Негізгі бет  /  мақалалар  /  Алтын адам жер қойнына тапсырылады

Алтын адам жер қойнына тапсырылады

Айқын-ақпарат
1616
Алтын адам жер қойнына тапсырылады Қазіргі уақытта Даниядағы Копенгаген университетінің геогенетика орталығының мамандары «Алтын адамның» қаңқа сүйегіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оның қорытындысы дайын болған соң, алтын адам келесі жылы көктемде « Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аумағында жерленеді. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында қорық-мұражайдың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Мұхтарова жеткізді.

«Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес құндылық. Арнайы зерттеулер, қайта қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде оның маңыздылығы күннен күнге артып, біздің дүниетанымымызды кеңейте түспек. «Алтын адам» табылғалы бері 45 жылдан астам уақыт өтсе де, оны зерттеу жұмыстары толастамай, тіпті шетел ғалымдарының қызығушылығы жыл санап артуда. Дегенмен, ел Тәуелсіздігінің символына айналған, Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде, ҚР Президентінің резиденциясында, ҚР Ұлттық банкінде, ұлттық, орталық музейлерде орын алған «Алтын адамның» айналасында әлі күнге дейін айтыс-тартыс аз емес», - дейді Гүлмира Мұхтарова.

Оның айтуынша, Алтын адамның шығу тегі, жасы, жынысы, әлеуметтік дәрежесі, киіміндегі алтын әшекейлердің орналасу тәртібі мен мәні секілді жауабы табылмаған сұрақтар әлі күнге дейін жетерлік. Тек бір қаңқа сүйегі бойынша қаншама жұмбақ бар.

«2011 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері осы сұрақтарға жауап іздеп, зерттеу жұмыстарын бастаған. Бірінші кезекте, 1969-70 жылдардағы экспедиция мүшелері мен куәгерлермен сұхбат жүргізіліп, мұрағат құжаттары мен деректі фильмдер зерттелді. 2016 жылы «Тайны Золотого человека» атты жинақтың баспасөзде жарық көруі сол еңбектің жемісі. Екіншіден, осыған дейін із-түзсіз жоғалып кетті деп есептелген «Алтын адамның» қаңқа сүйегі 2013 жылы «Есік» қорық-музейіне қайтарылды. Қорық-музей қызметкерлерінің қуанышы қаңқа сүйекті зерттеу арқылы көптеген сұрақтарға жауап іздеу сынды жауапкершілігі үлкен жұмысты атқаруға ұласты. Ең алдымен, қаңқа сүйектің «Алтын адамға» тиесілі екендігін дәлелдеу, дәлелденген жағдайда сараптама жұмыстарын жалғастыру мәселесін шешу керек болды. Өкінішке қарай, сүйектердің арасында бас сүйегінің болмауы мүмкіншілікті шектеді», - деп әңгімеледі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры.

Содан табылған қаңқа сүйек «Алтын адамды» алғаш тапқан археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов пен кезінде археолог-студент ретінде экспедицияға қатысқан, қазіргі кезде сақ тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген, білікті маман Әлішер Ақышевқа көрсетілген. Кейін олар мойындаған қаңқа сүйекті белгілі антропологтар Оразақ Смағұлов пен Айнагүл Смағұлова зерттейді. Ғалымдар қаңқа сүйектерінің нашар сақталғанын айта отырып, жасы шамамен 17-20 жастағы ер адамның сүйегі деген алғашқы сараптама қорытындысын берген.

«2015 жылдың маусым айында «Есік» қорық-музейіне келген венгрлік антрополог ғалым Андраш Биро «Алтын адамның» иық және жамбас сүйектерін мұқият қарап, оның жетіліп келе жатқан, 16-18 жастағы бозбаланың сүйегі болуы мүмкін деген қорытынды жасады. Сүйектерінің жіңішкелігі оның ақсүйектер әулетіне жататындығын көрсетті. 2014 жылдың сәуір айында Ресей ғылым академиясының этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов қорық-музейге келген кезінде: «Керемет музей! Қаңқа сүйектің «Алтын адамдікі» екеніне күдігім болғанын жоққа шығармаймын. Көзімді жеткіздіңіздер! Дегенмен де сараптама жұмыстары жүргізілуі тиіс», - деген қолтаңба қалдырды. 2015 жылы «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» ғылыми-қолданбалы жобасының аясында ресейлік антрополог ғалым Александра Китова музей қорындағы қаңқа сүйек пен 1970 жылғы қазба жұмыстары кезінде түсірілген қаңқа суреттерін салыстыра отырып, қорық-музейде сақталған сүйек «Алтын адамның» сүйегі деген қорытынды берді», - дейді Г.Мұхтарова.

2015 жылы Дания мемлекетіндегі Копенгаген университетінің геогенетика орталығының мамандары қызығушылық танытып, алтын адамның қаңқа сүйегінің үлгісін алып кеткен.

«Режиссер Арман Нұрмұханбетов пен Shejire DNA project жетекшісі Нұрбол Баймұханов арқылы Копенгаген университетінің геогенетика орталығымен танысуға мүмкіндік туды. Арадағы келіссөздер нәтижесінде тамыз айында аталмыш орталықтың жас маманы Петер Даамгард «Алтын адамның» қаңқа сүйектерінен ғылыми зерттеу үшін (DNA genoma) саусақ сүйегінің азғантай бөлігін алып кетті. 2016 жылы Петер Даамгард қаңқа сүйектен екінші рет үлгі алып кетті. Қазіргі уақытта біз зерттеу нәтижесін күтудеміз», - деді Гүлмира Райылқызы.

Даниялық ғалымдардың зерттеуінің қорытындысы дайын болған соң, «Алтын адамның» сүйегі жер қойнауына тапсырылмақ. Гүлмира Мұхтарованың айтуынша, оны «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аумағында жерлеу көзделіп отыр.

«Алтын адамның» бас сүйегін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ әлі табылған жоқ. Сондықтан «Алтын адамның» қаңқа сүйегін келесі жылы көктемде жер қойнауына тапсырамыз», - дейді қорық-мұражай директоры.

2016 жылы қорық-музейде «Алтын адамның» зерттелу тарихына арналған жаңа экспозициялық зал ашылған. Бұл жерде 1970 жылғы қазба жұмыстары кезінде «Алтын адаммен» бірге табылған заттардың түпнұсқасын, мұрағат құжаттарының көшірмелерін, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін, «Алтын адамға» қатысты мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалармен танысып, жинақтағы куәгерлердің сұхбаттарын тыңдауға мүмкіндік бар.