Негізгі бет  /  мақалалар  /  Күй дастан

Күй дастан

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1699
Күй дастан Мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазының құрастыруымен дәулескер домбырашы Садуақас Балмағамбетовтың орындауындағы күйлердің ноталық жинағы «Күй дастан» деген атпен жарық көрді.

Екі бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы тарауына туғанына 75 жыл толып отырған Сәдуақас Бал­мағамбетовтың орындауындағы Қазанғап күйлері енсе, екіншісіне әртүрлі тақырыпты қамтитын жиырмадан астам төл туындылары, әндер және оркестрлік шығар­ма­лары топтастырылған. Қазанғап­тың «Балжан 35 жаста», «Бұраң­даған келіншек», «Өмір жайлау» күй­лері Нұрболат Жанамановтың орындауында алғаш рет жария­ланып отыр.
– XIX ғасыр қазақ халқының өнерінің шырқау шыңына көте­рілген кезі болды. «Алтын ғасыр» аталатын осы кезеңде Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір, Дина, тағы басқа небір майталман күйші-композиторлар дүниеге келіп, қазақтың күй өнерін бұрын болмаған биік өреге көтерді. Міне, осындай ұлы күйші-компози­тор­лар қатарында Қазанғап Тілеп­бер­генұлының есімі ерекше аталады. Күйшілік өнерде өзгеге ұқсамай­тын сара жол салып, өзіндік орын­даушылық мектебін қалыптас­тырған саңлақ күйшілеріміздің бірі – Қазанғап, әсіресе, «Ақ­желең» деп аталатын тармақты күйлерге айтарлықтай үлес қосып, оны түр және мазмұн жағынан байытқан. Заманында Ақжелеңнің 62 түрін түгелдей тартып «Күйдің пірі» атанған Қазанғап қазақтың күй мәдениетінің інжу-маржан­дары қатарында тұратын шығар­малар туындатып, оны орындап кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыр­ған. Қазанғаптың күйшілік мек­тебін жалғастырған ізбасар күйші­лер деп Жәлекеш Айпақов пен Кәдірәлі Ержановты алдымен айтамыз. Ал Қазанғап күйлерін республика жұртшылығына таны­туға, насихаттауға ұлан-ғайыр еңбек сіңірген майталман дом­бырашы Сәдуақас Балмағамбетов­тың есімін ерекше атауға болады. С.Балмағамбетовтың орын­дауында Қазанғап күйлері биік шеберлігімен, аса көркемдігімен, ой тереңдігімен, мазмұн байлы­ғымен ерекшеленеді. Ол кісі тартқан Қазанғаптың «Көкіл», «Жұртта қалған», «Өттің, дүние!», «Кіші Қаратөс», «Шырылдатпа» күйлері терең ой-толғамдарды біл­дірсе, «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Торы аттың кекіл қақ­пай», «Жем суының тасқыны» туын­дыларында асқақ шабыттың қуаты сезіледі, ал «Бұраңбел Ақ­желең», «Кербез Ақжелең», «Шы­ныаяқ тастар», «Домалатпай Ақ­желең» шығармаларында тебі­реніске толы махаббат сезімдерін баяндайды. Күйші шығармашы­лығының бір бөлігі әйел затының сұлулығын бейнелейді, олардың бір парасы Балжанға арналған. Мысалы, «18 жасар Балжан қыз», «Ұлықсат берші Балжан қыз», «Балжан отыз бесте», «Балжан әйел» және тағы басқа. Осылардың ішінде «18 жасар Балжан қызға» ерекше тоқталуға болады. Бұл шы­ғарма жүрек қылын шертетін нәзік лириканың ішіндегі теңдессіз туын­дылардың бірі. Орындау­шыдан шеберлікті, жүректілікті, түсінікті қажет ететін күрделі шығарма. Әсіресе, осы күйді 
С.Балмағамбетов асқан шеберлік­пен, ерекше нақышпен орындай­ды. Күй өнерінің соңына түскен кез келген домбырашы мұны тар­туға құмартқанымен, оңайлықпен иіне келе бермейді. Сәдуақас ағаны алғаш көріп, жақын та­нысуымда осы күйді үйренуге байланысты болып еді, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының доценті Мұрат Әбуғазы. 
Өнер зерттеушісі консерва­тория қабырғасында оқып жүрген кезде Қазанғаптың көп күйлерін Сәдуақас ағаның өз қолынан үйренгенін айтады. «Сәдуақас аға табиғатынан ерекше дарынды күйші, екі қолдың үйлесімі ерек­ше, қағысты алуан түрлі құбылтып алғанда тыңдаушысын еріксіз тәнті етпей қоймайды. Күйдің күрделі иірімдерінің өзінде әр дыбысы маржандай төгіліп шы­ғады. Кез келген дыбысты бос жібермейді, жүректен өткізеді. Қазанғап күйлерін орындағанда шеберлік шыңын бағындырған Сәдуақас ағаны замандастары «тірі Қазанғап» деп бағалаулары тегін емес еді. С.Балмағамбетов Қазанғап күйінің мұрасына адал еді. Саналы ғұмырын Қазанғап күйлерін насихаттауға арнады» деп еске алады М.Әбуғазы. 
Күйші көзі тірісінде Қазан­ғаптың өмірі мен шығармашы­лығына, күйлердің шығу тарихы жөнінде көптеген деректерді де ел арасынан жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Алайда көзі тірі кезінде жарыққа шығара алмаған. Өмірден өткеннен кейін «Саз зергері – Қазанғап» атты жинағы профессор А.Тоқтаған мен М.Әбуғазы ноталық редакциясы­мен 2001 жылы жарық көрген. «Сәдуақас ағаның артына қалдыр­ған мұрасын шашау шығармай жинақтап, жариялап отырған жары Батима апай мен ұлы Әділкерейге елдің ризашылығы мол. Қазанғап күйлерін Сәдуақас Балмағамбе­товтен көптеген домбырашылар үйреніп, орындап келеді. Бүгінгі күні Нұрболат Жанаманов, Талап Хамзин және өзім Қазанғап күйлерін Сәдуақас ағаның тарту үлгісімен орындап жүрміз. Бірақта Сәдуақас Балма­ғамбетовтей Қа­занғаптың күй­лерін тарта аламыз деп айту қиын. Оның күй тарту­дағы шеберлігі әлі талай ұрпаққа аңыз болары анық. «Жақсыдан – шапағат» демекші, Сәдуақас Балмағамбетовтей шебер домбы­рашының күйін тың­дап, батасын алғанымды әрдайым мақтаныш­пен айтамын» дейді Мұрат Әбуғазы. 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ