Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шаң басқан архивтен шындық іздеген

Шаң басқан архивтен шындық іздеген

Айқын-ақпарат
957
Шаң басқан архивтен шындық іздеген ҚР Президенті архивінің ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел» қайраткерлері: ақын Ғалым Жайлыбай» тақырыбында шығармашылық кездесу өтті.

 Бұл шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орайластырылып отыр. Кездесудің бас кейіпкері ретінде Ғалым Жайлыбайдың таңдалуының да өзіндік себептері бар. Бұған іс-шара барысында көзіміз жетті. 

Ақын Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары мен қуғын-сүргін құр­бандары, 1930-жылдары ашаршы­лықтан босқынға ұшырағандар туралы «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэ­маларын жазу үшін архив деректерін қара сөзбен келтіріп жазған. Кездесуге негіз болған да осы шығармалары еді. 
Ғалым Жайлыбай туралы ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаров былай деді:
– Қазақ елінің тарихындағы ақтаң­дақтарды батыл айтып, ұрпаққа өнеге беруді мақсат тұтқан Ғалым Жайлы­байдың шығармашылығымен көп­шілікті таныстырсақ деген ниетпен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Архивтен деректер теріп, оны әдемі тілмен, ерекше қалыпта жеткізу оңай шаруа емес. Күні кеше Астана қала­сында ақынның «Есіл ағады» атты кезекті жыр жинағы жарық көрді. Диапазоны кең әншілер болғанындай, қанатын кең жайған ақын-жазушылар да болады. Мінеки, сол секілді «Есіл ағады» өлеңінің бір өзі бүкіл астана­лықтардың әнұранына айналғандай. Шаң басқан архивтерден шындық іздеген ақынның поэмалары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Алдағы уақытта «Мәңгілік ел» қайраткерлері серия­сымен кездесулер өткізуді дәстүрге айнал­дырамыз.
Бұл поэмалардың шығу төркінін ақынның өз аузынан естідік. Шын­дықты сезінгендер көз жасына ерік берді.
– «Қара Орамалда» да, «Тамакөш­кенде» де оқиға желісі ойдан құралма­ған. Өзімнің туып-өскен өлкемде бол­ған жайттарды бұрын мектеп кезінде естігенде, сенбеуші едік. Шындық үнемі ащы болады. Поэмалардағы оқиғалар еліміздің тек бір жерінде ғана болған. Бізге әлі белгісіздері қаншама?! Ашаршылық кезі, адамдардың аштықтан бір-бірін жеуі, аналардың балаларын суға лақтыруы секілді түрлі жан-түршігерлік жайттардың орын алғаны ақиқат. Елге деген махаббат, Отанға деген құрмет сезімін ояту үшін тарихты білген абзал. Шығармаларымда шындықты жеткізетін себебім де сол, – дейді ақын. 
Ғалым Жайлыбай Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. «Жүрегімнің жұлдызы», «Жанымның жапырақтары», «Құс қанаты», «Қарашығымдағы қара өлең» және т.б. жыр-жинақтарының авторы. Бүгінде ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етеді. Іс-шара аяқталар тұста ақын ҚР Прези­денті архивінің ұжымына су жаңа кітабы мен татар тілінде жарық көрген жыр жинағын сыйға тартты. 
Айша ЕРСҰЛТАН