Негізгі бет  /  мақалалар  /  Азаматтардың жеке мәселелеріне ортақтасты

Азаматтардың жеке мәселелеріне ортақтасты

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
988
Азаматтардың жеке мәселелеріне ортақтасты «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

«Керуен» компаниясының бас ди­ректоры Дидар Еркебай есімді қытайлық азамат Қазақстанның ет өнімдерін Қы­тайға экспорттауға қолдау көрсетуді сұрады. Ол «Қазақстанда жасалған» деген брэндпен жаңа ет маркасын қалып­тастыруды ұсынып, оны Қытай нарығына шығарудың жолдарын көрсетті.

– Сіздерге алдын ала жасалған бол­жамдар мен зерттеулердің нәтижесін ұсынып отырмын. Егер біз Қазақстан Үкіметінен қолдау көретін болсақ, 1700 адамды жұмыспен қамтимыз. Өзім Қа­зақстанның азаматтығын алуға құжат тапсырып қойдым. Бұйыртса, ата-қо­нысымның экономикасын дамыту үшін шетелдің қаржысын тартуға қолымнан келгенше үлес қосамын.
Қазірдің өзінде Қазақстанның ет өнімдеріне қытайлықтардан үлкен сұраныс болып тұр. Жасыратыны жоқ, кедендік кедергілерге байланысты біз олардың сұранысын қанағаттандыра алмай отырмыз.
Біз шетелге Қазақстанның Семей өңірінен басқа барлық аймақтарының етін экспорттауды жоспарлап қойдық. Бірден айтайын, Семейдің етін шекара асыра алмаймыз. Себебі, шетелдіктер бұл етке күмәнмен қарайды, – деді қанда­сымыз.
Өтініш иесін мұқият тыңдаған де­пу­тат Мемлекет басшысының жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттау туралы тап­сырмасы бар екенін тілге тиек етті және шетелдік азамат өте орынды бастама көтеріп отырғанына тоқталды.
– Түрлі қоспалар қосылған тағамдар таза әрі сапалы етті алмастыра алмай­тыны cөзсіз. Сіз кәсіпкер ретінде тың бас­тама көтеріп отырсыз. Мәселеңізді ауыл шаруашылығы министрлігінің күн тәртібіне қоямын. Сізбен тұрақты байла­ныста боламыз, ұсынысыңыз қолдау табады деген сенімдемін, – деді ол.
Атбасар қаласынан келген Ирина Бугера есімді ана халық қалаулысына жы­­лап отырып мұң шақты. Оның сө­зінше, «Элита» кәсіпорнында жұмыс іс­теген ұлы жоғары кернеулі тоққа түсіп, жантәсілім еткен. Сот-медициналық са­рап­тамасы «марқұм жұмыста емес, үйін­де қайтыс болды» деген құжат берген.
«Бізге «Элита» кәсіпорнының басшы­лары көңіл айтып та келген жоқ. Іс тоқ­тап тұр. Сот өкілдері түрлі сылтау айтып, бізді өздеріне маңайлатар емес. Балам­ның үйде емес, жұмыста қайтыс болға­нын әрең дәлелдеп, құжатты қайта жа­саттым.
Маған ешкімнен ешнәрсе қажет емес. Сіздерден баламның өліміне кінәлі адамдардың жазалануына ықпал етуді ғана сұраймын» деді қайғыдан көкірегі қарс айырылған ана.
Б.Мамраев арысын жоғалтып отыр­ған анаға көңіл айтып, бұл істе шикілік бар деп ойлайтынын жеткізді.
«...Мәселенің ақ-қарасын анықтауға қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Құзырлы мекемелерге ресми сауал жол­дай­мыз. Бұл іске кәсіби заңгерлерді жұ­мыл­дырамыз. Кінәлілер анықталса, олар­дың қылмыстық жауапкершілікке тар­тылуын назарда ұстаймыз» деді де­путат.