тақырыбында дипломдық жұмысымды қорғадым. Сөйтіп, музыка пәнінің мұғалім болып шыға келдім. Қазір Шолақай ауылында ұстаздық етіп жүрген жайым бар. Үйлендім, бір баланың әкесімін. 
– Демек, қазір баян аспабымен сабақ үйретесің бе?
– Студенттік жылдары қобыз бен фортепианода ойнауды қосымша үйрендім. Қазірде 1-6-сынып аралығындағы оқушыларға әртүрлі аспаптарда ойнауды, ән айтуды үйретемін. 
– Жастардың көбі қалада қалуға тырысады. Ауылға қалай келдің?
– Осы өңірде туып-өсіп, алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Балалық шағым мен жасөспірім кезеңі осында өтті. Сол себептен болар, Панфилов ауданының табиғаты ыстық, тыныс-тіршілігі таныс. Бастапқыда білімімді жетілдіру үшін қалада қалу туралы ой болды. Бірақ төрт жыл бойына жинақтаған білім қорын тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, оқушылармен бөлісуге асықтым. Тәжірибеде әбден ысылғаннан кейін де білімімді дамытуға уақыт табылар. 
– Оқушылар көбіне қандай аспаптарға қызығады?
– Ұлттық аспаптарға қызығушылық басым. Университет қабырғасында бір ұстазым «Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беріп, олардың бойына туған өлкесіне, халқына деген адамгершілік пен сүйіспеншілік сезімдерін сіңіруде ұлттық музыка мәдениетінің алатын орны ерекше» деп үнемі айтатын. Сол үшін жыраулық өнер, терме айту, шешендікке тапқырлық пен айтыс өнеріне қолдан келгенше үйретуге тырысам. Бұл мақсатымды жүзеге асыру үшін үнемі іздену қажет. Қазіргі таңда түрлі технологиялық мүмкіндіктің дамуы − жаһанданудың негізгі жетістігі әрі заман талабы болып отыр. Мектеп оқушыларының барлығы дерлік ұялы телефон ұстайды, технологиядан хабардар. Олардың қызығушылығы да − осы. Бүгінде дәстүрлі педагогикалық тәсілдерді ғана ұстанып, тек сол арқылы білім беру мүмкін емес. Мұны замана ағымына сай жетілдіріп отыру қажет. Оқушылардың қызығушылығын алдын ала зерттеп отыру керек. Мәселен, ғаламтор арқылы аспаптарда ұялы телефон арқылы ойнауға мүмкіндік беретін түрлі қосымшаларды тауып аламын. Оларды қолымнан келгенше пайдасы мен зиянын зерттеймін. Сосын, «келеді-ау» дегенін оқушыларға ұсынамын. Әлгі қосымшаның мүмкіндіктерін сабақ сайын айтып отырамын да, белгілі бір шығарманы үйде сол қосымша арқылы ойнап жаттығып келуіне тапсырма беремін. Бұлай істемесең, оқушылармен емес, тақта және партамен сырласатын мұғалім болып қала бересің. 
– Яғни, технологиялық жетістік ұстаздық қызметте «қолғабыс» бола ала ма?
– Бүгінде жыл сайын «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығының «Білім беру мазмұнын жаңғырту жағдайындағы музыка пәні мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін дамыту» бағдарламасына қатысып тұрамыз. Онда жаңашыл педагогтар тың әдістемелерін жас мамандарға үйретеді. Соларды біліп қана қою жеткіліксіз, оны әркім өз мүмкіндігінше күнделікті сабақта пайдалану қажет. Сонда сабақ нәтижелі болып, білім сапасы артады. Әр мұғалімнің оқытудағы өз тұғырнамасы болу қажет. Музыка сабақтарында да электронды оқулықтарды, технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады. Бұл мұғалімнің магнитофон, күйтабақпен жұмысын жеңілдетеді, тақтаға ән мәтінін жазу уақытын үнемдейді және тағы басқалары. 
– Оқушыларды аймақтық, яғни республикалық байқауларға өзің дайындайсың ба?
– Әрине, бірге дайындаламыз. Оқушылар да, өзім де байқауларға белсенді түрде қатысып тұрамыз. New nomad voice, «Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші», «Дәнеш әндері», тәуелсіздік құрдастары арасындағы патриоттық әндер байқауы сынды бірқатар республика және облыс көлеміндегі жарыстарда бақ сынап көрдік нәтиже жаман емес. 
– Соңғы сұрақ, Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде ойың, санаң тәуелсіз бе?
– Еш күмәнсіз тәуелсіз. Ал ендігі келешек жастардың, мен ұстаздық етіп жүрген өскелең ұрпақтың санасы тіптен азат. Олар − еркін ойлай білетін, білім көкжиегінде құлашын кеңге сермей алатын жастар. Бүгінгі жаңа ұрпақ армандаудан және сол қиялын жүзеге асырудан қорықпайды.