Басты  /  мақалалар  /  Алатаудағы мұз үңгірді білесің бе?

Алатаудағы мұз үңгірді білесің бе?

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
1647
Алатаудағы мұз үңгірді білесің бе? Алатаудың біз-біле бермейтін тылсымға толы табиғаты әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Сондай ғажайыпқа толы мекенге жексенбілік «Taurest» жастардың тау-серуен тобы жол сілтеді. Бағыт жиі атала бермейтін Қара сарқырамаға қарай жол тартты.

Қызғылыққа толы мекенге «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортынан қозғалып, Тұйықсу лагерінен жоғарғы көтерілу арқылы, бар болғаны 30 минутта жетуге болады.

Шатқал сылдырлап аққан – Қара сарқырамасымен ерекшеленеді. Оны тек көктемнің соңы мен жаздың бас кезінде көруге болады. Төңірегіндегі қара жартастарға қарай осы сарқыраманы  «Қара» («Черный» сарқырамасы) деп атап кеткен.

Қыстағы қар көшкінінің қалдықтары  терең жырада  жаздың ортасына дейін жатады. Ал оның күштілігі қардың қаншалықты тез еруі мен ауа температурасына байланысты. Оның күркіреп аққан көрікті көрінісін тек мамырдың соңы мен маусымның бас кезіндегі ыстықтарда ғана көруге болады.

Терең жартастың түбінде жатқан бұл сарқырама сырт қарағанда терең құдық сияқтанып көрінеді. Сарқырамадан көтерілген ылғал тамшылар төңіректе өзгеше микроклимат орнатады. Бірақ біртіндеп су азайып, сарқырама келесі жылға дейін жоқ боп кетеді. Ал қараша түсе таудағы суық климат  сарқыраманы тоңдырып, айналасы мұз құрсатады.

Жартасты шатқалған жеткенде сарқырама маңындағы шағын мұз үңгіріне кезіктік. Табиғаттың жасаған ерекше мүсіні ме дерсіз? Мұз үңгірінің астынан жоғарыға қарайтын болсаңыз, кертілген мұз жақтауларын көресіз. Бейне бір ертегі әлеміне тап болғандай сезінесіз. Тау ғаламматы.Үңгірдің бір бұрышынан төңіректі қоршаған жартастарған оймақтай ғана көрінген көк аспанды көресіз, ал күзгі суыққа ерте қатқан сарқырама мұз дәуіріндей әсерге бөлейді. Шамасы бұл  жерде ұзақ уақыттар бұрын жойқын қар көшкіні орын алып, жаз мезігілі жеткенде күркіреп аққан сарқырама суынан осындай ғажайып орын алған секілді. Ал біз тылсымға толы үңгірден осындай әсерлермен қимай тарастық.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Суреттерді түсірген автор