Басты  /  мақалалар  /  «Өлі көлдердің» құпиясы қашан ашылады?

«Өлі көлдердің» құпиясы қашан ашылады?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
5813
«Өлі көлдердің» құпиясы қашан ашылады? Жер шары талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Расында заманауи өркениетке жетсек те, біз үшін әлі жаратылыстың ашылмаған жұмбақ әрі құпия сырлары әлі көп.

Расында да  ойлау қабілеті заманауи озық деңгейге жетсе де, қазір жұмбақ су қоймаларының өзін зерттеуге адамдардың жүрегі дауаламай отыр. Мұның сыры неде? Ақылман ғалымдар мен жүрекжұтқан зерттеушілердің өзі жолай алмай отырған «Өлі көлдердің» астында не құдірет бар немесе  нендей құбыжық жатыр?  Мысалы, Сицилияда адамзатқа өзінің жауыздығымен аты шыққан су қоймасы бар. Онда тіршілік жоқ, судың астында балық та жоқ, өсіп тұрған балдыр да көзге көрінбейді. Сондықтан оны «Өлі көл» немесе «Өлім көлі»  деп атаған. Ал мұның сыры неде?Ақыры  ғалымдар зерттей келе бұған қатысты екі болжам жасаған. Зерттеушілердің есебінше  және негізгі бірінші жорамал бойынша су асты қоймасы өзінен орасан зор мөлшерде тоқтаусыз улы күкірт қышқылын бөліп шығарады. Сондықтан су астына түскен кез келген адам немесе жәндік болсын, бірнеше минутттың ішінде  өледі. Суда тіршілік жоқ. Көлдің маңайында да ешқандай өсімдік өспейді. Тіпті судың жағалауына барудың өзі қиын, өте қауіпті.

Ал екінші жорамал бойынша су астында тау-кен жыныстарының көп болуы суды күкірт қышқылымен байытып отыр.  Бірақ шын мәнінде солай ма? Оны зерттеудің өзі күрделі. Өйткені мамандар «Өлі көлде» күкірт қышқылының концентрациясы кең көлемде болғандықтан зерттеушілер оны толыққанды зерттей де алмайды. Осы жерде аталған екі жорамалмен тоқтауға болар еді. Бірақ жергілікті халықтың айтуынша,  тағы бір болжамның шеті қылтияды. Сицилияның атақты мафиялық кландары өз жауларын осы жердегі суға тастап, көп қылмыстың ізін жасырған деседі. Ал суға лақтырылған денеден   қаңқа сүйек те қалмаған.  Енді соңғы аңыздың қаншалықты ақиқат екенін кім білсін, алайда «Өлі көлге» қатысты әңгіме әлі толас таппай тұр.

Жалпы суасты қоймасы туралы дерек  Сициялияға ғана қатысты емес. Әлемде мұндай «Өлім көлдері»  өте көп. Тағы бір мысал, америкалық ғалымдар 2014 жылы Жаңа Орлеан  жағалауының маңынан осындай «Өлі көлді» тапқан. Бұл да өте қауіпті суасты қоймасы болып шыққан. Мамандар осы көлдің тереңдігін зерттемек болғанда, оның  екі қабаттан тұратынын анықтаған.  Жерасты су қоймасындағы тұздың дәмі  кәдімгі теңізде кездесетін қарапайым  тұздан бес есе артық болып шыққан. Көлдің тереңдігі - 1000 метр болса, оның аумағы  - 34 метр. Былай қарағанда, соншалықты көлемді емес, алайда оның жоғары қабатында +8 градус ыстық шамасындағы жоғары концентрациялы  көп тұз бар.  Ал оның төменгі қабаты +19 градус шамасындағы жоғары концентрациялы көмірсутегінен тұрады екен. Ақыры америкалық мамандар  бұл суда шектен тыс тұз көп, сондықтан оның суын ішуге болмайды деген қорытынды шығарады. Оған мысал ретінде су бетінде қалқып жүрген бірнеше өлі балықтар мен жәндіктерды көруге болады.

Басқа ел емес, көршіміз Ресейде де Карелия маңында осындай Куолемаярви атты фин атауымен аталатын «Өлі көл» бар деседі. Бұл жерге фин азаматынң қандай  қатысы бар? Зерттеушілердің айтуына қарағанда,  бұл жердің тылсым күшіне қатысты қатысты үш жорамал  айтылады. Бірінші болжамның дерегі бойынша 16 ғасырда финнің атақты мемлекет қайраткер –епископы Микаэль Агрикола келіссөз жүргізіп келе жатып, аталған көлдің маңайына келгенде кенеттен ауырып қалады. Осы арада қайтыс болып, көл маңайына жерленеді. Екінші дерек бойынша, шведтің мыңдаған сарбаздары осы көлмен арғы бетке жүзіп өтпек болғанда, бірі де қалмай қырылып, су астына кеткен деседі. Осы оқиғадан кейін «Өлі көл» атанған. Үшінші болжамға назар аударсақ,  көлге жыл сайын бір адам суға кетіп отырған. Кейде су жағалаудан асып, тасыған сәтте, жергілікті тұрғындардың біразы бақилық болған. Куолаярви көліне байланысты жорамалдар тізбегі мұнымен де толас таппайды. Жергілікті тұрғындар мұнда ешқашан суға түспейді. Тіпті қызықшылық танытып, арғы бетке жүзіп өтпек болғандардың барлығын су иірімі тартып әкеткен. Кейбір әңгімелерге қарағанда, көл жағалап ұшып жүрген кейбір құстардың түсі де ұсқынсыз. Жергілікті халық  жағалаудан қанатының қауырсыны жоқ алып тұмсықты құстарды сирек те болса кездестіретінін сөз етеді. Ал егер олар адамды тістеп алса, бүкіл дене қызарып, тері бөртіп кететін болған. 

Калериядағы  Куолемаярви көліне де қатысты қорқынышты әңгімелер өте көп. Кейбіреулер көл маңынан адамға ұқсас, түрлері қорқынышты біреулерді көретін болған. Жергілікті халықтың пікірінше, олар базбір жылдары су жұтып, көл түбіне жоғалып кеткен адамдар секілді.  Карелиядағы көлді зерттеуге келген уфолог маманның пікірінше, көл астындағы орасан зор радиацияның салдарынан адамдар ұсқынсыз күйге түсіп, саналы тіршілігінен айрылып қалған. Тағы бір қызғылықты тылсым дерек бар: жергілікті халықтың пікіріне сенсек, бұл көлдің маңында бөгде планеталықтардың аппараты апатқа ұшыраған. Зерттеушілер кейіннен осы «Өлі көлдің» төңірегінен металл сынықтарын тапқан. Тағы бір әңгімелерге назар аударсақ, көл түбінде бөгде планеталықтардың алып аппараты жатыр. Олар суға түскенннің бәрін жұтып, жоғалтып жібереді. Суда тіршіліктің болмай тұрғанында осындай себеп бар. Бірақ бұл тұжырымға да сену қиын. 

Өз құписын бойына жасырған мұндай су асты қоймасы Латвияда да бар. Чертово көлінің төңірегін мекендейтін жергілікті халық бұл судың жағалауында көп тұрмауға  кеңес береді. Әрине, көлдің беті керемет әсер қалдырады. Күннің жарығы түскен айдынның бетінде сәуле ойнап, адамды еріксіз көрінісімен өзіне тартады. Алайда, оған көп  қарап тұруға болмайды. Жергілікті халық қатты әсерленген адамның ақырында психикалық ауруханаға түсетінін де жасырмайды. Латвиялық ғалымдар көлдің тылсым құдіретіне қатысты бірнеше болжам келтіреді. Оның біріншісіне сенсек, аумағы 70 метр боларлық шамада су астынан  барлық тіршілік иесін жоқ ететін радиоактивті улы газ шығып жатыр. Соңғы зерттелгенде де ғалымдар су астынан үнемі қуатты энергия беріліп тұратынын анықтаған. Сондықтан көлдің жағалауында бір сағаттан артық тұруға болмайды. Әсіресе энергияның қуаты судың ортасында анық білініп тұрады. Сондықтан да шығар, осы уақытқа дейін көлдің арғы бетіне жүзіп өткен адам жоқ.

Мұндай таңқаларлық тылсым күші бар көлдер әр жерде бар. Бірқатар құпияға толы су қоймаларында ешқандай тіршілік болмаса, ал базбіреулерінің пайдалы қазбаларын пайдалануға болады. Мысалы, Тринидад аралындағы Пич –Лейк суын кейде «Асфальт көлі» деп те атайды. Мұндағы су құрамының 30 пайызы тұздан, отыз пайызы саз топырақтан, ал 40 пайызы битумнан тұрады. Әрине, мұндай көлде ешқандай тіршіліктен болмасы белгілі. Алайда көлдің қазбалары қазіргі кезде жолға пайдаланылып жатыр. Су астында 6 миллион тонна асфальт бар көрінеді.

Біз әлемдегі құпияға толы суасты қоймаларындағы таңғажайып оқиғаларды сөз еткенмен, өзімізде де, Қазақстанда осындай «Өлі көлдің» барын білмейді екенбіз.

 

 Расында да Алматы облысының Герасимовка елдімекеніндегі кішігірім көл де уфолог ғалымдардың көп талқылайтын жері. Таңқалуға болатындай жағдай мұнда да тұрақты қайталанып тұрады. Қырық градус ыстық болса да,  мұнда жаз айларында да судың беті қатып, қабыршықтанады, мұз болып қатады.  Сонымен қатар, су жансыз, мұнда  балдыр мен балықтар да жоқ. Тылсым құпияның  сыры неде? Суды мекен ететін майда жәндіктер  мұнда неге кездеспейді?  Ғалымдар бұл құбылыстың сырын  көл тереңінде  жатқан улы газдан көреді.  Улы газ тұрақты түрде бөлініп тұрғандықтан,  барлық тірі жәндіктер қырылып қалады.  Тағы бір  қорқынышты нәрсе,  «Өлі көлдің» терең қабатында  ауа толтырылған балонмен 5 минуттан артық тұра алмайсыз. Өйткені улы газ сізді өлтіреді. Жергілікті халық бұл жерге оңайлықпен жақындамайды.  Бірақ бұл орынның  сырын білмейтін туристер көп жағдайда суға түсіп ақырында қаза табады.

Қазақстандық «Өлі көлге» қатысты да түрлі аңыздар  бар.  Кейбір аңыздың мазмұнына үңілсек, мұнда мыңдаған жылдан бері адамдар көп қайтыс болған. Сондықтан суға түскен адамды өлілер тереңге бірден тартып кетеді. Таңғалдыратыны сол, өлі дене біраз уақыт өткен соң, әдеттегідей қалқып  су бетіне шықпайды. Тереңге батқан адам  тік тұрған қалпында бақилық болады екен.  Тағы бір аңыз бойынша, бір ғасырдан астам уақыт бұрын белгісіз бір ер азамат қызғаныш отымен ашу үстінде әйелін осы көлге тұншықтырып өлтірген. Ал оның жарының  кінәсіз болғаны кейін  ғана анықталған. Жазықсыз жапа шегіп, өлген жанның көз жасы қойсын ба? Басқалар да қазір су түбіне кетіп, өмірмен кенеттен қош айтысып жатыр. Халық арасында көп айтылатын мүндай үрейлі оқиға адамды қорқытатыны рас.

Анығында, дүние жүзінде, әр мемлекетте  осындай тылсым күштерге толы, өз құпиясын ішіне жасырған белгісіз орындар мен суасты қоймалары өте көп. Біз олардың бірсыпырасын ғана сөз еттік. Мамандар зерттегенде ғана оның беймәлім сырлары біртіндеп ашылады. Ал құпия жағдайда қала берсе, ол туралы ақиқатқа сай келмейтін неше  түрлі үрейлі аңыз –әңгімелер айтылады.

Дұрысы, туған жердің сырына терең қаныққанның артығы жоқ.