Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жеңіске жетпегеніне 2 жыл болды

Жеңіске жетпегеніне 2 жыл болды

Айқын-ақпарат
1039
Жеңіске жетпегеніне 2 жыл болды Қазақстан құрамасының өз алаңында жеңіске жетпегеніне 2 жыл болды. Соңғы рет отандастарымыз 2014 жылдың 5 қыркүйегінде «Астана-Аренада» Қырғызстан құрамасын 7:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын.

Содан бері Астана мен Алматыда Қазақстан 8 матч өткізіп, 4 ойынды тең аяқтады (Латвия - 0:0, Буркина-Фасо - 0:0, Польша - 2:2, Румыния - 0:0), 4 кездесуде жеңілді (Чехия - 2:4, Исландия - 0:3, Түркия - 0:1, Голландия - 1:2).

Ресми кездесулерде Қазақстан құрамасының өз алаңындағы жеңіссіз сериясы да - 8 матч. 2013 жылдың 6 қазанында әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында отандастарымыз Фарерді 2:1 есебімен жеңген болатын. Содан бері Швеция, Латвия, Чехия, Исландия, Түркия, Голландия, Польша және Румыния құрамалары елімізге ресми кездесулерге келіп, 5 рет жеңісті қанжығалап кетті, 3 рет тең нәтижеге қол жеткізді.

Қазақстан құрамасының өз алаңында жеңіссіз мачтар сериясының ең ұзағы - 9 матч. Бұл серия 5 жылдан астам уақытқа созылды. Қазақстанның футбол одағы АФК-дан шығып, УЕФА құрамына енген кезеңде отандастарымыз 9 матч бойы Алматыдағы Орталық стадионда жеңіске жете алған жоқ. 2001 жылдың 25 сәуірінде Иракпен тең түсіп (1:1), әлем чемпионатына іріктеудің шешуші кезеңіне шығудан үміт үзген соң, Масудов, Пахомов, Тимофеев сынды мамандар жаттықтырған команда 2006 жылдың 2 шілдесіне дейін өз алаңында жеңу дегенді ұмытты.

Осы 5 жыл ішінде Алматыға Ирак (1:1), Эстония (1:1), Әзербайжан (2:3), Украина (1:2), Албания (0:1), Түркия (0:6), Грузия (1:2), Грекия (1:2) және Дания (1:2) құрамалары келіп, олжаға кенеліп қайтты. 

Келесі ресми кездесуді өз алаңында Қазақстан құрамасы 2017 жылдың 10 маусымында Даниямен өткізеді. Оған дейін Алматыда немесе Астанада жолдастық кездесулер өткізіп жеңіске жетпесе, тіпті Данияны тізерлете алмаса, Қазақстан өз тарихындағы ең сәтсіз серияны (9 матч) қайталайды.

 

statsport.kz