Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сарыөзекте қазақ мектебі ашылды

Сарыөзекте қазақ мектебі ашылды

Айқын-ақпарат
1177
Сарыөзекте қазақ мектебі ашылды Алматы облысы

Алматыны Талдықорғанмен табыс­тыратын республикалық дәрежедегі күре жолдың бел ортасына таман орналасқан Кербұлақ ауданында соңғы жылдары жетістік баршылық. Әлеуметтік-эконо­микалық жағдай жақсарып, өндіріс өркендеді, ауыл шаруашылығы алға бас­ты. Аудан орталығы Сарыөзекте халық саны тұрақтап қана қоймай, алға жыл­жыған жылдармен бірге артып келеді. Сары алтындай Сарыөзектің Алматыға шыға беріс тұсы сәулетті үйлерден тұратын көрікті көшелермен жарасым тапты. Халық санымен бірге демогра­фиялық ахуал да жақсарып, мектеп жа­сындағы балалар саны да көбею үстінде. Осынау қуанышты деректермен өрнек­теліп, өркен жайған елді мекенде кейінгі жылдары мектепке деген сұраныс артып, бұрыннан жұмыс істейтін білім ошақ­тарындағы сыныптарда оқушылар саны шамадан тыс артып кеткен еді. Ақыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бүкіл ел аумағында жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының шапағаты Сарыөзекке де тиді. Ұлттық қор мен жергілікті бюд­жет­тен қарастырылған қаржыға салын­ған білім ордасы жақында пайдалануға берілді. Бұл жаңалық – мемлекеттің білім саласына деген нақты қолдауының нәтижесі екені сөзсіз. 
Білім ордасының ашылуына арналған салтанат «Айсана» балабақшасы бишіле­рінің «Шашу» атты биімен басталды. Мем­лекеттік ту әкелініп, әнұран орын­далды. 
Құрылысы 2015-2016 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілген, үш қабатты, тоғыз бөліктен тұратын нысанның құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарына барлығы – 1 млрд 476,1 млн теңге, оның ішінде Ұлт­тық қордан – 1 млрд 330 млн теңге, жер­гілікті бюджеттен 146,1 млн теңге бөлініпті. 900 оқушыға арналған мек­тептегі 30 сыныпқа 60 ұстаз сабақ береді. Білім ордасындағы 43 оқу кабинетінің ішінде 18 кабинет жаңа үлгіде жабдық­талған. Бастауыш сыныптарға мектептің 2 қабаттан тұратын екі бөлігі арналған және өзінің дербес кіреберісі бар. Мектептің бірінші қабатында 150 орынға арналған асхана және 2 спортзал ор­наласса, екінші қабатында оқыр­мандар залы, компьютермен жабдықталған кітапхана, 296 орындық мәжіліс залы бар. Үлкен стадион және волейбол мен баскетбол алаңдары жеткіншектердің сабақпен бірге спортты да серік етулеріне толық жағдай жасайды. Сарыөзектік ата-аналар мен оқушылардың қуанышын бөлісуге келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: 
– Бүгін – ерекше салтанатты күн. Ел Тә­уелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сарыөзек ауылында 900 оқушыға арналған білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашты. 
 Бұған дейін Сарыөзек ауылындағы екі мектепте балалар (1260 орынға 2280 бала) 3 ауысымда оқып келген еді. Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлт­тық қордан және жергілікті бюджеттен қарастырылған қомақты қаражаттың арқасында үш ауысымды мектептер мәселесі өз кезегімен шеші­луде.
Биыл облыста 52 білім беру нысаны салынса, оның 41-і мектеп. 
Оқу жылының басында 6 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 мектептің құрылысы аяқта­лады. Келесі жылы Ұлттық қор есебінен 20, жергілікті бюджеттен 32 мектеп салу жоспарланып отыр. 
Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыста бір күнде 25 балабақшаны іске қосамыз. Сонда мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 87 пайызға жетеді.
Президентіміздің «100 нақты қадам» жоспарында білім беру жүйесін жаң­ғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Мек­теп­терде білім және тәрбие берудің жаңа жолдарын енгізе отырып, заманға сай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын ұрпақ дайындау қажет. Ол үшін барлық қажет­ті шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде облыс бюджетінің үштен бір бөлігі білім саласына жұмсалады. Жаңа мек­тептер салу, материалдық-техникалық базаны нығайту, күрделі және ағымдағы жөн­деу­ден өткізу, оқулықтар сатып алу, ком­пьютерлендіру мәселелері де оң шешімін табуда. Мектеп – жас баланың қанатын қатайтып, тәрбие беретін алтын ұя. Енді сіздерге, жаңа білім ошағында қазіргі заман талабына сай білім алып, спортпен, түрлі үйірмелерде жеке шығар­машы­лықпен айналысуға толық мүмкіндік бар. 
Еліміздің болашағы саналатын білімді де дарынды ұрпақты тәрбилеу – ең ал­дымен, ұлағатты ұстаздар, сіздердің қажырлы еңбектеріңізге байланысты.
Сондықтан жаңа мектепте жаңа жетіс­тіктерге жетулеріңізге тілектеспін, – деді. 
Аудан тұрғындары мен ата-аналар атынан Алматы облысы Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Төленді Сарыбаев өз тілегін білдірді. Мектеп құрылысын мерзіміне сапалы аяқтаған «Артемида ЛТД» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Салман Асланов жаңа білім шаңыра­ғының директоры Кәмшат Қыстаубаеваға мектептің символикалық кілтін табыс етеді. Ауданның құрметті ақсақалда­рының бірі Жақыпбек қажы Өмірбеков оқушыларға ақ батасын берді. 
«Күреңбелім менің» әні орындалып, алғашқы қоңырау соғу рәсімі атқарылды. Жаңа мектептің кіреберісіне керілген лентаны Алматы облысының әкімі Аман­­дық Баталов пен Қазақстан Рес­публикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, Кербұлақ ауданы­ның Құрметті азаматы Кеңес Аталықов қиды. Алыстан көз тартатын білім шаңыра­ғының ішін аралап көріп, сыртқы кел­бетіне де назар аударғандар жаңа білім ғимаратының сапасына көңілі толғанын айтты.

 


 

50 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

 

Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік қызмет істері министрлігінің өңірлердегі Әдеп жөніндегі кеңестері өз қызметі барысында заңдылық, жан-жақ­тылық пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады. Алматы облысындағы Әдеп жөнін­дегі кеңесте осынау маңызды қағидаттар аясында қарастырылған міндеттерді жүзеге асырып келеді.
Басты міндет – халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырып, мемле­кет атынан қызмет ететіндердің елмен етене болуын қамтамасыз ететін Алматы облысы бойынша Әдеп кеңесі биылғы 9 айда 9 отырыс өткізіп, онда 121 мәселе қарапты. Қаралған істердің басым бөлігі, яғни 104-і тәртіптік іс. 
Отырыстар қорытындысына сай Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша 70 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауап­кершілікке тартылса, оның ішіндегі 50 қызметкер Әдеп кодексін бұзғанына байланысты, ал 20 қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс әрекетіне қатысты жазаланыпты. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамен­тіндегі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ұлан Қалжанов айтып өтті. 
Сонымен қатар аталған департамент өкілдері биылғы 9 ай барысында мемле­кеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауы бойынша 42 тексеріс жүргізген. Тексерулер нәтиже­сінде, 492 заңбұзушылық анықталып, мемлекеттік органдарға заңбұзушылықты жою туралы 19 ұсыныс енгізілген. Сол ұсыныстарды қарау барысында тағы 20 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

 


 

 

Жетісуда жұқпалы аурулардың 70 ошағы тіркелген

Ветеринария мамандарының негізгі жұмысы – мал шаруашылығында кезде­сетін түрлі аурулардың таралуына тос­қауыл қою. Ветеринариялық-санита­риялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мә­селесінің арғы жағында адам мен қоғам денсаулығы тұр. Сондай-ақ ветеринария өкілдері қоршаған ортаның ластануының алдын алу, еліміздің тұрғындарын басқа мемлекеттерден әкелінетін жануарлардан таралатын жұқпалы және экзотикалық аурулардан қорғап, азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп келеді. Осындай аса маңызды әрі ауқымды міндеттерді орындау үшін Алматы облысы аумағындағы ветери­нариялық стансалар мен қосындардағы екі мыңға жуық маман өз қызметтеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, талапқа сай атқаруда. 
Алматы облысы бойынша ағымдағы жылы эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспарының орындалуын жүзеге асыру үшін 1 млн 700 мың теңгеден астам қаржы бөлініп, жыл басынан бері осы қаржының 92,4%-ы мақсатты игерілген. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік комму­ни­кациялар қызметі ұйымдастырған бри­фингте облыстық ветеринария басқар­масы басшысының орынбасары Нұрлан Бекежан айтты.
Ветеринария саласында малға да, адам өміріне де қауіпті болып келетін қауіпті кеселдерді емдегеннен гөрі, оларды бол­дырмауға күш салып, алдын алу және диаг­ностикалық зерттеу жұмыстарын сапалы, уа­қытылы орындауға ден қойыл­ған. Бұл мақ­сатта облыс бойынша аудан­дық, қала­лық ветеринариялық стансалар мен ауыл­дық округтердегі қосындардағы маман­дардың кедергісіз жұмыс істеуі үшін 257 жол талғамайтын автокөлік сатып алыныпты. 
Облыс аумағында биыл жануарлар­дың аса қауіпті жұқпа­лы ауруларының 70 ошағы тіркелген болатын. Бүгінде олардың 49-ында тиісті ветеринариялық-сауықтыру шаралары атқарылып, эпизоотиялық ахуал қалып­тас­тырылған. Қалған 21-інде сауықтыру шаралары жүргізілуде. 
– Иә, жануарлардың аса қауіпті және созылмалы жұқпалы ауруларының алдын алуда ветеринариялық-санитариялық жұмыстарды уақытында жүргізудің маңызы ерекше. Бұл шараның атқары­луын жүзеге асыру үшін мал қоралары мен орындарына механикалық тазалау, сана­циялау жұмыстарын жүргізуге аудандық (қалалық) ветеринариялық бөлімдер тара­пынан мал иелеріне берілген нұсқама­ларға сәйкес, 132 578 шаршы метр бола­тын 259 нысанға дезинфекциялық ерітін­ділерді қолдану арқылы сауықтыру жұ­мыстары жүргізілді. Мұндай жұмыс­тардың сапалы орындалуы үшін облыс­тағы 19 аудандық (қалалық) ветерина­рия­лық стансалар арнайы дезин­фек­циялау қондырғыларымен жабдықталған ДУК автокөліктерімен қамтамасыз етілген, – деді Нұрлан Жебегенұлы.

 


 

 

Ұстаздың жарқын жетістігі

Текелі қаласындағы №5 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Күләш Сәр­сембаева Алматы облысының білім басқармасы ұйымдастырған «Педагоги­калық олимп» атты идеялар мен жобалар байқауында І дәрежелі дипломмен мара­патталса, осы мектептің биология пәнінің мұғалімі Жанат Қанатбаева ІІІ орынды иеленіп, кеншілер қаласындағы білім ошағының мерейін өсірді. 
«Педагогикалық олимп» байқауы 4 секция – химия, биология, математика және физика пәндері бойынша өткізілді. Мектеп мұғалімдерінің инновациялық ізденістерін ынталандыру, интерактивті оқыту әдісін жетілдіру және оны озық педагогикалық тәжірибелермен ұштастыру, үздік оқыту әдістемелерін аталған пән мұға­лімдері арасында насихаттау мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәртебелі байқауға биыл облыстағы білім ошақта­рынан оза шауып, қызметтестерінің алдынан көрінген 65 мұғалім қатысты. 
Байқаудың 1-кезеңінде педагогтың біліктілік санаты, кәсіби жетістіктері баға­ланса, 2-кезеңде ұсынылған педагогикалық жұмыстың жаңашылдығы, жаңа идея ұсы­натын жобаның қолайлылығы мен қолже­тімділігі, авторлық тұжырымдардың үйле­сімділігі, сабақ барысында қолданған әдіс-тәсілдердің сабақ мазмұнын бала санасына жеткізудегі ұтымдылығы және нәтижесі сарапқа салынды. Күләш Сәрсем­баева өз жобасын «Үздік панорамалық шебер-сынып» бағыты бойынша қорғап, математика пәнінен қатысқан 19 мұғалімнің ішінен жекедара алға шықты. 
Ол 2013 жылы Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін артты­рудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші деңгей бағдарламасы бойынша курсты ойдағыдай аяқтап, бүгінде қала мектептерінде өз іс-тәжірибесін таратып, ұстаздардың біліктілігін арттыру ісіне белсенді атсалып келеді. Республикалық, облыстық баспа беттерінде де жаңаша оқы­тудың әдіс-тәсілдері және оны әр пәнде, әр сабақ мазмұнында ұтымды пайдалана білудің жолдары жайында мақалалар жазып, әріптестерімен үнемі тәжірибе бөлісіп отырады. 
 Ақпарат бірінші орынға шыққан қазіргі кезеңде ғылым мен білімнің тез қарқынмен алға басуы адам санасының дамуына да барынша әсер етуде. Бұл мектеп оқушыларының ой-өрісінен де айқын аңғарылады. Демек, мектептердегі дәстүрлі оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңғыртып, бүгінгі дамудың өрелі өрісіне, тың талабына сәйкестендіріп отыру уақыт сұранысы. Бұл тұрғыда алдыңғы лектен қалмау үшін халық­аралық озық үлгілерді жергілікті жердің жағдайына, балалардың талғамы мен ой-өресіне сәйкестендіре отырып ұтымды пайдалана білу өте маңызды. Бұл педагогтарға үнемі іздену, білімін жетілдіріп отыру талабын жүктейді. Оның нәтижесі оқушы жетістігінен, ұстаздардың кәсіби біліктілігінен байқалады.


 

 

Ұлттық спортты таңдаушылар қатары артты

Алматы облысында қазіргі таңда 1380-нен астам дене шынықтыру ұжымы жұмыс жүргізеді. Осы спорттық орын­дарда ұлттық спортпен айналысушылар саны 47 мың адамға жуықтайды. Оның ішінде қазақ күресіне, тоғызқұмалақ пен ұлттық ат спортын таңдағандар қатары көп. Ұлттық спорт түрлері танытқандарды 562 жаттықтырушы (486 ауылда) баулып, оқу-жаттығу жұмыс­тарын ұйымдастырады. Жалпы, облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға бюд­жеттен 69,9 млн теңге бөлінген болатын. Бүгінгі таңда Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша республика деңгейінде үздік үштік қатарында.
– Осы тұрғыда тағы бір мақтанып айтуға тұрарлық жаңалық – облыста 2011 жылы ұлттық спорт түрлерінен клуб ашылды. Онда көкпар, ауда­рыспақ, теңге ілуден 50-ге жуық спорт­шы айналысады. Сондай-ақ облыста заман талабына сай 4 ип­подром жұмыс істейді. Ұлттық спорт түрлерінен биылғы же­тістіктер де аз емес. Мәселен, көкпардан Қазақстан Рес­пуб­ликасының чем­пионатында үшінші; қазақ күресінен төртінші рес­пуб­ликалық ардагерлер спарта­киа­дасында екінші орынға қол жет­кізсек, Астана қаласында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арнал­ған республикалық спарта­киадада тоғызқұмалақтан топ жардық. Жазғы ардагерлер спарта­киадасында, құс­бегіліктен Үржарда (ШҚО) өткен Қа­зақстан Республика­сының чемпио­натында, жекпе-жектен Талды­қор­ғанда өткен Қазақстан Рес­публи­касының чемпионатында жастар және ересектер арасында бірінші орынды иелендік. «Алтын тұлпар» атты 51 шақырымдық қашықтықты бірінші болып бағындырып, республика бойынша «Үздік шабандоз» атағын иеленген 13 жастағы Асхат Әлімжан да біздің жерлесіміз, – дейді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіров.

 


 

 

Жас тәртіп сақшылары ант қабылдады

Алматы облыстық Iшкі істер де­партаментінде жаңа оқу-жаттығу алаңы ашылып, Естелік аллеясына қыл­қанжапырақты ағаштар отырғызылып, Iшкі істер органдарына жұмысқа қа­былданған жас қызметкерлер сал­танатты түрде ант қабылдады. Аталған шаралардың барлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналды. 


Тәртіп сақшыларының салтанатты шеруіне ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов, департа­менттің жеке құрамы мен аппараты бөлімдерінің, аудандық, қалалық құры­­­лымдарының басшылары, Iшкі істер органдарының ардагерлері қатысты. 
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Бұл жылдар тарихи өлшем бойынша бір ғана сәт сияқты болғанымен, біздің Қазақ­стан үшін үлкен бір тарихи кезең. Мемлекет басшысы айтқандай: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – жылдың ең басты оқиғасы. Бізге еліміздің жетістіктерін ой елегінен өткізе отырып, болашаққа бағытталған жоспарла­рымызды нақтылау керек», – деп айрықша атап өтті генерал-майор өзінің арнау сөзінде. Сонымен бірге, жаңадан ашылған оқу-жаттығу алаңы жеке құ­рамның қызметтік дайындығын нығай­туға, полиция қызметкерлеріне алғашқы арнайы атақтар беруге арналған сал­танатты шаралар өткізуге барынша қолайлылық туғызатынына тоқталып, алдағы кезде гарнизондық ауысымдарды осында өткізуге мүмкіндік пайда бол­ғанын назарға салды. 
Полиция қызметкерлерінің бойында өз міндеттеріне деген адалдық пен мамандығын құрметтеуді қалыптастыру, отансүйгіштігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара кезінде жаңа оқу-жаттығу алаңында сап түзеген офи­церлер мен сержанттар қатары алдында Мемлекеттік Ту көтеріліп, 16 жас полиция қызметкері ант қабылдап, ішкі істер органдарының тағы 12 қыз­меткері өздерінің алғашқы арнайы атақтарын алды. Осы жерде қызмет барысында қаза тапқан полиция сержанты Бауыржан Ақылбековтың құрметіне кіші футболдан ұйымдастырылған жарыстың қорытындысы шығарылды. Бірінші орынға арналған кубок Панфилов аудандық ІІБ-не, ал 2 және 3 орындарға тағайындалған дипломдар жазылу реттері бойынша облыстық ІІД аппараты мен облыстық ТЖД коман­даларына табысталды.

 

Беттi дайындаған Болат АБАҒАН, Алматы облысы