Басты  /  мақалалар  /  Татулық–Тәуелсіздік тірегі

Татулық–Тәуелсіздік тірегі

Айқын-ақпарат
1939
Татулық–Тәуелсіздік тірегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартатынын айтқаны бар: «Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді.

Жаратқан иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен тағылымды тарих, қолайлы географиялық мекен берген. Осылайша, елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі берілген» дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Ал көшбасшы партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасында: «Біз – Қазақстан  бірлігінің  партиясымыз. Біздің қата­рымызда барлық этнос­тардың, барлық діни конфессиялардың, Қазақстан қоғамының барлық топтарының өкілдері бар. Біз бүкіл Қазақстан халқын және елдің жалпыұлттық мүдделерін танытамыз» делінген. Сонымен бірге,  «Қазақстан-2050» стра­тегиясында «түрлі әлеу­меттік, этностық және діни топтардың келісімі мен тату­лығына» баса мән берілген.
Сондықтан да әрбір қазақ­стандық елдің бүгіні мен бола­шағын айқындайтын кез келген маңызды мәселелерден тыс қала алмайды. 
Мәңгілік ел құрғымыз кел­се, біздің әрқайсымыз жақсы мен жаманның байыбын бағам­дауымыз шарт.
Исламда «Кез келген істің мұстақым – орта тұсы ең тә­уірі болып саналады» деген тағылым бар. Қазақ халқы осы асыл қағиданы өз өміріне алтын арқау еткен. Осының арқасында Қазақстан бүгінде жүзден астам этностың және 17 конфессияның өкілдері үшін де қасиетті шаңыраққа айналып отыр. Бұл Қазақстан халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгендігінің нышаны. Біле білсек, бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылындағы маңызды жетістігіміздің бірі болып табылады.
Бізде діни радикализмге де, әлеуметтік экстремизмге де жол жоқ. 
Ұлттық астамдыққа салын­бау, діни дұшпандыққа ұрынбау – Мәңгілік ел құрудың басты бір шарты! 
«Мемлекет дінге аралас­пайды» деген сөз бар. Рас, 1918 жылы Ленин өз декретімен «шіркеуді мемлекеттен бө­ліп шығарды». Бұл – дінді ұста­на­мын дегендерге жағдай жасамақ түгілі, керек десеңіз, қудалауға, жазалауға баратын атеистік мемлекеттің заңы еді. 
Тәуелсіз Қазақстанның ұс­танымы қандай? Қазақстан зайырлы мемлекет, бірақ ате­истік мемлекет емес. Дінге сену­шілерге кедергі келтір­мей­тін, шектеу қоймайтын, қай­та дәстүрлі діндер ұстын еткен рухани құндылықтарды қолдайтын мемлекет. Мем­лекет діннің ішкі ісіне тіке­лей араласпайды. Бұл – конс­титуциялық талап. Бі­рақ ұлттық қауіпсіздік, мемле­кеттіліктің мәңгілік болуы үшін бұл салаға көз қырын салып, мемлекеттік саясатты үйлестіріп отырады.
Келесі жылы бұл тарапта мемлекеттік саясатты жүзеге асыра бастағанымызға да ширек ғасыр толады екен. 1992 жылдың қаңтарында егемен еліміздің тарихындағы тұңғыш діни заң – «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Ол діни қыз­метке кең өріс ашты. 
Егер тарихқа үңілсек, кеңес уақытында 1989 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда небары 50 мұсылман мешіті және орыс православ шіркеуінің 60 храмы мен приходы ғана жұмыс жасаған екен. Қазір бұл сандар еселеп артты. 
Мұның барлығы дұрыс, қол­даймыз.
Сонымен бірге, бүгінде қо­ғамымызда, дін саласында келең­сіздіктер мен жат кө­рі­ністер де бой көрсетіп отырғаны жасырын емес. Оның бір себебі, білімсіздіктен деп санаймын. Біздің халыққа 70-80 жыл бойы атеизм күштеп таңылды. Тек Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана Қазақ елі өзінің ұлттық болмысына негізделген ислам өркениетіне орала бастады. Осы сәтті жат діни ағымдар да өз орайына пайдаланды.
Олар әлдебір рухани күй­зеліске ұшыраған, қоғамның назарынан, қамқорлығы мен қайырымдылығынан тыс қалған, опынысы мен өкініші бар отандастарымыздың, әсіресе, жастарымыздың жүрегіне күмән салды. Халықты қор­қытып, үркітуді көздейтін, күш қолдану жолымен әрекет ететін деструктивті, қауіпті топтар елімізге еміне еніп, осы адамдар арқылы өздерінің арам ниеттерін іске асыруға жанталасып жатыр. Осының кесірінен қазіргі біздің қоғам мүдделердің арпалыс алаңына айналған іспетті. Егер оған тосқауыл қоймасақ, әри­не, мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейім­деу жайына қалуы ғажап емес.
Жат, радикалды идео­ло­гияның қанат жаюын тоқтату және сырттан келетін тасқынына тоспа құру үшін қолда бар құ­қықтық, идеологиялық, эко­номикалық және күш-құры­лымдық ресурстардың барлығын жұмылдыру қажет етіледі. Әрине, бұл кеселді тек күш қолданып қана шеше алмаймыз, егер алдын алу тетіктері іске қосылмаса, көздері жойылған экстремистердің орнын бас­қалары басады.
Радикализм мен экстремизм, әлеуметтік құбылыс ретінде экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді кешенді шешу арқылы еңсерілуге тиіс. 
Біріншіден, коммерциялық не коммерциялық емес ұйым­дарды қалқан еткен, бірақ шы­нында дәстүрлі емес діни ағын­дарды уағыздайтын топ­тар­­дың жұмысына тосқауыл қойылуы керек. Мысалға, кейбір ғибадатханалар алдында жат идеологиямен азаматтарымызды жадылап жүргендердің іс-әре­кетіне шектеу болғаны жөн. 
Екіншіден, экстремизммен және радикализммен тиім­ді күресудің бір жолы – әсі­ресе, жастар арасындағы жұмыс­сыздықты жоюға бағытталған пәрменді шаралар болмақ. Өйткені арандатушылар ықпа­лына және торына тек әлеуметтік және рухани кемелдікке ғана емес, сондай-ақ материалдық игілікке ұмтылған жас азаматтар түсетіні жасырын емес. 
Үшіншіден, радикалды идея­лар надандық топырағында тез өнеді. Біздің халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Деген­мен, бүгінде дәстүрлі ислам туралы қажетті ақпараттың  жетімсіздігі бай­­қалады. 
Кезінде атақты боксшы Мұ­хам­мед Әли егер террорлық актілерге қандай да бір мұсыл­ман баласы қатысса, оны «дін­нен безген» деп танитынын, өйткені ислам террорды және адам өлтіруді үндемейтін дін екендігін айтып кеткен.
Ислам діні қашанда әлемге зар емес, нұр төккен! 
Исламды қабылдағандар арасында неміс оқымыстысы Бисмарк, философ Кант және басқа да Батыстың көрнекті тұлғалары болған. Ұлы ақын Гете өз туындыларын «Бисмиллаһи рахман-и-рахим» деп бастаған деген дерек бар. Еуропадағы қазіргі дамыған ел Испанияның бірнеше ғасыр бойы ислам заңымен өмір сүргенін бі­реу білер, біреу білмес. Біз ислам­ның игі, ізгілікті тұстарын ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Әйтпесе, жастар арасында ақпа­рат құралдары жиі ауызға алатын «шаһид белбеуі» мен «жиһадтан» басқаны білмейтіндері бар. 
Діннің халықты келелі де өміршең мұраттарға жұмыл­дырушы күші, құдіреті бар. Біз­дің қоғам соны игілігіне жарата білгені абзал. 
Сол себепті бұқаралық ақ­парат құралдарымен, әлеуметтік желілермен жұмысқа үлкен мән берген жөн. Бұл ретте теле және киноөнімдер мен бейнероликтер арқылы исламның, нағыз мұ­сыл­манның бейнесін сомдау, сол арқылы жас ұрпақтың, бар­ша қазақстандықтың  дұ­рыс  түсінігін қалыптастыру, тәр­биелеу жолға қойылғаны жөн.
Төртінші жайт. Кезінде ХХІ ғасыр басында қалыптасқан діни ахуалды назарға ала отырып, діни саладағы мемлекеттік саясатты ары қарай іске асыру мақсатында 2000 жылдың 27 шілдесінде «Үкімет жанындағы Діни бір­лес­тіктермен байланыстар жө­ніндегі кеңестің ережесі мен құрамын бекіту туралы» Үкімет қаулысы қабылданғаны мәлім. Кеңестің өзі сол жылдың 6 ма­­мырында консультативтік және үйлестіруші орган ретінде құрылды. Жалпы, меморгандар мен діни ұйымдардың дінара­лық тағат-толе­рант­ты­лыққа  қол  жет­кі­зу­ге ба­­ғ­ытталған күш­-­­жігерін үй­лес­­­­тіруші бұл ке­ңес­тің қызметі қазіргі кезде аса өзекті. Өйткені дер уақытында ден қойып, ді­ни саладағы мем­ле­кеттік сая­­сат­ты жүр­гізу бо­йын­ша ұсы­ным­дар әзірлеу, қоғамдағы тұ­рақ­­тылықты сақ­тау, сенім мен ру­ханилықты ны­ғайту – мем­ле­кет үшін өмір­лік маңызды мә­се­лелер. 
Сондықтан Үкі­­­мет жанын­да­ғы бұл кеңес жиын­­дарын жиірек өткізу және оның қыз­метін ақпарат құралдары арқылы барынша ашық жариялау керек деп санаймын.
Тағы бір мәселе, Үкіметтің 2016 жылғы 18 қазандағы қау­лысымен енгізілген өзге­рістерге сәйкес, аталған ке­ңес құрамына Дін істері ми­нис­трлігінің және өзге ме­мор­гандардың өкілдері сыртында, Сенат депутаты, Астана әкімінің орынбасары, Бас мүфти, орыс шіркеуінің өкілі, бір-екі жоғары оқу орнының басшылары, ғалымдар кірді. Дегенмен, бұл құрамды кеңейтіп, оған көрнекті қо­ғам­дық қайраткерлер мен са­рапшыларды да көбірек тарту маңызды. 
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, саламатты қоға­мы­мыздың өзі-ақ дерттерді ден­детпей, емдеп жазар. Мәң­гілік ел жолында бұл сыр­қат­­­тар да сейілер, сұйылар. Тек біз, Қазақстан халқы, бір­ауыздылығымызды сақтап, Елбасы қойған ұлы мұрат-мақ­­саттар бағытында жұмыла білуіміз керек.
Қалай болғанда, қазір мем­лекетті де, қоғамды да осы са­лада үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ол жұмыс кешенді әрі әртүрлі бағытта жүргені абзал.
Біз Мәңгілік елді тек барлық ұлттар, діндер мен мәдениеттер үшін ортақ әрі ізгі құндылықтар негізінде ғана құра аламыз. Ділі, діні һәм тіні таза, табиғи қал­пымызды ары қарай да сақтай берейік, ағайын! Жанымызға жақсылық пен ізгілік ұялап, ібі­ліс-пері жоламасын!  

Бақытбек СМАҒҰЛ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты,  «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі