Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ресей әскерін топтастыра бастады...

Ресей әскерін топтастыра бастады...

Айнұр Қазыкенова
912
Ресей  әскерін  топтастыра  бастады... Осы апта басында Ресей президенті Владимир Путин ерекше құжатқа қол қойды. Ол Кавказ аймағында Армениямен біріккен әскери топ құру жөнінде.

 Бейбіт кезеңде екі  елдің біріккен  әскери  тобы Армения Бас штабына   бағынады. Ал әгәрәки  «әскери  жағдай,  не болмаса,  төтенше  жағдай уақытында»  әскери  топ Ресейдің Оңтүстік  әскери  окурігінің  басқарылымына өтеді. Топтың Бас  қолбасшысы  екі  мемлекеттің Қорғаныс  министрлігінің  келісімі бойынша  сайланады.  Құжатта  «бұл  әскери  бірлескен топ Кавказ аймағының  қауіпсіздігі  үшін құрылды»  делінген.  Расында  солай  ма? Ресей  үшін бақайшығына  дейін мұздай  қаруланған  топ  не  үшін қажет  болды? Әлде, Ресейге Қап  тауынан қауіп төніп  тұр  ма? Бір  белгілі  жайт, Ресей де, Армения  да  ТМД кеңістігінде құрылған  Ұжымдық  қауіпсіздік  шарты ұйымына мүше мемлекеттер. Егер де  оқыс  жағдай  бола  қалса, ұйымға  мүше елдер  еш  уәжсіз агерссия жасалған елге көмек  беруі  тиіс. Олай  болатын болса, Ресейге  Армениямен  бірлескен әскери  топ  құру  не  үшін қажет  бола  қалды?  Онсызда  Ресейдің  Арменияда  әскери  базасы  тұр.  Бұл аз ба? Шамасы  аздық ететін сияқты.  Неге  десең, Армения  Түркиямен  шекаралас.  Ал  Түркия Ресейге  қарсы  НАТО-ның белді мүшесі. Сондай-ақ түрік жерінде  екі күннің бірінде  жарылыс жасалады.  Ол елде Күрд жұмысшы партиясы әрекет  етеді.Бұдан тыс  Сирия  мен Иракта  Халифат  құру  үшін  соғысып жүрген «Ислам  мемлекеті»  содырлар  тобы  әлсін-әлсін түрік жерінде  терактілер жасауда. Осының  бәрін таразыға тартқан Мәскеу оңтүстік  шекарасын  мықтап қымтай бастауы мүмкін. Өйткені  лаңкестік  топтың адамдары  осы Кавказ  арқылы Ресейге өтуі ықтимал.  Сондай-ақ  Арменияның  «бас ауруына» айналған Таулы Қарабақ  аймағы  тағы бар.  Сәуір айының алғашқы күні Әзірбайжан  кенеттен   әскери соққы  беріп, Армения басып алған аудандарды, Таулы  Қарабақты  өзіне  қайтарып алғысы  келді.  Бірақ  бес күндік соғыс  Әзірбайжан  үшін   нәтижесіз аяқталған.  Тағы да сондай қақтығыс туып  қала ма? Әгәрәки, Армения  жеңіліп  қалып, Таулы  Қарабақ уысынан  шығып  кетсе  ше? Ресей  Кавказдағы жалғыз одақтасынан айрылып  қалмай  ма? Мәскеу  осының бәрін  таразыға тартқаны анық.  Сосын  барып  біріккен әскери  топ құруға ұмтылды  деуге болады. Бұл  қала  берді,  Кавказда НАТО-ның ыңғайына жығылған Грузия тұр.  Демек Ресей үшін  Қап  тауы  тарапынан келетін  қауіп  жоқ емес.  Дәл  осындай  мәселе  Ресеймен Беларус  елі  арасында да  болған.  Қорытындысы  әзірге  белгісіз.  Не де  болса,  Ресей  әр бағытта әскерін топтап  жатыр. Тек арты  тыныш болса болды.