Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ұлттық брендтің өрісі қайтсе кеңейеді?

Ұлттық брендтің өрісі қайтсе кеңейеді?

Айқын-ақпарат
1109
Ұлттық брендтің өрісі қайтсе кеңейеді? Әр мемлекеттің аты ұлттық брендтері арқасында шығады.

 Олардың ішінде, әсіресе, өнеркәсіптік сипатындағыларының берер пайдасы мен ырысы көл-көсір: солар арқасында елге инвестиция құйылады, экономика мол пайда көреді, халықтың әл-ауқаты артады. Осыған орай кеше «Нұр Отан» фракциясының жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің кезекті отырысына «Өңдеу өнеркәсібін, экспортқа өнім шығару мүмкіндігі бар кәсіпорындарды және Made in Kazakhstan брендін дамыту» тақырыбы арқау болды. 
Кеңес төрағасы Бейбіт Мамраев ұлттық бренд­тің негізгі нышаны оның инновациялы бо­луы екендігін қаперге салды. Мысалға, дамыған елдердің ЖІӨ-сінің өсімі 50-90 пайызға дейін иннова­циялар және жаңа технологиялар арқа­сында қалыптасады екен. Бұл ретте ел эконо­микасы әртараптандырылуы шарт. Егер эконо­мика бір секторға, мысалы, мұнайға тәуелді болса, ол салаға қанша инновация ендірсең де, экономикалық өсім бірте-бірте шектелмек.
Жиында Инвестициялар және даму ми­нистрінің орынбасары Тимур Тоқ­та­баев ұлттық брендтерді дамыту ба­ғы­тында не істеліп жат­қандығына тоқталды. 
– Әлемде қалыптасқан күрделі жағ­дайларға қарамастан, отандық өңдеу өнеркәсібі дағдарыс кезеңінде орнық­тылығын паш етуде. Биылғы 9 ай қоры­тындысында бұл саланың өнім шығару көлемі 0,6 пайызға өсті. Атап айтқанда, осы мерзім ішінде металлургиялық өнер­кәсіп 7,8%-ға, химия – 0,1%-ға, фармацевтика – 2,1%-ға өсті. Жеңіл өнеркәсіпте дайын металл бұйымдары – 1%-ға, резиналық және пластмассалық бұйым­дар – 1,8%-ға, қағаз өндірісі – 3,5%-ға, ағаш бұйымдарының өндірісі – 8,7%-ға ұлғайды, – деді вице-министр. 
Дегенмен «Қазақстанда жасалған» таңбалы «темір тұлпарлардың» нарық­тағы өрісі тарылып, дағдаруда екен: биылғы жыл басынан бері ма­шина жасау 18,6 пайызға құлдыраған. Тұрғын үй құ­рылысы артқанымен, құрылыс материал­дарын жасау өндірісі 5 пайызға төмен­депті. 
Тимур Тоқтабаев өз ведомствосының индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстарды жал­ғастырып жатқанын мәлім етті. «Біз өз ал­дымызға ғаламат міндет қойып отырмыз: Қазақ­стан алдағы 20 жыл ішінде индустриялық дамы­ған елдер қатарына кіруі тиіс» деді ол. 
– Осы мақсатта біз еңбек өнімділігін арттыру, инновациялық әзірлемелерді ендіру, заманауи басқарушылық техноло­гияларды енгізу, тұтастай алғанда, кәсіпорындардың негізгі қорларын жаңғырту бағытында жұмыс жүргізудеміз. Қа­зақстанда шикізаттық емес секторды қолдау бағдарламалары іске асырылуда. Жыл сайын ша­мамен 300 қазақстандық экспортшы бағдарламаға қатысады. Сондай-ақ шетелде сауда миссиялары, салалық көрмелер, ұлттық стендтер орналастыру, жарнамалық-тұсаукесерлік іс-шаралар ұйым­дас­тырылады, – деді вице-министр. Жаңа бастаған экспорт­шы­ларға экспорттық қызмет бойынша оқытудан өту, шетелдегі жетекші өндіріс орын­дарында оқыту турларына қатысу мүмкіндігі ұсынылады екен. Орташа ал­ғанда, «жыл сайын 20 шақты елде ша­мамен 100 шара өткізілетін» көрінеді. 
Дегенмен нұротандық депутаттар бұл бағыт­тағы жұмыстарға қатысты біраз сын айтты. «Кей­бір министрлердің, шенеу­ніктердің 99,9 пайызы Қазақстанда тігілген ештеңені де кимейді. Өзім де сондаймын. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп тауарларына деген қажеттілігі шетелдік өнімдер арқылы өтелуде. Осы саладағы үлкен резерв пайдаланылмай отыр» деген депутат О.Өксікбаев ұлттық брендтерді қолдау қаржылардың бәрін бір жерге шоғырландыруды ұсынды. 
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар түзіледі. Шара аясында Made in Kazakhstan брендті тауарлары қойылған көрме ұйым­дастырылды.