Негізгі бет  /  мақалалар  /  2017 жылы әлем назары Қазақстанға ауады

2017 жылы әлем назары Қазақстанға ауады

Айқын-ақпарат
1179
2017 жылы әлем назары  Қазақстанға ауады Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапония мен Оңтүстік Кореяға жасаған мемлекеттік сапары барысында келесі жылы Қазақстанда өтетін халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысты бірқатар келісімдер ресми рәсімделді.

Бұл туралы «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм департаментінің директоры Ален Шайжүнісов мәлімдеді.

Оның сөзінше, Елбасы Азияның қарқынды дамыған екі елінің туристік компанияларымен «Астана ЭКСПО – 2017» бағыты бойынша келісімге қол қойып, Жапония мен Оңтүстік Кореяның бизнес өкілдері мен туристерін Астанаға шақырған.
– Бүгінгі таңда 106 ел, 17 халықаралық ұйым «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қаты­сатындарын растады, 82 ел көрмеге қатысу шартына қол қойды. Бізге белгілі болғандай, Жапонияның AllCo. Ltd. компаниясы «ЭКСПО – 2017» көрмесі ке­зінде Астана мен Бурабайға тур сатуға басымдық бермекші. Ал Оңтүстік Кореяның Kim’s Travel Service Co., Ltd және KORAIL Tourism Development Co. Ltd. туроператорлары Астанада өтетін халықаралық көрмеге өз елдерінен он­даған мың турист тарта алатынына се­німді болып отыр, – деді департамент директоры.
Сөз арасында ұлттық компания өкілі бүгінге дейін 100-ден астам шетелдік тур­операторға Қазақстан бойынша ақпа­рат­тық турлар ұйымдастырылғанын айтты.
– Еліміздің аймақтарын аралату барысында шетелдіктерге Қазақстанның басты туристік нысандары танысты­рыл­ды. Меймандарға Жібек жолы бағыты, Батыс және Шығыс Қазақстан, сонымен қатар Жетісу аймақтарының ең көрікті жерлері көрсетілді. Жалпы, 73 жер ар­найы реестрге енгізілді. Туристер осы жер­лердің барлығына сапарлайды, – деді ол.
Осыдан соң А.Шайжүнісов ЭКСПО көрмесіне келетін қонақтарға «Байқоңыр» ғарыш айлағына бару және зымыран­дардың ұшқан сәтіне куә болу мүмкіндігі берілетінін баяндады.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, зымыран ұшыру отшашу емес. Оның нақты күні және уақыты бар. Туристер зымыранның ұшқан сәтіне тап келсе, оны асықпай тамашалайды. Туристік сапар мен зымыранның ұшу сәті сәйкес келмей қалса, қонақтар ғарыш айлағының тыныс-тіршілігімен танысуды қанағат тұтады. Біздің мақсатымыз – Байқоңыр ғарыш айлағының танымалдығын арт­тыру, сол арқылы елімізге алдағы уақытта турист тарту, – деді департамент дирек­торы.
Бұдан кейін, ол «Болашақ энергиясы» тақырыбын темірқазық тұтатын көрме 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін 93 күн өтетінін атап көрсетіп, халықаралық шара­ға 5 миллионнан астам турист келуі мүмкін екенін тілге тиек етті.
– Біз отандық 7 туроператормен келісімге қол қойдық. Олар халықаралық көрменің 76 мың билетін сатты. Билеттер турпакет түрінде сатылды. Яғни, бізбен келісімге келген туроператорлардан би­лет сатып алған туристер Астанадан бөлек Қазақстанның бірнеше қалаларын аралау мүмкіндігіне және «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалау құқығына ие болды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, келесі жылы елімізге «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға 5 млн турист келеді. Салыстырмалы түрде қарасты­ратын болсақ, 2015 жылы Қазақстанға жалпы саны 6 млн шетел азаматы келген. Оның 65 мыңы Қазақстанды турист ретінде аралаған. Қалғандары жұмыс істеу немесе түрлі форумдар мен кон­ференцияларға қатысу мақсатын көзде­ген. Отандық туроператорлар қазірдің өзінде 3 айға созылатын халықаралық шараға 76 мың турист тартып үлгерді. Біздіңше, бұл жақсы көрсеткіш, – деді А.Шайжүнісов. 
Оның сөзінше, көрме кезінде Астанаға күніне 35-45 мың турист келеді. Қазіргі таңда оларды қарсы алу, орналастыру, көрмемен, еліміздің бай мәдениетімен таныстыру жұмыстарының бағдарламасы жасалып жатыр.
– 93 күнде 3 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл бір күнде 33 түрлі шара өткізіледі деген сөз. Атап көрсетерлігі, Астанада көрмеге қатысушы мемлекеттердің де күндері болады, – деді ол.
А.Шайжүнісов «ЭКСПО – 2017» көр­месіне шетелдік туристердің келетініне зор сенім білдірді.
– 2017 жылы дүниежүзінде аса ауқымды шаралар жоспарланбаған. Ең үлкен шара – Астанадағы халықаралық көрме болады. Бұл – 2017 жылы әлем назары Қазақстанға ауады деген сөз, – деді ол.
Департамент директоры «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ еріктілермен тығыз қырым-қатынас орнатқанын және оларды арнайы курстардан өткізу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанына да тоқталды.
– Еріктілердің жасына шектеу қой­маймыз. Олардың қатарына жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын адамдар тартылады. Қазір еріктілер толық жасақталып болды. Дегенмен біз қосым­ша адамдарды даярлап қоюды көздеп отырмыз. Себебі, көрмеге дейін бір­сыпыра уақыт бар. Бұл аралықта еріктілер мекенжайын немесе отбасылық жағ­дайын өзгертуі мүмкін. Біз мұндай жағдайға дайын болуымыз керек, – деп қорытты сөзін А.Шайжүнісов.