Басты  /  мақалалар  /  Қажыбек БЕКБОСЫНОВ: Аманатты орындау – мойнымдағы парызым

Қажыбек БЕКБОСЫНОВ: Аманатты орындау – мойнымдағы парызым

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1670
Қажыбек БЕКБОСЫНОВ: Аманатты орындау – мойнымдағы парызым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы тапсырмасына орай қабылданған Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарла­масы екінші кезеңге аяқ басты.

Жобада жоғары оқу орындары­ның қызметін жоғары білім беру­дің әлемдік үлгісіне сәйкестен­діріп, академиялық ұтқырлықты қалыптастыру – жүзеге асыры­луға тиісті міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Осыған сәйкес Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев пен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өнер факультеті орындаушылық өнер кафедрасының профессоры, Қазақстанның халық артисі Қажыбек Бекбосынов орын алмастырып, өз тәжірибесімен бөлісе бастады. Біз осы мақсат­та Алматыға келген Қажыбек Құдайбергенұлына жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік. 

– 1991 жылы Президент жар­лы­ғымен бой көтеріп, 1992 жылы Анка­рада Қазақстан мен Түркия Респуб­ликасы Үкіметтерінің келісімімен қай­та құрылған Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы шақыртумен барып, шәкірт тәрбиелеуге кіріскені­-ме 12 жылдың жүзі болды. Қазіргі таң­да білім саласында үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Заман талабынан туындап отырған қажеттілік болған­-нан кейін, Т.Жүргенов атындағы Қа­-зақ ұлттық өнер академиясы Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының сту­денттеріне дәріс беруді бастап кеттім. Жеке орындаушыларға бөлек, кейде барлығын топтап, кейде лекция-кон­церт түрінде білгенімді үйретуде­­мін. 1965-1967 жылы өзім білім алған Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде, Ықылас атын­дағы мұражайда өнер көрсетіп, жи­налған жастармен, бір кемеде келе жат­қан әріптестеріммен, жалпы кө­рер­мендермен әңгіме-дүкен құрдық. 
Өзім диплом алғаннан кейін жол­дама­мен Қазақконцерт өнер бірлес­тігіне жұмысқа қабылданып, сол қа­сиетті қара шаңырақта 38 жыл тер төккен­-мін. 2004 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Серік Пірә­лиевтің шақыруымен, Рахманқұл Бер­дібаев, Райымбек Сейітметов аға­ла­рым­ның қолқалауымен, қазақтың клас­­сикалық ән өнерін дамыту үшін Түркістанға қоныс аударған бола­тын­мын. өнер факультеті орындаушылық өнер кафедрасының негізін қа­ладым. 
Хамит Ерғалиев бірде «Үш жүздің басын қосқан Абылайхан болса, үш мектептің әнінің басын қосқан мына отырған Қажыбек» деген еді. Мақтан­ғандай болмайын, бірақ бұл сөздің жаны бар. Мен оны дәлелдей де ала­мын, әр уақытта дәлелдеп те келе жа­тырмын. Оны Қазақ радиосының Алтын қорына, телеарналарда қал­ды­рып жатқан ізімнен, қолтаңбамнан да байқауға болады. Кезінде Талдықорған қаласына барып Дәнеш Рақышевтың әндерін, Дәкеңнің репертуарындағы Әсеттің 9 туындысын үйренгенмін. Шәкірттеріме әр мектептің дәстүрлі әнін үйретіп, кешегі кеңестік дәуірде аты шыққан композиторлардың да өш­пейтін мұраларын қамтып отыра­мын. Ұстаз ретінде ұстанымым «әнші сегіз қырлы, бір сырлы» болуы тиіс. 

Ел мақтайтындай еңбек ет, жерде қалмайсың
– Әкемнен 13 жасымда жетім қалғанмын. Ғарифолла Құрманғалиев маған ұстаздық та, әкелік те қамқорлық жасады. Ол кісі сабақ беріп отырып бір жағы қалжың, бір жағы шын «әуелі мендей болыңдаршы, қалғанын көре жатарсыңдар» дейтін. Ғарекеңдей болу оңай ма? Бірақ міндетті түрде Ғарекең болу шарт емес, әркім өз жолы­мен, әркім өзінің өнердегі тал­ғамымен жолын қалыптастыру керек. Біз кезінде «осы әнді айтса, Жүсекең айтсын, Манарбек айтсын» деген сөз­дерді жиі еститінбіз. Әншінің абы­ройын орындаған әнімен көтеріп оты­ратын. Өнерде атыңның қалуы – сенің әніңменен орындаушылығыңа бай­ланысты. Жалған қайраткерлігіңнің түкке қажеті жоқ. Қайраткер бола ғой, бірақ халықтың ойында қалатындай ән айтпасаң, одан не пайда? Өнерге жа­сандылық жатпайды. «Сүйреп қос­қан тазы түлкі алмайды» дейді қазақ. Өнер бәйгесінде өмір бойы жарыс­тасың. Сол додадан озбасаң, өзіңді-өзің арқаға құр қаққаныңмен халық­қа жаға алмайсың. 
Бірде Ғарекеңе өнерде жасалған қысастық туралы айтқанымда «Көре алмаушылық басымнан өткен. Сол тұ­сау саған да жеткен екен. Пысықай­лар­дың сахнаға он шыққанын, сен бір-ақ рет шығып жой. Өнер бәйгесі деген осы. Еңбек ет, талаптан, ізден» деген еді. 
«Өнер жолы – оңай» деген адам қатты қателеседі. Сырт көзге оңай сияқ­ты көрінеді. Бірақ ізденуді, маңдай тер мен табанды жұмысты талап етеді. Елдің алдында абыройлы болу үшін түн­де ұйқыңнан, күндіз күлкіңнен айрылатын күндер болғанда ғана ісің алға басады. 
Шәкірттеріме де «Аспанда қыран ғана ұшады. Жерде құрт-құмырсқа, бақа-шаян жүреді. Әр өнерпаз жоғары ұшуға талаптану керек. Күндестік қылып, біреудің жолын қима, оған талантты Құдай берді. Сен қызғанып, тартып ала алмайсың. Бірінші Аллаға жақ, өйткені адамның бәріне бірдей жақпауың мүмкін. Біріңе-бірің дұшпан болма, әркімнің сыбағасы өзінде. Ән саған да, оған да жетеді. Еңбектеріңді халықтан аямаңдар, сені құрметтейтін көрермен. Ел мақтайтындай еңбек ет, жерде қалмайсың» деп үнемі айтып отырамын. Жастарды жаңаша, жаңа өнер адамы ретінде тәрбиелеуге ты­рысамын. 
Іштарлықтың кесірінен 46 жасымда Еңбек сіңірген артист деген атақты зор­ға алдым. Өнерім жоқ болғаннан емес, біреудің алдына барып бас име­гендігімнен. Басымды әлі иген жоқпын, имеймін де. Алланың берген өнерінің арқасында шындықпен өмір сүріп келе жатқан адаммын. 

Халық артисі екенім рас, бірақ жұлдыз емеспін
– Концерттік бағдарлама да, ре­пертуар да сенің келген жасыңа қарай жақын болады екен. Халық әні «Жиыр­ма бес», Ақан серінің «Әудем жері», «Шырмауығы» қазір менің жасыма қарай солардың аузынан шыққан шығарма сияқты болып тұрады. Өт­кенді сағынтатын әуен бар, жас күнің­-ді аңсататын мәтін бар. 38 жыл бойы жы­лына 8 ай гастрольге шығып тұр­дым. Құдайға шүкір, бір сапардан қа­лып көргенім жоқ. Түркістанға кел­генде бастапқы үш жылда сахнаны, ел ара­лауды қатты сағындым. Менің педагог болғаным кейін ғой, енді 20 жыл бо­лады. Ұстаздық қызметті елу жасым­нан бастадым. Қазақтың қай бұ­ры­шында жүрсем де білгенімді қа­зақтың жастарына үйретуге тырыса­мын. Бұл менің мойнымдағы парызым, кешегі Жүсекеңдерден, Ғарекең­дер­ден, Дә­кеңдерден қалған аманат. Сол ама­нат­ты ұрпаққа тапсыру міндетім. Тапсыру деген үйрету. Ән қолға беріп кететін немесе ұстата салатын шабадан емес. Жиып қойған қорадағы мал емес. Жас­тардың үйренуіне себебі болар деп «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» деген кітап жаздым. Әндердің та­-рихын түсірдім. 
Биыл жасым 70-ке толып отыр. Ме­рейтойын кім атап өткісі келмейді? Менің тойым халықтың алдына шы­ғып, концерт беріп, ән салу. Алматы облысына, тағы бір-екі өңірге жазған хатым бар еді. Әзірге жауап жоқ. Бір жақсылық күтіп, үміттеніп отырмын. Құдайберген Сұлтанбаев айтпақшы, «географияң келсе де биографияң кел­мейді» деп жүрмесе, Түркістанда тұ­рып жатқаныма да 12 жыл болды ғой, жергілікті әкімдерге кіріп шықпақ жоспарым бар. «Көмек бермеймін, қол ұшын созбаймын» дегенге сылтау табылады. Құптамаса бас аман, ден сау, заман тыныш болсын. Ел-жұрт барда тіршілігімде тойланар, одан кейін де елеусіз қалмайтыныма сенімдімін. Өйт­кені Құдайға шүкір, қазақтың өнер тарихында бар адаммын. Мен оған еңбегіммен, өнеріммен жеткенмін. Мүмкін кейінгілер танымас, эфирге күнде шықпаймын. Халық артисі екенім рас, бірақ жұлдыз емеспін. Жас­тардың болашағына жарайтын сөз айта алсақ, келелі іс көрсетіп, үлгі бола білсек, соның өзі үлкен жетістік.

Түйін:
– Зейнет жасына шықсам да «Құдай мені үйге отырғызбай-ақ қойсыншы» деп тілеймін. Осы еңбегіммен, шәкірт тәрбиелеумен кетсем, арманым жоқ. Бәйгеге қосылып жүрген ат қанша қар­тайса да естілген дүбірге елеңдеп тұрады емес пе? Қолынан не келетінін, не келмейтінін білмейді. Сол сияқты көкірек шіркін сай­рап тұр. Талай жыл ел араладым, жер көрдім, дәріс бердім. Мен үйде қарап отыра аламын дегенге өзім сенбеймін. Кәукен аға 90 жасқа дейін сабақ беріп кетті. Кенен ақсақал айт­қандай «көз жанарым қырағы, құлағым сақ» болып тұрса, әлі де елі­ме, жұртыма керек болармын деп ойлаймын.

Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ