Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әнім саған – аманат

Әнім саған – аманат

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1162
Әнім саған – аманат

29 қарашада Республика сарайында Алматы қаласының – 1000, әнші-композитор Мұхит Мералыұлының – 175, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісованың «Әнім саған – аманат» атты шығармашылық кеші өтеді. 

Өнер иесі 2011 жылы М.Әуе­зов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Сәуле сарын» деген атпен концерт қойып, халық алдында есеп берген еді. 2012 жылы Жам­был облыстық филармониясына басшылық қызметке ауысып, өңірдің мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқанынан да жұрт­шылық хабардар. Төрт жыл Тараз қаласында тер төгіп, былтыр күз айында Алматы қаласына қайтып оралған болатын. Сол уақыттан бері жеке шығармашылықпен жіті айналысып, еліміздің бір­неше аймақтарында тыңдар­мандарымен жүздесіп қайтыпты. Тараз қаласында, Қарағанды облысында, Шымкент, Орал, Атырау қаласын гастрольдік сапармен тегіс аралап шыққан. Енді міне, Алматы жұртшы­лы­ғымен қауышып, мерейлі күндер құрметіне тарту-таралғы жасамақ ниетте. 
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Айгүл Үлкенбаева, Рамазан Стамғазиев, жыршы Берік Жүсіпов, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­керлері Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай, Мәдениет саласының үздігі Ершат Қайыр­хан, танымал әнші Айгүл Мақа­шева қатысады. Сахна шымыл­дығын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сту­денттері дайындаған шағын театрландырылған көрініспен ашылады. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішова. Өнер иесі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің сүйемел­деуімен бірнеше ән шырқайды. Сондай-ақ батыс әншілік мекте­бінің белді өкілі Мұхит Ме­ралыұлы мен ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарын­дағы туындыларды жұртшылық назарына ұсынады. 
Ал П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің вокальдық ансамблі (дирижері Ғалымжан Мерекешов), «Ша­рапат» этно тобы кеш иесінің авторлық әндерін тарту етеді. Бұдан бөлек, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ашылған «Ама­нат» өнер орталығының ұжы­мынан құрылған «Аманат» фольклорлық ансамблінің тұсауы кесіледі.
– Ұстазым Ғарифолла Құр­манғалиевтен Мұхит әндерін үйреніп, ұлттық өнерімізді үлкен деңгейге көтерген әнші-компо­зитордың шығармашылығы арқылы халыққа танылдым. Осы ағаларымыздың әнін аманаттап алып қалып, ары қарай жалғас­тырып жүргендіктен, биылғы тойға атсалыспауым мүмкін емес еді. Маған бұл мүмкіндікті беріп, үлкен қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға алғы­сымды білдіремін. Кеш бары­сында дәстүрлі әндермен қатар, қазіргі заман композиторларының да шығармалары орындалады. Қызым Қуаныш кеш тізгінін қолына алып, арасында өнер де көрсетеді. Ағалардан алып қалған аманатты жеткізіп, халықтың ақ батасын алсам деген ойдамын, – дейді Сәуле Жанпейісова.