Негізгі бет  /  мақалалар  /  АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫ БОЙЖЕТКЕНГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫ БОЙЖЕТКЕНГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

Айқын-ақпарат
785
АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫ БОЙЖЕТКЕНГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ Алматы полициясы өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер азаматты құтқарып қалған алматылық бойжеткен Дамира Бекмұхамедованы марапатқа ұсынуды жөн көріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Біз ол бойжеткенге осы қылығы үшін шынымен ризамыз. Алдын ала тон пішкім келмейді, бірақ оны марапатқа да ұсынатын шығармыз. Қазір біз көпірден секірмек болған ер азаматты, мұндай қадамға не үшін бекінгенін сұрап білу мақсатында іздестіріп жатырмыз», - деді Алматы ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Оқиға 14 қарашаға қараған түні 03:50-де орын алған болатын. Дамира Бекмұхамедова көпірден өтіп бара жатып, төменге секіргелі тұрған бейтаныс жігітті байқап қалған. «Мен өзге көліктерге қол бұлғап, көмекке шақырып жатып, жігітпен тілдесіп үлгердім. Мұндай жағдайда не айтып, не істеу керектігінен хабарсыз екенмін. Онымен сөйлесіп, райынан қайтарғым келді. Алайда ол өз бетінен танбады. Мен оның киімінен ұстап, кері тартқандай боламын. Өзге жүргізушілер көмекке келгенде, жігіт олармен төбелесіп, көпір жиегіне қайта ұмтылды. Тағы екі жігіт көмекке келіп, оны көлікке күштеп отырғызып алып кетті», - дейді Д.Бекмұхамедова. Дамира жариялаған кішігірім видеода оның жас жігітпен сөйлескені, одан жан түршігерлік қадамға бармауын өтінген сәті түсірілген. Әңгімелесу кезінде жігіт «құтқарушысының» сұрақтарына жауап бере отырып, өмірден қажып біткенін, өмірде ештеңеге қолы жетпегендіктен осындай шешімге келгенін айтады. «Менің дауысым дірілдеп тұр. Өте қорқынышты болды. Адамдар ойлансын деп видеоны желіге жариялап отырмын. Жас әрі қайратты жігіттер шарасыздықтан өздеріне қол жұмсап жатыр, бұл дұрыс емес», - деп жазды Дамира Бекмұхамедова. 

 

ҚазАқпарат