Негізгі бет  /  мақалалар  /  Түркістан туристік қалаға айналуы тиіс

Түркістан туристік қалаға айналуы тиіс

Айқын-ақпарат
943
Түркістан туристік қалаға айналуы тиіс Көне шаһар Түркістанға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ж.Түймебаев бірқатар туристік, әлеумет­тік және кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Бұл күні киелі мекенге Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен измирлік кәсіпкер Омур Онур мырзалар да келген екен. Қонақтар облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлымен аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Алдымен Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи жәдігер саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне атбасын бұрған қонақтар «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмін дамыту концепциясымен танысты. Онда облыс басшысы Түркістан қаласын туристік орталыққа айналдыру кезек күттірмейтін мәселенің бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау арқылы киелі мекендегі тарихи орындардың, жә­дігерлердің танымалдылығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Егер осындай шара­лар жүзеге асып жатса жұмыссыздардың қатары азайып, қазына қоржыны да молая түспек. Демек, тұжырымдаманы әлі де жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай толықтырып қайта жасау керек. Келер жылы Түркиядан 1 миллионға жуық турист келетінін мәлімдеген облыс әкімі қызмет көрсетілетін сервистің талапқа сай болуын қатаң тапсырды. 
Жаңадан бой көтерген «Отырар» ықшамауданына аялдаған делегаттар ондағы тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Ықшамау­дандағы 120 пәтерлік 5 қабатты екі тұрғын үй ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасыларға берілмекші. Мұнда бұдан басқа тағы 60 пәтерлі 8 тұрғын үй мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы 72 пәтерлік 2 тұрғын үй салынып жатыр. Өңірде 3 мыңнан аса азамат баспана кезегінде тұр. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев үй кезегінде тұрғандардың сұранысына орай келешекте 100 үй салу жоспарланып жатқанын атап өтті. Өңір басшысы құрылыстың сапасына назар аударып, құрылыс материалдарының отандық өнім болуын қадағалауын жүктеді. Түр­кістандағы индустриялық аймақ та назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі қолжетімді бағада сапалы жиһаз өндіріп отырған «Гранд Микс» кәсіпорнының жұмысшылары мен басшылығына ризашылығын білдірді. 40 гектарды алып жатқан индустриялық аймақта 8865,5 млн теңге болатын 14 жобаның 5-еуі жүзеге асқан. Жалпы 720 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 
Жұмыс сапары соңында қала активімен кездескен облыс басшысы Ж.Түймебаев Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың әлеуметтік-эко­но­микалық даму көрсеткіштері бойынша қалада 10 айда атқарылған жұмыстарын тыңдады. Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға оң баға бере отырып, әлі де түйіні шешілмеген күрделі мәселенің көп екенін жеткізді. 
– Түркістан қаласы – дотациялық өңір. Себебі, қала бюджетінің тек 7,8 пайызы немесе 2,1 млрд теңгесі – өзіндік кірістер, ал қалған 24,7 млрд теңгесі облыстан және республикадан берілетін субвенция мен трансферттерден тұрады. Алайда мұнда 10 айға қаралған бюджет қаражатының 249,3 млн теңгесі игеріл­мепті. Бұл жергілікті бюджеттік бағ­дарлама әкімшілерінің жұмысына немқұрайдылығының салдары, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Сонымен бірге, қалаға инвестиция тарту мәселесі де төмен көрсеткіште екенін, туристерге көрсетілетін қызметтің сапасыздығын сынға алды. Өңірдің ветеринарлық шараларға және бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын атап өтті. Іссапар барысында шаһарда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейінде өткізілуін қамтамасыз ету де назардан тыс қалмады.