Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ахметжан ЕСІМОВ: Көрме тақырыбының өзектілігі айрықша

Ахметжан ЕСІМОВ: Көрме тақырыбының өзектілігі айрықша

Айқын-ақпарат
775
Ахметжан ЕСІМОВ: Көрме тақырыбының өзектілігі айрықша «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің Оңтүстік Кореядағы Yonhap News Agency ақпараттық агенттігіне берген сұхбаты.

– «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Тақырып туралы және оның өзектілігі жөнінде нақ­тырақ айтып берсеңіз?
– Әлемде энергияның дәстүрлі қазба көздеріне бағаның төмендеуімен байла­нысты экономикалық дағдарыс орын алып отыр. Қазірде жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалануға көңіл бөлу арта түсуде. Осы ретте «ЭКСПО – 2017» жобасы – әлем елдерінің жетістіктерімен таныстыру үшін тамаша алаң, сонымен қатар осы салада одан әрі даму үшін қуатты күш. Сон­дықтан біздің көрме тақы­рыбының өзек­ті­лігі ай­рық­ша.
Қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) әлемдік тұтынудың 14%-ға жуығы келеді. 2050 жылға қарай оның жа­һандық энергетикалық теңгерімдегі үлесі­нің ұлғаюы 35%-ға дейін жетеді деп болжап отырмыз.
Іс жүзінде дамыған елдердің барлы­ғында бүгінде баламалы энергетикамен бай­ланысты бағдарламалар әзірленіп, іске асырылуда және Корея осы саланы ал­дың­ғы орындардың бірін иемденеді. Кореяның Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері саласына 2020 жылға дейін 36,6 млрд АҚШ доллары шамасында ин­вестиция салуға ниетті.
Жалпы алғанда, соңғы 10 жыл ішінде жа­ңартылатын энергия көздері саласын­дағы зерттеулер мен әзірлемелерге салын­ған жаһандық инвестиция – 3 трлн АҚШ доллары шамасында. Егер 2005 жылы осы мақсаттарға дүниежүзі бойынша 99 млрд доллар бағытталса, 2015 жылы 4 есе көп – 380 млрд доллар бағытталды, олардың ішін­де инвестиция салу Қытайда – 103 млрд доллар, Еуропада – 48,8 млрд доллар, Азия­да – 47,6 млрд, АҚШ-та 44,1 млрд долларды құрады.
Тақырыптың өзектілігі сонымен қатар тұрақты дамумен және қоршаған ортаға қо­сатын үлеспен де анықталады.
Көрменің «Болашақ энергиясы» та­қырыбы контент арқылы толық көлемінде ашылып көрсетілетін болады. Мысалы, не­гізгі нысан – жалпы ауданы 20 мың шар­шы метрден асатын диаметрі 80 метр шар 
8 қабаттан тұрады, олардың әрқайсысында энергия түрлері (су, күн, жел және т.б.) та­ныстырылады.
Тақырыптың толық ашылып көрсеті­-луі тұрғысынан 2 тақырыптық павильон қы­зықты екенi сөзсіз. Бұл павильондардың контентін, айта кетелік, кореялық «Сигон­тек» компаниясы әзір­леуде, компа­ния­ның ЭКСПО көрмеле­рінде жұмыс істеу тә­жі­рибесі мол (Милан, Йосу, Шанхай).
Біз үздік тәжірибелер аймағында (Ener­gy best practices area) таныстырылатын ба­ла­малы энергия көздері саласындағы ең жаңа әзірлемелерге ерекше назар ауда­ра­мыз.
Құрамына көрнекті ғалымдар, оның ішін­де Нобель сыйлығының лауреаттары енген халықаралық комиссия 133 өтінімді қарап, олардың арасынан 24 жобаны ірік­теп алды.
– Кореяның «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатындығы құпия емес. Елдің қатысуымен қоса, Астанадағы көрмеге Корея компаниялары қатыса ма? Корея компания­лары көрме шеңберінде бизнес үшін қандай мүмкіндіктер ала алады? 
– Бүгінгі күні көрмеге қатыса­тын­дық­тарын 106 ел және 17 халықаралық ұйым растады. Корея Республикасы көрмеге өз қатысуын алғашқы болып растағандардың бірі екендігін (2015 ж. тамыз) атап өткім келеді, жалпы ауданы 1 125 шаршы метрді алатын Корея павильоны ең үлкен ха­лықара­лық павильондардың бірі болады. 
«Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық ком­паниясы әлемдегі жетекші компания­лар­мен, соның ішінде кореялық компания­лармен де тығыз ынтымақтастықта екені сөзсіз. 
Мысалы, көрмелер саласында көпжыл­дық тәжірибесі бар, соның ішінде «ЭКСПО Йосу – 2012» көрмесінде контент әзірлеу тәжірибесі бар «Сигонтек» компаниясы біз­дің көрменің тақырыптық павильон­дарының контентін әзірлеуге тартылды. 
SAMSUNG әріптестік бағдарламасына қатысады және «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінің ғаламдық демеушісіне айналды. 
Компания демеушілік бағдарламаға қосылып, көрменің корпоративтік әріп­тесіне айнала алады. Демеушілік санатына қарай әрбір әріптес белгілі бір артықшы­лықтарға ие болады. Әлемдік көлемдегі бірегей маркетингтік тұғырнама негізгі ар­тықшылық болып саналады. Сонымен қа­тар демеушілердің белгілі бір санаттары көр­мені өткізу кезеңінде өз тауарларын не­­месе қызметтерін өткізу айрықша құ­қығы­на ие болады. 
10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін 93 күн өтетін «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалаушылардың жал­пы саны 5 миллионнан асады. 
Біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасында қалыптасқан дәстүрлі тығыз қа­рым-қатынастарды ескере отырып, Оң­түстік Корея – туристерді тарту тұрғысынан да, бизнестік қатынастарды дамыту тұр­ғысынан да басымдықты елдердің бірі. 
Кореяның бизнес-қоғамдастығының және Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан–Корея ынты­мақ­тастық орталығының ашылуы өтеді, осы ор­талық та «Астана ЭКСПО – 2017» көр­месін Кореяда ілгерілететін болады. 
Серiк ӘЛІМБАЕВ, 
Сеул қаласы