Негізгі бет  /  мақалалар  /  Үш күнде 3 мыңға жуық жол ережесі бұзылған

Үш күнде 3 мыңға жуық жол ережесі бұзылған

Айқын-ақпарат
1362
Үш күнде 3 мыңға жуық жол ережесі бұзылған Таяуда ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің тәртіп сақшылары үш күндік «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, 2790 жол жүру ережесін бұзған жағдайды анықтады.

Бұл туралы baq.kz тілшісі хабарлайды.

Аталған шараның мақсаты - облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, автоапаттылықтылық деңгейін азайту, жол-көлік оқиғаларын және олардың салдарынан болатын ауыртпашылықты төмендету болып табылады.

"Жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы мен өзге де бөлімдер күшейтілген қызмет атқару тәсіліне көшірілді. Тәртіп сақшылары тасымалдаумен айналысатын, олардың ішінде жолаушы, багаждар мен жүктер, жолаушы және жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге қатысты құқықбұзушылықтың алдын алуға аса көңіл бөлді" - дейді облыс баспасөз қызметі.

Тіркелген 2790 жол жүру ережесін бұзушылық жағдайларын тарқатып айтсақ, ең алдымен, оның 88 фактісі қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты орын алған. Қауіпсіздік белдігін тақпау себебімен 723 жүргізуші анықталса, ұялы телефон пайдалануға бойынша 490, маневр жасау тәртібін бұзған 125, техникалық байқаудан өтпеген 93, жылдамдықты арттырумен көзге түскен 92 азамат тоқтатылған. Сонымен бірге, бағдаршамның тыйым салынатын сигналына өту бойынша 14, қарама-қарсы жолағына шығу жағдайымен 8, авариялық ахуал туғызған 7 және жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген 28 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мұнан бөлек, полицейлер көлік құралын масаң күйде басқарған 35 жүргізуші мен бағдаршамның тыйым салынған сигналынан және рұқсат етілмеген жерден өтіп, жолда жүру қауіпсіздігін бұзған 80 жаяу жүргінші анықтады.
«Жедел алдын алу шарасына тек Жергілікті полиция қызметкерлері ғана емес, жолаушы тасымалы және автомобильді жол басқармасының өкілдері, сондай-ақ, транспорттық бақылау өкілдері жұмылдырылды. Барлық ереже бұзушылар заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», - деп көрсетті ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы полиция полковнигі Балтабек Абылаев.