Басты  /  мақалалар  /  ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН БАЯНДЫ ЕТУ –БАРШАМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН БАЯНДЫ ЕТУ –БАРШАМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
1102
ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН БАЯНДЫ ЕТУ –БАРШАМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ

Республика аумағында орналасқан барлық темір жол және әуе көлігі нысандарында, вокзалдар мен перрондарда құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың мүліктерінің сақталуын қамтамасыз ету ісі – көліктегі ішкі істер органдары қызметкерлеріне жүктелген.
Жақында еліміздің көлік по­лиция­сының күнделікті атқарып отыр­ған қызметін, алға қойған мін­деттерін білу мақсатында ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер депар­та­мен­тінің бастығы, полиция пол­ков­нигі Аманжол Жайғалиұлы ҚАБЫЛОВҚА жолығып, сұх­бат­тас­қан едік. 


 

– Аманжол Жайғалиұлы, ең ал­ды­мен, көліктегі ішкі істер орган­да­ры­на бүгінгі күні жүктеліп отырған нақ­ты міндеттерге тоқталсаңыз.
– Көліктегі ішкі істер де­пар­та­менті Қазақстан Республикасы Іш­кі істер министрлігінің негізгі құ­рылымдарының бірі болып са­налады. Құрылғанына ғасырға жуық уақыт болған көлік по­лиция­сының негізгі міндеті – еліміздің әуе және темір жол нысан­да­рын­да­ғы қоғамдық тәртіпті сақтау әрі со­лар арқылы тасымалданатын жо­лаушылар мен жүктердің діт­те­ген жеріне аман-есен жетуін қам­та­масыз ету. 
Қазіргі таңда, лаңкестік әре­кет­тер, ұйымдасқан қылмыс пен есірт­кі саудасы сияқты аса ауыр қы­л­мыстардың көптеген мемле­кет­тердің алаңдаушылығын туды­рып отырғанын жақсы білесіздер. Сондықтан еліміздің өзге де құқық қорғау құрылымдары сияқты көлік сақ­шыларының алдында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсі­ресе, ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тарға жол бермеу, орын алған қыл­мыстардың «ізін суытпай ашу» мін­деттері тұр. 
Жалпы, департаменттің қыз­мет көрсету аумағы 16 мың ша­қы­рым­нан асады. Республика кө­ле­мінде 18 әуежай бар болса, соның ішін­де 16-сы халықаралық маңызға ие. Сонымен қатар елімізде 500-ден аса станса, 303 теміржол вок­за­лы бар. Осы аумақтарда де­пар­та­мент­ке бағынысты ішкі істер же­лілік басқармалары мен бөлімдері жұмыс істейді. Мәселен, Алматы әуе­жайы орташа есеппен алғанда жы­лына 5 млн адамға қызмет көр­се­теді екен. Тәулігіне Алматы әуе­жайынан 150-ге жуық ұшақ ұшады. Осындай ауқымның өзі сақ­шы­лар­дан әрдайым қырағылықты, та­бан­дылықты талап етеді. Де­пар­та­мент­тің бөліністері барлығы дерлік материалдық-техникалармен, бас­қа да қызметке қажетті жаб­дық­тармен қамтамасыз етілген. Өз ісін же­тік меңгерген, білікті маман­да­ры­мыз да жеткілікті. 
– Мемлекет басшысының қоғам қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге қа­тысты ішкі істер органдарына жүк­те­ген тапсырмаларын жүзеге асыру­да департаменттің атқарып жатқан нақ­ты іс-шаралары туралы айт­саңыз.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайын­ғы ха­лыққа Жолдауларында қо­ғамдағы тұрақтылық пен тәр­тіп­ті қамта­масыз ету мәселесіне ай­рық­ша көңіл бөліп келеді. Ел бір­лі­гін сарабдал саясатының өзегі етіп келе жатқан Президентіміз ын­­тымағы жарасқан ел ғана алға қойған асыл мұраттары мен мақ­сат­­тарына қол жеткізе алатын­ды­ғын да айтудан жалыққан емес. Де­­мек, баршамыздың алды­мыз­да – еліміз бен жерімізді көздің қара­­шы­­ғындай сақтап, келешек ұр­пақ­қа табыстау, сөйтіп, тәуел­сіз­­дікті баян­ды ету міндеті тұр. Ба­­ба­лары­мыз мирас еткен ұлан-ғайыр да­ламыздың тыныштығын қор­ғау, осы жолда шынайы әрі адал қыз­­мет ету әрбір сақшының аза­маттық парызы деп есептеймін. 
Қауіпсіздікті сақтау ісі жұ­мыс­ты жүйелі әрі ұдайы жүргізуді талап етеді. Еліміздің темір жол және әуе көлігі нысандарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Ел­басы жүктеген міндеттерді орын­­дау бағытында бірқатар ша­ра­лар қабылданды. Нақтырақ айт­сақ, есепті мерзім ішінде депар­та­менттің қызмет көрсету аума­ғын­да «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз вок­зал», «Пойыздағы кездесу», «Көк­нәр – 2016», «Жасөспірім», т.б. сын­ды жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Осы ау­қымды шараларды жүргізудің нә­тижесінде, қылмыс деңгейі 11 пайыз­ға төмендеген. Қылмыстар­дың ашылу көрсеткіші 70 пайызды құрады. Түрлі қылмыстар жасап, ішкі істер органдары қызмет­кер­лері­нен жасырынып жүрген 34 қыл­мыскер ұсталса, соның 6-уы Қа­зақстан аумағынан тыс жерлерде қол­ға түскен. 
– Мемлекет басшысының «құ­қық­бұзушылық пен тәртіпсіздікке нөл­дік төзімділік» қағидатын қа­лып­тастыру тапсырмаларын орындау бойын­ша жүргізілген жұмыстардың ау­қымы қандай?
– Бұл бағыттағы жұмыстар күн­делікті жүргізіледі. Негізгі мақ­сат – қоғамдық тыныштықты бұ­за­тын, азаматтардың өмір сүру са­пасына селкеу түсіретін ұсақ құ­қықбұзушылықты анықтау мен жо­лын кесу. Департаменттің әкім­шілік полициясы басқармасының қыз­меткерлері қоғамдық орын­дар­ды ластау, ішімдік ішу және айна­ласындағыларға дөрекілік таны­та­тын басқа да құқықбұзушылық әре­кеттерді болдырмау мақсатында те­міржолдар мен аэровокзалдар, пер­рондар мен жолаушылар пойыздарындағы қауіпсіздікті қа­таң бақылауға алған. Соның нә­тижесінде, жыл басынан бері 53 мыңнан аса түрлі құқықбұзушы әкім­шілік жауапкершілікке тар­тыл­ды. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 1714, алкогольді ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін – 5885, белгіленбеген орындарда темекі тарту фактілері бойынша – 3905, бел­гіленбеген орындарда сауда-сат­тық жасағаны үшін – 3273 құ­қықбұзушының үстінен хаттама тол­тырылды. Бұған қоса кәмелетке тол­мағандардың түнгі уақыттарда мақ­сатсыз жүру фактісі бойынша – 537, темір жолдарды белгілен­бе­ген жерден кесіп өткені үшін – 26 573 азамат әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тартылды. Арнайы қабылдау орындарына 1091 азамат орналас­тырылды.


 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайын­ғы ха­лыққа Жолдауларында қо­ғамдағы тұрақтылық пен тәр­тіпті қамта­масыз ету мәселесіне ай­рықша көңіл бөліп келеді. Ел бір­лігін сарабдал саясатының өзегі етіп келе жатқан Президентіміз ын­тымағы жарасқан ел ғана алға қойған асыл мұраттары мен мақ­сат­тарына қол жеткізе алатын­ды­ғын да айтудан жалыққан емес. Де­мек, баршамыздың алды­мыз­да – еліміз бен жерімізді көздің қара­­шы­ғындай сақтап, келешек ұр­пақ­қа табыстау, сөйтіп, тәуел­сіз­­дікті баянды ету міндеті тұр. Ба­­ба­ларымыз мирас еткен ұлан-ғайыр даламыздың тыныштығын қор­ғау, осы жолда шынайы әрі адал қыз­­мет ету әрбір сақшының аза­маттық парызы деп есептеймін. 

 


 


– Департаменттің қызмет көр­се­ту аумағында жиі орын алатын қыл­мыс түрлері қандай?
– Негізінен, темір жол көлігі ар­­қылы қатынайтын жолаушы аза­маттардың жеке мүлкін ұрлау қыл­мысы жиі тіркеледі. Бұл жалпы қыл­мыстардың 60 пайызын құрап отыр. Десек те, жыл басынан бері же­дел-профилактикалық шара­лар­ды жүйелі жүргізудің нәтиже­сін­де бөтеннің мүлкін ұрлау қыл­мы­сы 16,5 пайызға төмендеді, оның ішінде ұялы телефондарды ұрлау 10,7 пайызға азайды. 
Жылжымалы құрамнан жүк­терді топ болып ұрлау, бұзақылық, есірт­кі заттарын тасымалдау секіл­ді қылмыстар да арагідік орын алып жатады. Мәселен, биыл көлік по­лицейлері 414 заңсыз есірткі ай­налымына қатысты істі анықтап, 11 есірткі контрабандасының жо­лын кесті. Есепті мерзім ішінде заң­сыз есірткі айналымынан 1 тон­надан аса түрлі есірткі заттары тәр­кіленсе, оның ішінде 3 келіден аста­мы героин болып отыр.
– Азаматтардың қауіпсіздігін сақ­тау үшін тағы қандай шаралар қолға алынуда?
– Вокзалдар мен перрондар – адам­дардың көп шоғырланатын жер­лері. Сондықтан біз, әрдайым, жо­лаушылардың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге күш саламыз. Де­партамент қызметтері үнемі түрлі же­дел алдын алу шараларын өткі­зіп тұрады. Жыл басынан бері кө­лік полицейлері 371 бірлескен ал­дын алу шараларын жүргізген бол­са, оқу орындарында 1443 дәріс оқы­ды. Халықпен 280 рет және жо­лаушылар пойыздарында 538 кез­десу өткізілді. 
Кейінгі жылдары Астана мен Ал­маты қаласында саяси салмағы бар басқосулар мен ірі мәдени ша­раларды өткізу дәстүрге ай­налды. Елі­мізге шет мемлекеттерден келе­тін қонақтардың дені әуе көлігі ар­қылы келеді. Сол қонақтар, ең ал­дымен атбасын әуежайларға тірей­ді. Демек, кез келген шетелдік аза­матты ең бірінші болып қарсы ала­тын – біздің қызметкерлер. Сон­дықтан қызметкерлердің, ең бірін­шіден, білімі мен біліктілігіне, екін­шіден киім кию, сөйлеу мәде­ниетіне жіті көңіл бөлінеді.
Баршаңызға мәлім, 2017 жыл­дың 28 қаңтары мен 8 ақпаны күн­дері Алматы қаласында қыстық Уни­версиада ойындары өткізілмек. Оған отыз мыңға жуық қонақ, екі мың­дай спортшы келмек. Қазір осы шараны өткізу кезінде қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін дайын­дық жұмыстары тыңғы­лық­ты жүргізіліп жатыр.
– Келер жылдың еліміз үшін та­ғы бір үлкен сыйы – Астана қа­ла­сында «ЭКСПО – 2017» жаһандық жетіс­тік­тер көрмесінің өткізілуі дер едік. Мем­лекетіміз үшін маңызы зор шара­ға көлік сақшыларының әзірлігі қан­дай?
– «Халықаралық «ЭКСПO – 2017» көрмесін өткізу кезінде елі­мізге алыс-жақын шетелдерден мил­лиондаған қонақтардың келе­тіні мәлім. Осы көрмені өткізу ке­зін­де елордамыздың қоғамдық тәр­тібі айрықша назарда болатын­дығы сөзсіз. Департамент қызмет­керлері Астананың темір жол және әуе көлігі нысандарында қауіпсіз­дік шараларын күшейтіп, солар ар­қылы келетін қонақтардың құ­қық­тары мен жеке мүліктерінің сақ­талуын қамтамасыз етпек. «Ас­тана келбеті – ұлт келбеті, жаңа Қазақстан ұлылығының белгісі» деді Елбасы. Ендеше, ұлттық кел­бетімізді сақтап, ұлылығымызды айшықтау үшін әрбір азамат бұл іргелі шараға өз үлесін қосуы қа­жет. Жаһандық жетістіктер көрмесі кезінде Көліктегі ішкі істер депар­таментінің жеке құрамы айтулы ны­сандарда құқықтық тәртіпті қам­тамасыз ету үшін күшейтілген нысанда қызмет өткеретін болады. 
Жалпы, дайындық жұмыстары өткен жылдың өзінде-ақ басталып кеткен. 2015 жылы департамент ғи­­­­­маратындағы лингафонмен жаб­дықталған арнайы кабинетте ағыл­шын тілін меңгеру бойынша сабақ жүр­гізіліп, онда қызметкерлер жо­­ғары білікті мамандардан жан-жақ­т­ы дәрістер алды. Бұл оқулар кө­­лік полицейлерінің шетелден кел­­ген қонақтармен еркін сөй­­ле­сулеріне әрі олардан түскен хабар­ла­маларға жедел ден қоя білулеріне септігін тигізбек.    Сонымен қатар биыл оннан аса көлік полицейі бі­лім­дерін ұштау, жедел қызметтік жұ­мыстарды ұйымдастыру бойын­ша тәжірибе жинақтау мақсатында шет елдерде оқып келді. 
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан 
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ