Негізгі бет  /  мақалалар  /  Елімнің еркін күлкісі

Елімнің еркін күлкісі

Айқын-ақпарат
944
Елімнің еркін күлкісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, режиссер Асқар Наймантаевтың қолға алуымен жыл бойы жүзеге асып келе жатқан тың бастама Ақтау қаласында мәреге жетпек.

Жоба авторы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Елімнің еркін күлкісі» деген атпен 250-концертін жұртшылық назарына ұсынбақ.

Кейіпкеріміз гастрольдік сапар бары­сында тек қана концерт берумен шектеліп жүрмегенін айтады. Көпшіліктің сұрауы бойыншы оқу орындарында кездесу кеш­тер, шеберлік дәрістер өткізіп, өткен жылы жарық көрген «Алтын тордан шыққан ән» және «Конферансье. Актер және көркем сөздің шебері» атты кітаптарын таратып, оқырман сұрақтарына жауап береді. 
– Мереке аясында еліміздегі барлық ұжымдар өз алдына міндеттеме қабылдап, жоспар жасап жатқанда «Әзілкештер де осы елдің азаматы ғой, солар да бірдеме дейтін шығар» деп біраз күттім. Болмаған соң осы ұранды айдар етіп, жоба жасап, Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдадым. Сөйтсем, «мекенжайы дұрыс емес» деп хатым өзіме қайтып келді. Неде болса бастай берейін, елде не болып жатқанынан ми­нистр­лік онсыз да хабардар болады ғой деген оймен өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысынан бастап кеттім.Одан кейін Пав­лодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын түгел аралап шықтым. Ресейдің Орынбор, Омбы қалаларында, Алматының айнала­сында концерттер өтті. Аяқ астынан Абыралы, Доғалаң, Қайнарға да барып қайт­тым. Өткен қыста Ақтөбенің ақ боранында көлігімізді қар көміп, бір күн, бір түн далада қалдық. Кейбір ауыл тіпті аудан орталық­тарын жазғы күндері жолсызбен жүйткіп, бір тамшы су таба алмай ерніміз кеберсіген де кездер кездесті. Балшыққа батып, малман­дай су да болдық, құмды жолда адастық. Бірақ елдің ыстық ықыласы шаршаға­нымызды ұмыттырды. «Телевизордан ғана көретін артисі ауылына «тірідей» келіп тұр дегенге әу баста сенім­сіз­дік білдіргендер «Ой, тоба, бізге де таны­мал артист келеді екен ғой!» деп таң-та­маша болды. Солтүстік Қазақстан облы­­сында орыс, украин поляк ұлтының өкілдері тұратын ауылдар бар. Адасып жүріп сондай бір елдімекенге аяқ асты концерт беріп, бүкіл репертуарымды орыс тілінде орындап шықтым. «Тамашаны» өмір бойы армандаушы едік, орыс тілінде тұңғыш көріп, түсініп, мәз болып қалдық. Рақмет!» деген алғысты да естідім. Енді Маң­ғыстау облысына аттанып, Ақтауда 250-«Қызық концерт» қоймақ ниеттеміз.Тәуелсіздіктің 25- жылдығына менің тартуым осы, – дейді Асқар Наймантаев.
Әмірлан МӘУЛЕН