Басты  /  мақалалар  /  Шопомания шошытып жатыр

Шопомания шошытып жатыр

Жолдасбек Дуанабай
1920
Шопомания шошытып жатыр «Нарық біздің басымызды қатырып, шашымызды ағартты» демесек те, көп қиындық әлі соңымыздан қалмай келеді. Бірақ қолынан іс келетіндер байып жатыр.

Қалтасы қалыңдаған сайын жұр та дүкеншіл болып барады. Мұны қазіргі заманның тілімен «шопамания», ал, дүкеннен дүкен қалдырмай қыдыратындарды «шопоголиктер» деп атайтын болды. Тіпті соңғы жылдары 11 қараша әлем бойынша «Шопомания күні» деп аталатын болыпты. Қызықтың көкесі осы күні болады.
-Шопомания бүгінгі заманның басты дерті. Айталық атақты дүкендердегі танымал дүңгершектер өз тауарларына 80 пайызға дейін жеңілдік жасайтындықтарын айғайлап айтады. Сонда өздеріне табыстың қанша бөлігі қалады? Бұл сұраққа жақсы жауап іздеген мамандар сол тауарлардың өз бағасы тым арзандығын, әлгі 80 пайыздың жеңілдіктің арғы жағындағы 20 пайыз өзіндік құнының 10 пайызын ғана құрайтындығын айтады. Сонда әлгі дүкендер осыған дейін тауарларын қаншаға бағалап келген? Еселеп пайда тапқандар «есегі судан өткен соң» қалған тауардан құтылу мақсатында түрлі акциялар өткізеді. Бұл да бір «жұқпалы дерт» секілді көрініс.
Сауда жасауға деген құлшыныс шын мәнінде аса қажетті тауар алуға деген мұқтаждық емес. Мұны дәлелдеуге 19 ғасырда-ақ кіріскен психиатрлар бұл құбылысты белгілі бір адамдардың жүйке-жүйесінің өзгеруінен деп түсіндіреді. Яғни әлденені сатып алу адамның өмірлік әдетіне айналады. Ол киім-кешек, аяқ киім, сөмке, көне заттар, тіпті кеме де болуы мүмкін. Мәселе онда емес, мәселе кімнің қымбат сауда жасағандығында. Қымбат зат алатындар сол арқылы өздерін де жарнамалайды. Айталық сіз инстаграмды ашып көріңізші, сауда орындарына барған әншілердің тіл тістететін әрекеттерін көресіз. Осылайша «біреу тойып, біреу тоңып секіретін» заман кімнің кім екендігін көрсетіп жатыр.
Дүкендер мен жарнамалар жаны ашығансып бізді алдаған сайын тұра жүгіретін болдық. Олардың дені бұрын әйелдер болса, қазір еркектер де бұрымдылардан қалыспайтын болды. Әйелдер киімін сататын дүкенге ерлер бұрын бас сұқпайтын, қазір еркектерсіз еш жерді елестете алмайсыз. «Осының барлығы адамдардың ішкі түйсігінің нашарлығынан, санаға селкеу түскендігінен», - дейді ғалымдар. 
Қараның өзін ақ десе сенетін уақытта адамдардың адасуы жақсы емес. Өз әлемінің өрнегін таба алмай жүргендердің жат әрекеттерге бой ұруы табиғи құбылыс көрінеді. Осылайша өмірдің өзі ойыншыққа айналып бара жатқандай!
Шопоголизмен әйелдер ғана емес, ерлер де зардап шегуде. Қыруар қаражаттар далаға шашылып жатыр. Үсті үстіне тауар алғандардың талғамы биік немесе мұқтаждық жаналқымнан алып тұр деуге келмейді. Бұл ақшаның құны кеткенін, адамдардың ысырапшылдыққа бой ұрғанын дәлелдейтін деректер.
Егер осы қаражаттар шын мәнінде игілікке жұмсалып, тұрмысы төмендерге берілсе, нағыз сауапты іс сонда болар еді. Ал, АДК-дағыдай жалаңаш жүруге мәжбүрлейтін акциялар арқылы «шопоголиктер шоуына» қатыса беретін болсақ, болашақта жас ұрпақтың тағдыры не болады?