«Нұр Отан» партиясы: бірлік, бейбітшілік және жандану

2015-2016 жылдар аралығында Қызылорда қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдауына қала тұрғындарынан жалпы саны – 1046 өтініш қабылданып, оның 228-і оң шешімін тапқан. Келіп түсетін арыз-шағымдарды сараптау нәтижесімен шағымдардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерге қатысты екені анықталды. Бұл туралы Қызылордада өткен Партияның Саяси кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.
Сондай-ақ жиынға ауылдық округ әкімдері, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық бөлім басшылары, жасотандықтар, БПҰ төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында аймақтың әлеуметтік мәселелері айтылды. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселесі (19,9%), азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы (17,3%), жұмыспен қамту (12,8%), тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселесі (10,6%), денсаулық сақтау саласы (10,6%) пайызды құрайтыны дерек ретінде келтірілді.
– Тоқсанына бір реттен « Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларының орындалу барысы жөніндегі ашық есік күндері өтті. Оған қоса «Әділет кеңес береді», «Жолда қабылдау» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып, 3000-дай азаматқа заң аясында түрлі кеңестер берілді, – деді Қызылорда қалалық партия филиалының төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов.
Сондай-ақ партияның қалалық филиалының басшысы есепті мерзімде қалалық партия филиалы Саяси кеңесінің 4 отырысы өткізіліп, онда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасы мен оны орындаудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Жаңа жаһандық ортадағы Қазақстан: өсу, реформалар және даму» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын кешенді жұмыс бағыты белгіленіп, тиісті тапсырмалар жүзеге асырылғандығын атап өтті.
Бұдан бөлек конференцияда қалалық партия филиалының жұмысы қанағаттанарлық деп танылып, алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Елбасы, партия төрағасының жаңа тапсырмалары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігі айтылды. Сонымен қатар партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы таныстырылып, Қызылорда облыстық партия филиалының есептік-сайлау конференциясына делегаттар сайланды.
Конференция соңында Қызылорда облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев партияластарының нәтижелі жұмыстарына ризашылығын білдіріп, партия жақтастарын Тәуелсіз еліміздің гүлденуі жолында бірлесіп, белсенді жұмыс жасауға шақырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қызылорда қалалық партия филиалының құрамында 8230 партия мүшесі бар. Аймақта 146 партиялық топтан құралған 42 БПҰ-ы жұмыс істейді.
Кен ШАЙЫР