Негізгі бет  /  мақалалар  /  Көлік апатынан жас әртістер көз жұмды

Көлік апатынан жас әртістер көз жұмды

Айқын-ақпарат
965
Көлік апатынан жас әртістер көз жұмды Оңтүстік Қазақстан облысында жол-көлік апатынан 5 адам мерт болды, деп хабарлайды өңірдегі ІІД баспасөз қызметі.

«13 қараша күні шамамен 17.00-де Арыс аудандық ішкі істер бөліміне Шымкент-Арыс-Шардара трассасындағы жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. «КамАЗ» көлігін басқарған 1959 жылғы Арыс тұрғыны қарсы жолаққа шығып кетіп, «Фольцваген Пассат» автокөлігімен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен», - делінген хабарламада.

Жол-көлік апатынан ауыр жарақат алған «Фольцвагеннің» 5 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Олар Отырар және Ордабасы аудандарының тұрғындары - үш қыз 1988, 1997, 1998 жылы туған, олардың екеуі - студент, қалған екеуі - 2001 және 2002 жылы туған 9 сынып оқушылары. Автокөлікті жүргізген Ордабасы ауданының тұрғыны түрлі жарақатпен Арыс ауданының ауруханасына жатқызылды.

Белгілі болғандай, апат құрбандары жас өнерпаздар болған және олар Шарадара қаласындағы мерекелік шараға қатысу үшін бара жатқан. Жедел-іздестіру шарасы барысында Арыс аудандық ІІБ қызметкерлері жасырынған КамАЗ жүргізушісін ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.

Сараптама қорытындысы бойынша, 57 жастағы ер адам орташа деңгейде алкогольді ішімдікке мас болған. Аталған факт ҚР ҚК 345 және 347-баптары бойынша («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу») Арыс аудандық ІІБ бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Екі көлік те айып тұрғына қойылды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

 

ҚазАқпарат