Негізгі бет  /  мақалалар  /  Демалыс аймағын дамыту – басты міндет

Демалыс аймағын дамыту – басты міндет

Айқын-ақпарат
879
Демалыс аймағын дамыту – басты міндет ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Щучинск – Бурабай шипажай аймағын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиында Мемлекет басшысының Ақмола облысындағы бұл бірегей шипажайдың озық инфрақұрылымын құруға ерекше назар аударып отырған­дығы, осыған сәйкес Щучинск – Бура­бай шипажай аймағын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған жоспарын жүзеге асырудың маңыздылығы тал­қыланды. 
– Жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру, туристер ағынын қам­тамасыз ету мақсатында биыл Ақмола облысында 85 іс-шарадан тұратын Щучинск – Бурабай шипажай аймағын дамыту жоспарының екінші кезеңін жүзеге асыру аяқталады. Бүгінгі таңда 47 іс-шара жүзеге асырылды, 38-і орын­далып жатыр. Бірінші кезекте эколо­гия­лық қауіпсіздіктің сақталуын, жол­дар құрылысы мен жөндеуді қам­тамасыз ететін тұрақты жылу-сумен қамту, бірыңғай кәріз жүйесін салу мәселелерін шешу қарастырылған, – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі С.Кулагин.
Премьер-министрдің баспасөз орталығының мәліметінше, Щучинск – Бурабай шипажай аймағын дамыту жоспары аясында ТКШ жобаларын, сумен қамту және су тарту, көлік ин­фра­құрылымы жобаларын іске асырумен қатар, осы салада туристік инфра­құрылым нысандарын дамыту шара­лары да жүзеге асырылуда. Бурабай ауданының экономикасына инвести­циялардың түсуі соңғы жылдары 58 млрд теңгені құраған, олардың 22 млрд теңгесі бюджет қаражаты, 36 млрд теңгесі жеке қаражат. Инвесторлардың қаражатына 48 жайғастыру және дема­лыс нысандары тұрғызылған. Бүгінгі таңда 203 жайғастыру және демалыс нысандары жұмыс істейді, көрсетілетін қызметтер көлемі бес есеге артты. Бір уақытта 9 мың адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. Демалыс орындарының сыйымдылығы 2,5 есеге өсті. Жыл сайын туристер ағыны артуда, соңғы уақытта ол екі есеге ұлғайтылды. Жаз мезгілінде шипажайлық аймаққа 500 мыңнан астам турист, ал жылына бір миллионға жуық адам барады.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин Щучинск – Бурабай шипажай аймағын дамыту жоспарының екінші кезеңін іске асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарыл­ғанын атап өтті. Сонымен қатар А.Ма­мин шипажай аймағын дәріптеу және Қазақстандағы туризм индус­триясын қалыптастыру міндеттерін есепке алып, жоспарды уақытылы іске асырумен қамтамасыз етудің нақты тапсырма­ларын жүктеді. 
Әмірлан МӘУЛЕН