Негізгі бет  /  мақалалар  /  10 айда 308 мыңнан аса сәби дүниеге келді

10 айда 308 мыңнан аса сәби дүниеге келді

Айқын-ақпарат
880
10 айда 308 мыңнан аса сәби дүниеге келді Елімізде жыл сайын бала туу көрсеткіші оң сипатқа ие болып келеді.

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елімізде 308 297 нәресте дүниеге келген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстанда 5 460 449 бала бар. 2016 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 308 297 бала дүниеге келген. Оларға тиісті көңіл бөлінуі керек», - деді депутат.

Сонымен қатар, Зағипа Балиева алдағы уақытта балаларға арналған халықаралық конференция өтетінін атап өтті. Онда қоғамда шешімін таппаған мәселелер талқыланатын болады.

«21-22 қараша күндері елімізде балаларға арналған «Мейірімді Қазақстан» халықаралық конференциясы өтеді. Онда өзекті мәселелер талқыға салынады. Қазір 12 тақырыпты жарияладық. Әлемнің 35 елінен жиналатын сарапшылар осы мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салады», - деді халық қалаулысы.

Ал ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева Қазақстанда жыл сайын бала туу көрсеткішінің оң сипатқа ие болып келе жатқанын, ана мен бала өлімінің азайғанын мәлімдеді.

«Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Қазақстанда туу көрсеткіші жылдан жылға өсіп отыр. Бұл көрсеткіш халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғандығын көрсетеді. Екінші – ана мен баланың өлім-жітім көрсеткіші. Ол жыл сайын 10%-ға төмендеп келеді. Қазақстан осындай көрсеткішке жеткен Орта Азиядағы бірден бір мемлекет. 1990 жылдан бері ана мен бала өлім-жітімі 30%-ға төмендеді. 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өлім-жітім 8,6%-ға азайған», - деді департамент директоры.

 

Дәурен ЕРБОЛАТ

 

Baq.kz