Негізгі бет  /  мақалалар  /  БОЛАШАҚҚА ЕСІК АШҚАН КОЛЛЕДЖ

БОЛАШАҚҚА ЕСІК АШҚАН КОЛЛЕДЖ

Айқын-ақпарат
920
Біз қашаннан «Дүниенің кілті – оқу-білімде» деген ата сөзін ұстанған, табиғатынан жаны білуге, үйреніп-түюге құмар дана халықпыз.

 Сондықтан сөзімізді Елбасы Н.Назарбаевтың: «...Ел байлығы деген не? Ол – білім, ол – жаңа технология, ол – бәрінен бұрын отаншылдық сезім» деген сөзімен бастағым келіп отыр. 

Жылдармен жаңаланып, ақпараттар ағынына ілесіп, заман талабынан көрініп жүрген облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірі – Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі.  Тарихы да, тәжірибесі де бай білім шаңырағы жарты ғасыр бойы кәсіби сапалы мамандар даярлау ісімен айналысып отыр. Мұғалім дайындау – мемлекеттің алдыңғы қатарда дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс, себебі, мұғалім мемлекеттің зияткерлік капиталының іргетасын қалайды. Осы аксиоманы жете түсінетін Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ұжымы 50 жылдық тарихында еліміздің білім саласына 22 мыңға жуық мұғалім даярлап шығарды.
Колледж тарихын екі кезеңге бөліп қарастыратын болсақ, бірінші кезең – құрылғаннан еліміз тәуелсіздік алғанына дейін, екінші кезең тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Елімізбен тағдырлас білім ордасы мемлекетімізбен бірге жетіліп, өркендеп, жылдан-жылға өрістей даму үстінде. Бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара шаңырақтың ел тарихындағы алатын орны ерекше.
1966 жылы Қазақ КСР халыққа білім беру министрлігінің №151 қаулысымен Есік педагогикалық училищесі ашылды. Қазақ  елінің біртуар перзенттері, көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев және Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев қол қойған қаулы негізінде 1966 жылдың 4 мамырында Қазақ КСР Жоғарғы және орта білім беру министрлігінің       №344 бұйрығына сәйкес педагогикалық учили­ще өз жұмысын бастады. Алғашқы түлектерін оқуға қабылдап, оларға 14 оқытушы дәріс берген еді. Алғашқы директоры В.Помогалов болды. Одан кейінгі жылдарда білім ордасын өркен­де­тіп, керегесін кең ұстаған  В.Сагалов, Ж.Бу­каев болса, білім мекемесін келесі кезеңдерде абы­роймен басқарған Н.Бектасова, Қ.Темірғалиев, Т.Естенов  сынды басшылар колледжге сіңірген ұшан-теңіз еңбектерімен ел есінде сақталады. Жыл өткен сайын білім мекемесінің оқытушылар құрамы ұлағатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкіндіктері де арта түсті.
Училище Кеңес Одағы кезінде де орта кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында Бүкілодақтық жарыстарға қатысып, 1984 жылы КСРО ОК мен БОКОК-тің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алып, оқу орнын Одаққа танытқан болатын. Ұлағатты ұстаздар салған сара жол әрі қарай заман талабы мен нарық сұраныстарының қажеттілігіне сай өз жалғасын тауып келеді.
Колледжді қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірген директор, оқу-ағарту саласында аянбай еңбек еткен айтулы педагог Нұрхан Бектасованың есімі оқу орны тарихында алтын әріптермен жазылады. Білікті де білімді басшы мемлекетіміз үшін қиын-қыстау кезең басталған кезде қажырлы еңбегінің арқасында колледждің тәжірибелі оқытушыларын, материалдық базасының басым көпшілігін сақтап, ақылы негізде оқитын топтарды ашу арқылы ұжым мүшелеріне жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Сонымен қатар Қазақстан өз тәуелсіздігін алған жылдары педагогикалық училище аттестациядан үздік өтіп, 1993 жылы педагогикалық колледж болып атауы өзгертілуіне де өзіндік ықпалын тигізді. 
Оқу орны тарихының жарқын бір беті – ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естеновтің есімімен тікелей байланысты. Колледждің жаңа мамандықтар бойынша білім беруі, колледж атауы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі болып өзгеруі, колледж ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, колледж мұражайының, «Сақ» дизайн студиясының ашылуы – киелі шаңыраққа шынайы иелік жасаған Тоққожа Естенұлының басшы ретіндегі жасампаз қолтаңбасы. Іскер басшы Т.Естенұлы  педа­гогикалық ұжымды заманауи үрдістерге бағыттай отырып, білім берудің мазмұны мен формасына жаңашыл өзгерістер енгізу арқылы әлемдік білім берудің инновациялық, ақпарат­тық-технологиялық жүйесіне бейімдеу жұ­мыстарын ұйымдастыруда өлшеусіз үлес қосты.
Колледжде болашақ маман тәрбиесіне ғұ­мырын сарпыған, халқының игілігі үшін жа­нын сала еңбек еткен азаматтар аз емес. Осы кол­ледж­­де ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен            Ф.Авчи­­ханова, М.Қохметов, В.Цветова,             А.Перлец, Т.Шаяхметов, Қ.Ризуанов бақилық болды, ал қасымызда жүрген Л.Нұрбекова,           Т.Оразбеков, Г.Килибаева, М.Илиева,             Р.Илиева, С.Оспанов, В.Гончаров, Н.Суворова, Б.Мамырбекова,  Ш.Таңатарова, Г.Ракишева, А.Найманбекова, В.Горбачук, Р.Бус,                Л.Кожемяко, А.Гета,  Д.Ербаева, Т.Катенова, Г.Мұстафаева, М.Нұрғалиев, М.Аманбаева, Г.Кохметова, Е.Төлепова, С.Жұмабаева,          Б.Баратова, Н.Пивоварова, Ә.Тұрысбеков, Г.Байтөкенова, А.Айтхожина, Г.Жидебаева,  А.Қыдыралиева, Р.Мерзаева, Б.Алмағанбетов, М.Жақыпбекова, Н.Есімбеков, Г.Бидайбекова, Б.Бүтімбаева сынды ардагер ұстаздар мен қызметкерлерді мақтанышпен атап өткім келеді.
Колледж ұжымы заманауи үдерістерге үн қосып, республика деңгейіндегі жобаларды оқу процесіне енгізу арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз етіп, рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Мәңгілік жалпыадам­заттық құндылықтарға негізделген кемел мінезді, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын адам тәрбиелеу – қазіргі қоғамның басты қажеттілігі. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлі­гінің 2014 жылдың 20 тамыздағы №346  бұй­рығына сәйкес «Өзін-өзі тану» рухани-адамгер­шілік білім беру пилоттық жобасы негізінде жұмыс істейтін ұйымдарының тізіміне Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі еніп, колледж базасында «Алматы облысы бойынша тәрбие мен рухани-адамгершілік білім беру серіктестерінің қауымдастығы» қоғамдық бір­лес­тігін құрып, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарында өз жұмыстарын бастап кетті. 
Бүгінгі таңда Есік гуманитарлық-эко­номикалық колледжі Республика көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде танымалдыққа ие болды деп нық сеніммен айтуға болады.  Оның жарқын дәлелі колледждің тәжірибе алмасу, тарату мақсатында Америка Құрама Штатында өткен The system of education in the USA  атты семинарға, 2013 жылы Ұлыбританияда өткен теориялық-практикалық семинар жұмысына, сондай-ақ 2015ж. 01.07-10.07 аралығында Францияда «Конкорд» Халықаралық академиясы және ФИДЖИП Халықаралық Федерациясының ұйымдастыруымен өткен жазғы конференцияға қатысып,  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің жаңартылған бағдарламасын техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқыту ерекшеліктері» жобасын ұсынуы және INSAM Жоғары бизнес және басқару институтының (Швейцария)  жүргізген аналитикалық зерттеу қорытындысы бойынша «Ең үздік білім беру мекемесі»  «Золотая сова» халықаралық құрмет сыйлығына ие болуы. Сондай-ақ, Халықаралық Ұлттық бизнес-рейтингтер одағының жүргізген сараптамалық зерттеу қорытындысы бойынша әлеуметтік және зейнетақы қорларына салықтар мен аударымдарды адал төлеп, өз қыз­меткерлеріне қамқор болып, кәсібилікке негізделген экономиканың жаңа типін қалыптастыратын кәсіпорын ретінде Алматы облысының кәсіпорындары ішінде Алтын рейтинг тізімінде жүлделі І орынға ие болып, «Сала көшбасшысы 2015» ұлттық сертификатқа қол жеткіздік. Ал соңғы он жылдың ішінде 2 мәрте Алматы облысы әкімінің бастамасымен өткен «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» бай­қауының 2010, 2016 жылғы жүлдегері атандық. 
«Ұлт тәрбиешілерінің ұстаханасы» атанған Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі өзінің 50 жылдық даму тарихында маңызды өзгерістерге қол жеткізді, жаңа тұрпатты  білім ордасына айналды. Бүгінде білім ордасынан тәлім алып, еліміздің түкпір-түкпіріне қанат қаққан әрбір түлегіміз бар жиған білімдерін жас ұрпаққа, өз халқының игілігіне арнағаны ақиқат. Оқытушылар құрамы сандық әрі сапалық жағынан өсті.    
Республикамызға танымал іргелі білім ордасында 162 оқытушы жемісті қызмет атқарады. Олардың 48-і – жоғары санатты, білікті ұстаздар, біреуі – «Халық мұғалімі»,  19-ы – Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, төртеуі – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», екеуі – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», 19-ы – «Білім көшбасшысы», біреуі – «Мәдениет майталманы», екеуі – «Әлемнің мейірімді адамы» медаль иегері. 
Болашақ мамандарға сапалы білім алуға жағдай туғызу мақсатында колледждің материал­дық-техникалық базасы үнемі жетілдірілуде. Білімді ақпараттандыру бүгінгі таңда білім беру жүйесін жаңартудың негізгі жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Оқу кабинеттері жаңа технологиялық, ақпараттық құралдармен жаб­дықталған. Колледжде 47 кабинет, 4 зертхана, әр мамандықтың қажетіне сай бөлінген 300 ком­пьютер, интернет класс, 30 интерактивті тақтамен жабдықталған оқу және мультимедиа  кабинеттері, интернетке қосылуға мүмкіндік беретін wi-fi нүктелерімен кеңінен пайда­ланылуда. Сонымен қатар колледж асха­насы, спорт кешені  бар. Оқу ғимаратының кіре берісі мен  мәжіліс залында замануи LED экран­дар орнатылған. Аталмыш құрылғылар тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудың тиімділігін арттыруда.
Колледж қабырғасында білім алып жүрген бүгінгі студент – ертеңгі жас маман. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, ойы, сөзі бір кемел адамды тәрбиелеу – сол жас мамандардың қолында. Заманауи талаптарға жауап бере алатын, білімді де білікті маман даярлау – біздің мақсатымыз.
Жұмыс барысында қол жеткізген жетіс­тіктеріміз үлгілі ұстаздарымыздың, ұжымның ерен еңбектерінің жемісі. «Ұйымдаса білген – ұтады» деген халқымыздың тәмсіл сөзіне ден қойсақ, жұмысы жүйелі жоспарланған, алар межесі анық айқындалған жерде жеңіс те, жеміс те болатынын бағамдаймыз. Сондықтан білім саласындағы атқарылуға тиісті түрлі іс-шаралар­ды жүйелеп, зерделей отыра жүргізсек, әлі де талай биіктерге көтерілетініміз анық.

Гүлнар ЖОШЫБАЕВА, 
ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Бейбітшілік әлемі халықаралық халық мұғалімі  медалінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі» МҚК директоры