Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кітапхана – руханият қағбасы

Кітапхана – руханият қағбасы

Айқын-ақпарат
902
Кітапхана –  руханият қағбасы Елбасы Жарлығымен 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп жария­ланғаннан бастап, өзге өңірлердегідей Оңтүстік Қазақстан облысында да жабылған кітапханалар қалпына келтіріліп, қайта жұмыс істей бастады.

Бүгінге дейін облыста барлығы 116 кітапхана ашылып, оқырмандар рухани байлыққа қайта қол жеткізді.
Оқырмандарды, әсіресе, Шым­кенттегі әкімшілік-іскерлік орталы­ғынан жаңадан ашылған типтік үлгідегі Отырар кітапханасының ашылуы зор қуанышқа кенелтті. Бүгінде жұмысы жүйеленіп, нағыз әдеби орталыққа айналған мекеме түрлі кездесулер мен іс-шаралар, кітап көрмелерін, жаңа жинақтардың тұсаукесерін ұйым­дастырады. Биыл кітапхана есігін 109 мыңнан астам облыс тұрғыны мен қонақтары ашыпты.  188 811 әдебиет пайда­ла­нылып, оқырман сұранысын қа­нағаттандырған. Балалар бөлімі, сирек кітаптар бөлімі, көрме залы, шет тілі әдебиеті бөлімі, мерзімді басылымдар бөлімі мен интернет залы оқырмандарға қажет мәлімет, ақ­параттармен толық қамтамасыз етілген. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнайы зал қосымша қызмет көрсетуде. Кітапханаға жуырда тағайындалған жаңа әрі іскер басшы Күлия Айдарбекова алдағы жұмыс жоспарларын бізбен былайша бөлісті:
– Алдағы уақытта ежелгі Отырар кі­тапханасының рухын оятып, Астанадағы Отырар кітапханасымен тығыз бай­ланыста жұмыс істесек дейміз. Жазу­шылар одағы облыстық филиалымен бірлесіп, ақылдастар алқасын құр­мақпыз. Бұл бірлестік жаңа шыққан кітаптарды талғам таразысынан екшеп, кітапханаға қажетті жинақтарды іріктеуге көмектеседі. Облыс бойынша бүгінде 423 кітапхана бар. Олардың жұмысына бағыт-бағдар беруден де қашпаймыз. Арнайы семи­нарлар өткізіп, кітапханашы маманды­ғының беделін арттыру үшін «Ең үздік кітап­ханашыны» анықтау жоспарда бар, – дейді директор. 
Елбасының Қазақстанда элек­тронды кітапхана құру туралы Үкі­метке берген тапсырмасын жүзеге асыру үшін рухани орталықта нақты қадамдар да жасалуда. Он төртінші ғасырдың қолжазбаларын кездес­тіруге болатын сирек кітаптар бөліміндегі мұраларды электронды нұсқаға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс кітапханалары бойынша 163-і компью­терлік техникамен қамтамасыз етіліп, 111-і интернет желісіне қосылған. 
– Ақпараттық жүйеге енуіміз үшін компью­терлеріміз әлемдік бірегей бағдарлама бойынша жұмыс жасауы қажет. Бұл жағдайда, тұ­тынушыларымыз әлемнің әр нүк­тесінде жүрсе де қажет ақпаратын ала алады. Сөйтіп, үлкен кітапханалар қоржынындағы мәлі­меттерді кез келген ауыл кітапханашысы оқыр­манына ұсынуға мүмкіндік алады. Сол сияқты, кітапханаларда кітаптардың электронды нұсқасының сайттары құрылады. Біз әлемдік жүйеге өз тілімізбен және өз авторларымызбен енуге тиіспіз, – дейді Күлия Смайыл­ханқызы.

 

 

 Назгүл НАЗАРБЕКОВА, 
Оңтүстік Қазақстан облысы