Басты  /  мақалалар  /  Жамбыл рухының алдында басымызды иеміз!

Жамбыл рухының алдында басымызды иеміз!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1599
Жамбыл рухының алдында басымызды иеміз! Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың халықаралық деңгейде тойланған 170 жылдық мерейтойының қорытындысына орай салтанатты кеш өтті.

Мәдени шараны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі» деген сөзімен ашты.

Қала басшысы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Астраханьда, Ан­карада кең көлемде тойланып, ақынның Сербия астанасы Бел­град қала­сында бой көтерген ес­керткішін ұлт Көшбасшысы өзі барып ашқанын атап өтті. Еліміздің барлық облысында салтанатты жиын ұйымдастырылып, ақынның шығармалары жарық көргеніне тоқталды. Бұл шаралардан Алматы қаласы да тыс қалмапты. Жыл басында Қазақстан Жазушылар одағы Жамбылдың 170 жылдығын арнайы атап өтсе, Қазақ ұлттық университеті ақынның екі том­дығын, Алматы мемлекеттік университеті бір томдығын басып шығарған. Белгілі қаламгер Наға­шыбек Қапалбекұлының «Жамбыл – толғау» атты еңбегі жарық көріп, әкімшілік тарапынан «Жамбыл Жабаев» энциклопе­диясын шы­ғаруға қолдау білдірілген. 
– Есімі әрбір қазақ баласына қастерлі Жамбыл Жабаев бір өңірдің немесе бір дәуірдің ғана ақыны емес. Ол барша адамзат құндылықтары туралы ой толғаған, иісі қазақтың барлығына ортақ кемеңгер ойшыл, ұлы гуманист. 
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Өз заманының адуын­ды ақындары Айкүміс, Шашубай, Сарбас, Досмағанбет, Құлман­беттермен сөз сайысына түсіп, қазақтың сан ғасырлық айтыс өнерін жаңа биіктерге көтерді. Осылайша, ол қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетінің сақталып қалуына, ата-бабадан аманат болып келген халық жырларының Кеңес дәуірінде насихатталуына тікелей ықпал етті. 
Жамбыл жырларының басты тақырыбы – халықтың тағдыры мен тарихы болды. Ол ел үшін ең­бек еткен ерлерді, Отан үшін өмі­рін қиған батырларды талмай жырлады. Тыңдаушылардың кө­кейіне қонымды, халықтың жады­на жеткізе жырлаған ақынның Өтеген, Сұраншы батырлар жайлы дастандары қазір де халқымен бірге жасасып келеді. Бұл турасында жам­былтану ғылымының іргета­сын қалаған Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Жамбыл – қазақ халқының лирикалық, философиялық және шешендік сөздеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақын» деп әділ бағасын берді.


Біз өткен жылы ғана ұлы ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойын тойлаған едік. Енді сол Сүйінбайдың өмірдегі өзіндей, өнердегі көзіндей болған ізбасары Жамбыл атамыздың мерейлі беле­сін кең көлемде атап өтіп отырмыз. Қорытынды шарамыздың осы Жамбыл атындағы филармонияда өтіп жатуы да кездейсоқ емес. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы – бұл қазақ мәдениеті мен әде­бие­тінің мерекесі, – деді Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек. 
Бұдан соң, Қазақстан Жазушы­лар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз алып, ақынның аза­маттық, қайраткерлік болмысына назар аударды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан өз жетекші­лігімен Қазақ энцик­лопедиясы ұжымы дайындаған Жамбыл атты энциклопедияның сүйінші дана­сын таныстырды. Кітаптың шы­ғуына Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің және министр Арыс­танбек Мұхамедиұлы қолдау көрсетіпті.
– ... Біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жат­сақ, оның басты себебі, Жамбыл арманының адамзаттығы арман-аңсармен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбы­лына адамзаттың Жамбылы ре­тінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Анада алалық жоқ қой, қай баласын болса да мерзімді күні жарық дүниеге әкеледі. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты». Ұлы Ғабит Мүсіреповтің «Феномен-Феникс» мақаласында да осындай тамаша жолдар бар. Иә, «Феномен-Феникс», «XX ғасыр Гомері» атан­ған Жамбыл Жабаев­тың туғанына 170 жыл толып отыр.
Жамбыл дүниетанымы қазақ­тың рухани қажетімен ұштасқан. Ол қазақтың ауызша тарихын жетік білген абыз адам, аңыз адам. Ол өзінің ақындық орбитасына шы­ғып кетті, бақытқа поэзия арқылы жетті. Жәкеме өлең жөргегімен келіп, оның егізіне, серігіне айналды. 
Жамбыл – қазақ ауыз әдебиеті­нің энциклопедиясы. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі ұлы ақынның осы қасиеттерін даралап тұр емес пе? Ақынның хатшысы Ғали Орманов­тың 1940 жылдың ақпанында жазған күнделігіндегі: «...оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, ха­лық көп біледі. Менің білімім – сол халықтың білгендері. Мен ха­лық­тың сөзін айттым» деген сөздер қандай терең, қандай айқын!
– Менің пірім – Сүйінбай, 
Сөз сөйлемен сыйынбай. 
Сырлы, сұлу сөздері, 
Маған тартқан сыйындай,
– деп бұл сөздерді өз жүрегіне бойтұмар етіп, көзі жұмылғанша өлеңге, домбыраға, киелі өлеңге адал болды. Өзінің өмірге деген құштарлығы, адам тани білетін абыздық қасиетінің арқасында замана көшіне ілескенмен, өзін басшылармен де, қосшылармен де тең ұстады. 
Жәкеңнің небір тойлары өтті. Салтанатты жиындар болды. Бірақ жүрегімде бір арман бар еді. Ол – Жамбыл бабаға арналған кітап жазу, екіншісі – Жамбыл энцикло­пе­диясын шығару еді. Кітабым шықты, бүгін менің жетек­шілі­гіммен Қазақ энциклопедиясы ұжымы дайындаған Жамбыл атты энциклопедияның сүйінші да­насын әкеліп тұрмын. Бүкіл тираж кітапханаларға жіберіледі. Сондықтан энциклопедияны көп таралыммен қайта шығарсақ деген ұсыныс айтамын. Қазіргі сәтте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қаржылай көмек беріп, жұртшылыққа жет­кізуге уәде етіп отыр, – деді 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан.
Кеш соңында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» акаде­миялық фольклорлық-этногра­фиялық халық аспаптары оркестрі өнер көрсетті. Дирижері – халық­аралық, республикалық байқау­лардың лауреты Мүслім Әмзе. Сонымен қатар Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Ерболат Шалдыбе­ков, Шолпан Даржанова, Мақпал Тоқтағанова, Есбол Шаңбай бірегей тұлғаның жыр-термелерін нақышына келтіре шырқады. Ал ақынның шөбересі Бекмұрат Жамбылов «Алғадайды жоқтауын» орындаса, танымал әнші Тілеулес Құрманғалиев ақын-жыраудың бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа әнін жұртшылыққа та­ныстырды.