Негізгі бет  /  мақалалар  /  Астанада «Жас-Ай» медицина орталығы ашылды

Астанада «Жас-Ай» медицина орталығы ашылды

Төреғали ТӘШЕНОВ
1185
Астанада «Жас-Ай» медицина орталығы ашылды Бүгінгі егеменді еліміздің 25 жылдығына байланысты іс-шаралар қарқынды жүргізілуде.

 Бұл әсіресе, халықтың денсаулығын сақтау саласында жиі көрініс беріп келеді. Соның бір айғағы – Астана қаласында ашылған, Алматыдағы «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығының филиалы. Бұл медицина орталығы филиалының Астана қаласында ашылуы – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы «Жалпыға бірдей Еңбек қоғамына – 20 қадам» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Осы жалпы халықтық істің иесі – медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі», Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», халықаралық «Сократ» орденінің иегері Жасан Зекейұлы. «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының құрылғанына 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде 50 мыңнан астам науқас емделіп, 3500-ге жуық отбасы бала сүйген. Оның ішінде 10 мыңнан астам жағдайы жоқ жандарға тегін ем берілген. Қаншама инсульттан салданғандарды орнынан тұрғызып, мешел балаларды сауықтырған. Жуырда игілікті ісі үшін Жасан Зекейұлына 193 ел мүше болған әлемдегі ең ірі бірлестік БҰҰ атынан халықаралық «Құрмет белгісі» ордені берілді.
    Жыл сайын қарттар үйіне қаржылай көмек беруді, бірлестік үрдіске айналдырған. Сол үшін де Жасан Зекейұлын «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» осы жылдың мамыр айында сексен бірінші кеңес мүшесі етіп сайлады. Қазыналы қарттарымыздың денсаулығын сақтауда, «Жас-Айдың» атқарар қызметі ерекше болып отыр. Сондай-ақ науқас балалар мен аналарға жеңілдіктері – өз алдына  бөлек әңгіме.
    Жақында 3-6 қазан аралығында Түркияның Анкара қаласында 83 мемлекеттен жиналған 214, Түркияның өзінен 109 ғалым қатысқан әлемдік деңгейдегі «Жаңа Түркияның Білім және технологиялық даму стратегиясы» атты ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына Түркия президенті Реджеп Ердоган өзі қатысып сөз сөйледі. Ғылым мен технологияның өткені мен бүгіні, болашағы энергия өндіру мен басқару, НАНО технология, санды технология саясаты сияқты бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері сөз болды. Конгресте Қазақстан республикасы атынан профессор Жасан Зекейұлы баяндама жасап, ғылыми жаңалықтарын таныстырды. Тың идеялар көтеріп, оны іске асыру жолдарының нұсқауы – халқымыз үшін ең үлкен аброй болды.
    «Даму жолы – ізденіс» деген қағиданы басшылыққа алған бірлестік, әлемдік аренада еліміз жеткен жетістіктерді паш етіп, болашақ жобалардың жаһандық үлгілерін жария ететін EXPO-2017 көрмесін қолдап, жақсы істердің жанашыры болып келе жатыр. Осы тұста салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, медициналық орталық өз қаржысына «Жас-Ай» медициналық ақпараттық журналын үзбей шығарып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. 
Бүгінгі денсаулық жаршысы, қоғам қайраткері ғалым Зекейұлы басқарып отырған «Жас-Ай» Шығыс -тибет медициналық бірлестігінің мақсаты айқын, міндеті анық. Олай болса, жасампаз «Жас-Ай» медициналық бірлестігіне біз де табыс тілейміз.