Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бизнесмендер билік шыңдарын бағындыруда

Бизнесмендер билік шыңдарын бағындыруда

Айқын-ақпарат
1011
Бизнесмендер билік  шыңдарын бағындыруда Қазақстанда мемлекеттік қызмет жаңаруда және бұл ретте шенеуніктер қатарын бизнесмендер толықтыруда.

 Бұл туралы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Қалаулылар өз жиындарында «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. 

Жобаны таныстырған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров оның бірқатар жаңалықтарын түсіндіре кетті. Қазіргі кезде мемқызметтегі ең ірі лауазымдар кіретін «А корпусының» қызметкерлерін төменгі «Б корпусындағы» орындарға тағайындау тек Мемлекеттік хатшы басқаратын Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен жүзеге асырылады. Бұл тәртіп енді жеңілдетілмек.
– Заң жобасы мұндай құқықты агенттікке беруді ұсынып отыр. Бүгінде осындай тәжірибе төменгі «Б корпусы­ның» қызметкерлерін ауыстыру кезінде қолданылады. Агенттік бұл жағдайларда үміткердің біліктілік талаптарына сәйкес келетіндігі жөнінде қорытынды береді. Бүгінгі таңда «Б корпусына» қарағанда, «А корпусының» үміткерлеріне нақты бір мамандыққа сәйкес келу туралы талап қойылмайды. «Б корпусы» үміткерлеріне білімінің мамандығына сәйкес келуі міндетті талап. Сол себепті, «А корпу­сының» қызметкерлері де зерделеуге жататын болады. Бұл талап Елбасының мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бойынша тапсырмаларынан туындап отыр, – деді Қайрат Пернешұлы.
Мұның сыртында заң жобасы құқық қорғау қызметінен үміткер тұлғалардың заңдарды білу және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өту мерзімін ауыстырмақ. Қолданыстағы заң бойынша мұндай талап келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін еді. Алайда Мемлекет басшысы мұны жылдамдатып, биылдан енгізу керектігі жөнінде тапсырма беріпті. Қайрат Қожамжаров өз агенттігінің бұл тестілеуді өткізуге дайын екендігін мәлімдеді. Оның болжамынша, Ішкі істер министрлігіне және басқа да құқық қорғау органдарына жылына 37 мың адам үміткер болады. 
Тағы бір жаңалық: елімізде мемқыз­метке кандидаттарды іріктеу рәсімін жеделдету жоспарланып отыр. Осы мақсатта мемқызмет кадрларын жасақтау тәртібі қайта қаралады. Қазіргі уақытта бос орындарды толтыру үшін кон­курс­тардың 1-ден 3-ке дейінгі кезеңдері өткізіледі. 
– Ең алдымен үміткерлер сол бос орын туындаған меморганның өз қызметкерлері арасынан ізделеді. Егер лайықтылары табылмаса, келесі іріктеуге барлық меморгандар қызметкерлері қатыса алады. Егер кандидат бұлар арасынан да іріктелмесе, онда жалпы конкурс жарияланады. Әдетте, мұндай конкурсқа қатысушылар саны 2 есе көп болады. Сондықтан бос лауазымдардың 65 пайыздайы дәл осы кезеңде толтыры­лады. Бүгінде конкурстар дәл осындай бірізділікпен жүргізілуде. Тәжірибе көрсеткеніндей, осының бәріне 16-дан 52 жұмыс күніне дейін кетеді. Бұл кадрлық тапшылыққа соқтыруда. Әсіресе, ауылдық және аудандық деңгейлерде. Оларда алғашқы екі ішкі конкурстар қорытындысында бос лауазымдардың жартысынан астамы толмай қалады, – деді мемқызмет агенттігінің басшысы. 
Сондықтан жаңа заң бойынша «екінші ішкі» және «жалпы» конкурс­тарды өзара біріктіру көзделеді. Бұл 
Қ.Қожамжаровтың байламынша, бос орындарға лайықты кандидатты жедел табуға ықпалын тигізуге тиіс. 
«Бүгін біз қарап отырған түзетулер меритократия қағидаттарына қайшы келмей ме?» деп сұрады депутат П.Ка­занцев. Қайрат Қожамжаров конкурстық рәсімдерді оңтайландыру шарасы меритократия қағидаттарына қатысты болмайтынына сендірді.
– Өйткені ең төменгі лауазымдарға түсу үшін конкурс сақталады. Ал іс ба­сындағы мемлекеттік қызметшілер үшін конкурс тек мансаптық өсу кезінде ғана қолданылады. Қазір мемлекеттік қызметке тұру конкурсына қатысушы­лардың 60 пайыздайы осы қызметке алғаш рет тұратын адамдар болып отыр. Биылғы жылы мемқызмет 5 жарым мыңдай адамға жаңарды. Олар бізге бизнестен, басқа салалардан және жоғары оқу орындарын бітіріп келді, – деді ол.
Агенттік төрағасының айтуынша, меритократия қағидаттарының сақталуы бақылауға алынады. Бұл үшін екінші конкурс түрі өткізілмейтін жағдайлар жеке анықталады. Атап айтқанда, бұ­ған ве­теринар, геолог секілді дара маман­дық­тарға, сондай-ақ басшылық лауа­зым­­дар­ға кандидаттар іздеу жатқызылады. Өйткені осылайша, төменнен көтеріліп келе жатқан білікті маманның жоғары лауазымдарға өсуіне жол ашылады екен. 
«Бүгінде «А корпусының» резервіне іріктеу бойынша өте күрделі тетік жұмыс жасайды, – деді депутат С.Бычкова. Сонымен бірге, іріктелген тұлғалардың өздері жұмысқа тұрмаса, 2 жыл өткеннен кейін резервтен автоматты түрде шыға­рып тасталады. Бұл ретте тіпті «А кор­пусында» бос орын болғанның өзінде резервтегілер үшін тағайындалуға қол жеткізу өте қиынға соғады. Өйткені босаған жоғары лауазымдарды белгілі бір тұлғалар иеленеді, олар бір меморганнан екіншісіне көшіп жүреді. Салдарынан, өзіндік бір «жабық клубтың» қалыптасуы ықтимал. Біздің ойымызша, бұл жағдай мансаптық жылжу қағидатының өзін дискредитациялайды, абыройсыздан­дырады». 
Қайрат Қожамжаров ұсыныстар түзу үшін бұл мәселені пысықтап жатқандарын жеткізді. Ол мемлекеттік қызметтің кадрлық резерві жойылуы мүмкіндігін де айтып қалды. «Дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Оларда резерв қалыптастырмай-ақ тікелей мемқызметке тұру қолданылады. Бұл ретте үміткерлер барлық сынақтардан өтеді. Демек, бұл ұстаным да ескеріледі. Біз ұсыныстармен шығамыз» деді ол.
Агенттік жетекшісі «командамен көшіп жүру» кеселіне тосқауыл қою жалғасатынын жеткізді: «Қазіргі уақытта конкурстан тыс тағайындаулар 25 есе сиреді. Оның үстіне біз орталықта да, жергілікті деңгейлерде де қай жерде басшылардың ауысып жатқанын көріп отырмыз: «кадрлардың ағуы» жүруде. Оның әралуан себептері көрсетіледі: өз қалауы бойынша жұмыстан босау, басқа жұмысқа ауысуына байланысты деген сияқты. Бірақ біз олардың астарында басқа да себептер жасырулы екенін түсінеміз. Біздің агенттік бұл жағдайларға тек өзіне тиісті өтініштер түсіп жатса ғана араласа алады. Сондықтан меморгандар­дың бірінші басшыларының қызметін бағалау индикаторларының қатарына «кадрлардың ауыса беруін» де енгізу керек деген тұжырым бар» деді Қ.Қо­жамжаров. 
Айтқандай, осы күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 300-ден астам шенеуніктің қызметтік этиканы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартыл­ғанын хабарлады. Биылғы 9 ай ішінде тәртіптік жазаға тартылған 3 535 мемқыз­метшінің 10 пайыздайы әдепті бұзғаны үшін де жазаланыпты. Оның ішінде 8 шенеуніктің лауазымы төмендетілген, 17-сі мемлекеттік қызметтен қуылған. Мәселен, мас күйінде көлік айдағаны үшін Этика жөніндегі кеңес ұсынымы бойынша Маңғыстау ауданы әкімінің аппарат басшысы орнынан алынды. Дәл осындай жүгенсіздігі үшін Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Отрадненский ауылының әкімі де жұмысынан қуылған. 
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, этика бойынша уәкіл атты жаңа институты ен­гізілгенін айта кеткен жөн. Оған ше­неу­ніктердің әдеп тәртіптерін сақтауын бақылау және оларды бұзуының алдын алу міндеті жүктелген.
Жиын соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Мәжіліс құптаған жаңа заңның мансаптық саты бойынша адал, тәжірибелі, әрі білікті қызметкер­лердің көтерілуіне және ақыр соңында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға септесетіндігінен» үміт білдірді. 
– Ал мемлекеттік және құқық қорғау қызметтерінің стандарттарын бірыңғай­ландыру олардың бір мақсаты – Елбасы мен елге қызмет ету аясында топтасуын қамтамасыз етеді деген сенімдеміз, – деді спикер. 
Бұл заң сондай-ақ Мемлекет басшы­сының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгілеген міндеттерді орындауға бағыт­талады.
Жалпы, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, қалау­лылар депутаттық сауалдарын жариялады. Г.Иксанова бастаған «Нұр Отан» фракциясының бір топ депутаты Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қайырылып, «өндірілетін және сатып алатын мектеп формасының бірыңғай стандарттарын әзірлеп, бекітуді» сұрады. «Міндетті мек­теп киімін ендіру тәртіпті, білім берудің зайырлы сипатын арттыруға және оқу­шылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік көріністерін жоюға септеседі» дейді қалаулылар. 
Нұротандық депутат В.Олейник Әділет министрі М.Бекетаев пен Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа депутаттық сауал жолдап, онда алименттерді өндіру мәселесін көтерді. Қалаулы соңғы жыл­дары тек Мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша үш депутаттық сауал жолда­ғанын еске салады. 
Сондай-ақ «Нұр Отан» фракциясының мүшесі А.Тасболатов та депутаттық са­уа­лын жария етті. Ол мектептердегі «бас­тапқы әскери дайындық» пәнін міндетті пәндер қатарынан алып тастауға қатысты ұсыныстардың орынсыз екенін айтты.