Негізгі бет  /  мақалалар  /  20 жылға сотталды

20 жылға сотталды

Айқын-ақпарат
1036
20 жылға сотталды Шымкентте 17 жасар студент қызды айуандықпен өлтірген такси жүргізушісіне қатысты үкім қайта өзгерді, деп хабарлайды ОҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

 Оңтүстік Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы жылдың қыркүйек айында  Әлішер Арғынбаевқа қатысты 16 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда, мұндай үкіммен қадағалау органы өкілдері де, марқұмның туыстары да келіспеген еді. Облыстық прокуратура тарапынан келтірілген наразылықтан кейін қылмыстық іс облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралды. Сөйтіп бойжеткенді азаптап өлтірген жүргізушіге  қатысты жаңа айыптау үкімі қабылданды.

Апелляциялық сот алқасы Әлішер Арғынбаевты жасы кәмелетке толмаған жәбірленуші Оспанбековаға қарақшылық жасап, одан кейін оны аса қатыгездікпен өлтіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99 бабымен және 192-бабының 2-бөлігі 4-тармағымен кінәлі деп таныды. Оған жеке мүлкін тәркілей отырып түпкілікті 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың мамыр айында Сарыағаштан Шымкенттегі оқуына шыққан Әйгерім Оспанбекова екі аптадан кейін өлі күйінде табылған болатын. Кейіннен оны  25 жастағы такси жүргізушісі өлтіргені анықталып, ұсталған болатын.

 

ҚазАқпарат