Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ұлы далада жолбарыс қайта жорта ма?

Ұлы далада жолбарыс қайта жорта ма?

Айқын-ақпарат
995
Ұлы далада жолбарыс қайта жорта ма? Қазақстанда жануарлардың екі жүзден астам түріне жойылу қаупі төніп тұр.

Бұл туралы кеше Сенаттағы биоалуандылықты сақтауды заңнамалық қамтамасыз етуге арналған қоғамдық тыңдаулар кезінде палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Осы орайда Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) елді елең еткізерлік бастама жасады: ұйым қазақ даласына жолбарысты қайтару жобасын қолға алуды ұсынады.

– Ғалымдардың айтуынша, соңғы онжылдықта еліміздің орман қоры 10 пайызға, Алтай ормандары – 13 пайызға, Іле Алатауы бөктеріндегі алма бақтары төрттен бірге азайып кетті. Бұған қоса, омыртқалы жануарлардың 126 түріне, омыртқасыз жануарлардың 96 түріне, сондай-ақ өсімдіктің 387 түріне жойылу қаупі төнді, – деген Сенат төрағасы су балансының сақтал­мауы, өзендердің ластануы Сырдария, Ертіс, Іле секілді біздің ең ірі өзен­дері­міздегі экологиялық жағдайдың айтарлықтай нашарлауына әкелгенін айтты. Ол қазақстандықтарды отаны­мыздағы жануарлар және өсімдіктер әлеміне қамқорлықпен қарап, аялауға шақырды. Спикердің айтуынша, та­биғаты азып-тозып кетсе, Қазақстанның озық дамыған елге айналуы неғайбыл. 
Сөз түйінде Қ.Тоқаев экология проблемаларын шешу үшін биоло­гиялық әралуандылықты сақтауға және оңтайлы пайдалануға ынталандыратын, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. 
Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Ресейдегі бағдарламасының директоры Екатерина Воробьева Қазақстаның Іле – Балқаш аймағында жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру ісі қолға алынса, өздерінің көмекке келуге, тіпті оператор болуға даяр екендіктерін білдірді. Бұл өңірде кезінде шерілер болған, бірақ адамдар қолымен жойылды. Рас, бұл жақты мысық тектестердің қайта мекен етуіне жағдай бар, бірақ бар мәселе қаржыға тіреледі. Жобаның тек бас­тапқы ке­зеңіне ғана 4 миллиардтай теңге қажет. 
«Бұл расында, өте ғаламат жоба. Сол арқылы Қазақстан табиғаттағы жол­барыс тұқымын қайта қалпына келтір­ген әлемдегі алғашқы мемлекет атанар еді. Жобаның орташа мерзімі – 20-25 жылдай» деген Е.Воробьева сонымен бірге жолбарыс ашықпай, тіршілік кешуі үшін өңірдегі тұяқты жабайы жануарлар басын көбейтіп, ол ме­кендейтін су мен орман аумағын кеңей­ту, Іле – Балқаш табиғи резерватын құру керектігін алға тартты. Әйтпесе, жол­барыстар малдарды жайпап, ауылдарға шабуы ықтимал. 
Журналистер сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев та жолбарысты қайтаруға әбден болады деп санайды. «Жолбарыс бұрын қазақ жерін, Сыр мен Іле бойын мекендеген. Соңғы жолбарысты адамдар соғыс алдында Іле жақта көрген. Қазір ол жердің бәрінде елді мекендер бой көтерді. Дегенмен жолбарыстың шектеулі санын шағын бір аумақта, адам баспайтын жерлерде ұстауға болады. Ондай жер жоққа тән, ендеше бұл мәселе тек Іле – Балқаш резерватын құру арқылы ғана шешіле алады» деген ол, сондай-ақ Іленің бойындағы тоғайды қалпына келтіру талап етілетіндігін де еске салды. АШМ басшылығы өкілінің тұжырымдауынша, осындай жұмыстардың бәріне 25-30 жыл кетеді. 
Вице-министр Іле – Балқаш ре­зерватын құру жұмыстары қаржы тап­шылығына маңдай соғып тұрғанын қосты. Әйтпесе ғылыми негіздеме де, жер де дайын көрінеді. Министрлік бұл мәселені шешуді 2018 жылға қалдырған екен. 

Елдос СЕНБАЙ