Негізгі бет  /  мақалалар  /  Барша түркінің атажұрты – Қазақстан

Барша түркінің атажұрты – Қазақстан

Кәмшат ТАСБОЛАТ
803
Барша түркінің атажұрты – Қазақстан Көпшілік Елбасының Еуразиялық кеңістікте интеграциялық идеялардың бастамашысы боп жүргенін бұрыннан біледі.

 Егер әу бастан-ақ Еуразиялық одақ сынды идеяларды ресейлік және отандық БАҚ-тар оң және теріс жағынан сараптап, барша ел ішінде жарнамалауына жол ашса, өкінішке қарай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілі бір, діні бір бауырлас түркі халықтарының бірігуіне байланысты бастамалары, әсіресе, орыстілді аудитория үшін әлі де кеңінен насихатталып жатқан жоқ. Ал олардың түркі халықтары ішінде барынша насихатталуына не кедергі? Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бері ту еткен, түрік, қазақ, өзбек, қырғыз бен әзірбайжан сарапшылары 2000-2007 жж. кеңінен талқылаған, қолдаған Түркістан одағы, Орталық Азия одағы, Қазақ-қырғыз конфедерациясы, Ортаазиялық экономикалық одақ, т.б. сынды бастамаларының бірі аяқсыз қалса, бірі әлі де қолдауды талап етеді. Ғаламдастыру заманында түркілердің бірігуі – тағдыр сыйы емес пе? 

 

«Түркілер бірігетін заман келеді!»

Осыдан бірер жыл бұрын Түр­кі кеңесі аясында өткен қа­зақ-түрік бизнес форумында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемені Түркі кеңесіне мүше елдер – Қазақстан, Әзір­бай­­жан, Қырғызстан мен Түр­кия­ның көптеген сарапшылары мен ғалымдары «ұлттар мен ха­лық­тардың тағдырына әсер ет­кен ұлы саясаткерлердің тарихи мә­лімдемелерімен» бір орынға қойып, жоғары бағалады. Өз ке­зегінде Елбасы: 
– Кезінде Ататүрік «Түр­кі­лер­дің бірігетін заманы келеді» де­ген еді. Сондықтан мен барша түр­кітілдес бауырларыма жылы ілт­ипатымды білдіргім келеді. Ал­тай мен Жерорта теңізінің ара­­сында 200 миллиондай бауы­ры­­мыз тұрады. Егер біз бәріміз бас бірік­тірсек, әлемде өте мық­ты күш­ке айналамыз» деген еді. Сөзсіз, Елбасының баста­ма­сы­мен түркілердің мәдени, ғылыми ин­теграциясына жол ашқан жо­ба­лар жүзеге асты. Атап айтсақ, Түр­кітілдес мемлекеттері бас­шы­ларының кеңесі құрылды. ТҮРКСОЙ мәдени ұйымымен қа­тар, Астанада Түркі акаде­мия­сы қызмет ете бастады. Бакуде Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, интеграциялық идея­­лардың әлемдегі барша түр­кінің атажұрты – Қазақстаннан шы­ғып жатқаны да тектен-тек емес. Кезінде күллі әлемге сес көр­сетіп, алып империяның не­гізі болған түркілер бірнеше ға­сыр бойы «Бөліп ал да, билей бер» деген кері саясаттың құр­ба­нына айналып, бір-бірінен ал­шақ­тап кетті. Ал бүгін бірігу тура­лы та­рихи бастамалардың Ас­танадан шы­ғуы – өткен та­рих­тан сабақ алып, ұлттық, тіл­дік һәм діни бір­лікті сақтап қалу­­мен қатар, эко­но­микалық мы­ғым одаққа ай­налудың әре­кеті екенін сарап­шылар мойын­дайды. Дәл осы қазақ-түрік биз­нес-фору­мын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев: 
– Біз барша түркі халық­та­ры­ның Отанында тұрып жатыр­мыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ха­ны өлтірілгеннен кейін біз Ре­сей патшалығының коло­ния­сы болдық, кейін Кеңестік Одақ­­тың құрамына кірдік. 150 жыл ішінде қазақтар өзінің ұлт­тық дәстүрлерінен, әдет-ғұрып­тарынан, тілі мен дінінен айы­ры­ла жаздады. Жаратушының кө­мегімен біз 1991 жылы тәуел­сіз­дігімізді жарияладық. Сіз­дер­дің ата-бабаларыңыз тарихи Ота­­нынан, Түркі қағанатынан ке­тіп бара жатып, өздерімен бір­ге түркі халқының атауын алып кет­ті. Қазірге дейін түріктер ең мықты жігіттерін – «қазақтар» деп атайды. Сол қазақтар біз бо­ламыз!» деп мәлімдеді. Мұның ар­тынша күллі ресейлік БАҚ-тар шу­лап кетті. Сол кезеңде жария­лан­ған мақала атауларын көр­сеңіз, «Қазақстан Еуразиялық одақ­тан кете ме?», «Түркі бірлігі Еуразиялық одаққа қарсы ма?» дегендей дұрыс мәлімдемеден теріс мән іздеген материалдардан кө­зіңіз сүрінеді. Түптеп кел­ген­де, түркілердің экономикалық одағы ең алдымен Ресейге тиім­сіз көрінеді. Ресейдің құрамын­да­ғы оннан астам түркі мем­ле­кет­терінің исламға бет алып, се­паратизмге бой алдыруынан Мәс­кеудің бұрыннан сескенетіні әм­беге аян. Ал түркілер бірігіп, Қа­зақстан арқылы өзбек пен түр­кімен газын Еуропаға апара­тын жол ашылса, Ресейдің де Еу­­роодаққа, Украинаға ықпал етіп отырған жалғыз құралы құр­дым­ға кетуі бек мүмкін. Газ ар­қылы қысым жасау тетіктерінің әлсіреуі мүмкіндігін мамандар да растайды. Содан болар, егер Елбасының түркілердің эко­но­ми­калық интеграциясына қа­тысты бастамаларын Түркия мен Әзір­байжан қос қолдап қол­паштап кетсе, Ресей сын тезіне айналдырып, тәуелді БАҚ-т­а­рын­да сарказм мен күдікке толы материалдарды бұрқыратып, идеологиялық майданда қатал жұмыс істей бастайды. Отандық сарапшылар қазақстандық ақ­параттық кеңістіктің әлі де Ре­сейге тәуелді екенін айтумен қа­тар, ақпараттық экс­пан­сия­ның өршіп тұрғандығы, белді БАҚ басшылықтарында ре­сей­шіл азаматтардың отыр­ған­дығы туралы талай мәселе көтерсе де, шет­елдік БАҚ-тар мен медиа-ме­неджерлерді тыю мүмкін бол­май келеді. Ал «кімнің қолында ақпараттық тетіктер болса, сол халықтың санасын билейтінін», әсіресе, журналистер қауымы жақсы біледі. Түптеп келгенде, түр­кілердің бірігуіне байланысты қорқыныш, үрей мен күдік, се­нім­сіздікке шырмалған ақ­па­рат Ресей мен Қазақстанның орыс­тілді БАҚ-тарынан шығып жа­тыр. Бұл одақтарға деген нем­құрайдылық осындай теріс ақ­па­рат­тың кесірінен кеңінен жайы­­лып барады. 

Мәдени байланыс мығым, бірақ...
Түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және мәдени-гу­ма­нитарлық бағыттағы интег­рация­сы түптеп келгенде, саяси интеграцияға ұласып кетуі мүм­кін бе? Бұл сауал, әсіресе, Ресей мен Арменияның сарапшыларын ерекше алаңдататын сияқты. Бұл арада түрік депутаттары өз сұх­баттарында «Түркияның да, түр­кі әлемінің де саяси бірлестік құруға атсалыспайтынын» талай мәрте тілге тиек еткен. Түркі ха­лықтары арасында қан­ша­лық­ты мәдени және экономикалық байланыстар ілгері дамып жатыр десек те, интеграциялық баста­ма­ларға кедергі болып отырған түйткілдер де баршылық. Шен­ділердің ойынша, ең басты мә­селе – бюрократиялық кедер­гі­лер. Әсіресе, түркітілдес ел­дер­дің кәсіпкерлеріне көбірек жол ашып, мүмкіндіктер көкжиегін көрсету мақсат боп тұр. Сон­дық­тан да кедендік кедергілерді жойып, қағазбастылықты бір рет­ке келтіру мәселесі де күн тәр­тібінен түсер емес. 
Ал ресейлік сарапшылардың түркі бірлестіктеріне күмәнмен қа­­рауға еш реті жоқ. Бұдан қан­дай да бір саяси астар іздеу де жөн емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған жылдардан бері көпвекторлы саясатты ұстанып, барлық ел­дер­мен бірдей деңгейде ынты­мақ­тастық пен достыққа жол ашуы мемлекеттің бүгінгідей дамуының кепілі болғаны анық. Бір жағынан, сарапшылар Ел­басының түркі бірлігі туралы мәселені қашанда жоғары мін­бер­лерден баса айтатынын жет­кізсе, екінші жағынан, Еура­зия­лық одаққа да теріс қарамай­ты­нын алға тартады. Тіпті 1994 жы­­лы Елбасының өзі осы идея­мен шыққан еді. Бұл арада са­рап­шылар Елбасының «түркілік» және «еуразиялық» идеялары­ның мемлекетаралық деңгейде талқыланып, қос бастаманың өзара бәсекеге түсіп отырғанын жоқ­қа шығармайды. Ал отандық сая­саттанушылар, әрине, бірін­ші кезекте түркілік идеяның кеңі­нен жүзеге асқанын қо­л­дай­ды. Себебі, ғаламдастыру зама­нын­да тілі бір, діні бір, ділі бір ел­дер­дің аман қалуы да бірлік мә­селесіне барып тірелетіні бел­гілі. 
Бір қуантарлығы, бүгінде Қа­зақстан мен Түркияның жеке бас­тамаларының арқасында түр­кітілдес журналистер мен мә­дениет қайраткерлерін біріктіру мен жақындастыру мәселесі дұ­рыс жолға қойылған. Есте­ріңіз­де болса, осыдан бірер жыл бұрын Түркияның Эскишехир қа­ласында түркітілдес 26 мем­ле­кеттің журналистері қатысқан ме­­диафорум болды. Одан кейін­­гі медиафорум Татарстанда сәтті өтті. Өкінішке қарай, татар жур­налистерінің айтуынша, түр­кі әлемі үшін әлі де Қазан қа­ла­сының белгісіздеу екені жа­сы­рын емес. Яғни, бір-бірімізді тану­да ақпараттық-насихаттық жұ­мыстардың да дұрыс жүр­гізіл­ге­ні маңызды. Түркітілдес са­рап­шылардың ойынша, «БАҚ бір­ге болса, халықтар да бірге бо­­ла­ды. Баспасөзді жақын­дас­тырсақ, біз халықтарды да бірік­тіруге жол ашамыз» деген ұста­ным жоғары мәнге ие. Сон­дық­тан түркі журналистерінің бір-бі­ріне бауырдай қарап, ақпарат алмасуда өзара ықпалдастыққа жақын болуы маңызды. 
Түркі халықтарының ерекше ынта-ықыласын туғызған Turkvision ән байқауы да түркі әле­міндегі соңғы музыкалық ба­ғыттармен қатар, отандық және түркілік әнші-сазгерлерді тану­ға, бағалауға жол ашты. Ортақ му­зыкалық телеарналар да мә­дени байланыстың жаңа ба­ғыт­тарын айқындап беруде. Түптеп кел­генде, түркі музыкасын азан­нан кешке дейін көрсететін ортақ телеарналардан бөлек, әр елдің жаңалықтарын, тарихи өз­­герістері мен қазіргі тыныс-тір­шілігін көрсететін мәдени, ақ­параттық телеарналардың қа­жеттігі де байқалады. Бұл да уа­қыт еншісіндегі бастамалар бол­са игі. 
Князь МИРЗОЕВ, түркітанушы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі: 

Түркілер үшін жақындасудан басқа жол жоқ
– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев түркі республикаларының бі­рі­гуіне ерекше мән береді. Ұлт Кө­шбасшысының бастама­сы­мен Түркі әлемінің академиясы, ТҮРКСОЙ ұйымы, т.б. құры­лым­дар дүниеге келді. Нұрсұлтан На­зарбаевтың өзін бүгінде түркі әле­мінде Ататүріктен кейін дү­ниеге келген ең кемеңгер, сыйлы бас­шы, интеграция бастама­шы­сы, тіпті түркі әлемінің құрметті ақ­сақалы деп жоғары бағалайды. Ол түркі әлемінің бірігуін ғана кө­теріп келе жатқан жоқ, сон­дай-ақ үлкен саясаттағы кемең­гер тұлға ретінде түркі халық­та­рын қорғап та, қолдап та ке­леді. Естеріңізде болса, Ресейдің әс­кери ұшағын атып түсіргені үшін Ресей мен Түркия арасында қандай қиын жағдай орнады?! Тіпті түрік пен орыс арасында 7-8 айға дейін қырғи-қабақ со­ғысқа татитын салқындық пайда болды. Ал Елбасы түркі әлемінің көшбасшысы ретінде Ресей мен Түркия алдындағы абырой-бе­делін пайдалана отырып, екі елді татуластырды. Екі елді өзара та­ту­ластырғаны үшін қазақ пре­­зидентіне талай алғыс жау­ды. Тіп­ті бұл араағайындықтың маңы­зын Ресей президенті Вла­ди­мир Путин де, Түркия прези­денті Тайып Реджеп Эрдоған да баса айтты. 
Бүгінде Қазақстанның оқу орын­дарында түрік тілін үйре­нуге бар жағдай жасалған. Сол сияқты қазақ балалары Түркияда оқып, тиісті деңгейде білім алып жатыр. Түркиядан Қазақстанға келіп білім алып жатқандар да жетерлік. 
Түркия – Қазақстанның тәуел­сіздігін мойындаған ал­ғаш­қы елдердің бірі, тіпті Әлемдік банк­те біз үшін кепіл болды. Мұ­ны Елбасы да жиі айтады. Бұл сол кезеңнің қиындықтары еді. Ал бүгін керісінше, Қазақстан аяқ­қа нық тұрып, түркі елдерінде қа­лыптасып жатқан түйткілді мә­селелерді шешуге барынша ат­салысып келеді. Қазақстан – Ор­талық Азия елдері ішінде ин­теграциялық бастамаларды кө­теріп келе жатқан көшбасшы ел болумен қатар, түркі мәде­ние­ті мен салтының қайта жаң­ғыруына сүбелі үлес қосып келе жатқан мемлекет. 


– Түркітанушы ретінде ба­ғаңыз­­ды берсеңіз, неге Қазақстан та­­рапынан көтеріліп жатқан ин­тег­рациялық бастамаларға Өз­бек­­стан мен Түркіменстаннан ын­та-ықылас байқалмайды? 
– Қазақстан тәуелсіздік ал­ған жылдардан бері бүкіл әлем бойынша, әсіресе, көрші елдерге бай­ланысты бейбіт саясат жүр­гізіп келеді. Тіпті ядролық қару­дан бас тартуының өзінен бүкіл әлем елдің ерік-жігерін көре біл­ді. Қазақстан ешқандай да ел­дерді бөлетін блоктарға кір­мейді. Елімізде әр жылдары Әлем­дік және дәстүрлі діндердің съе­зінің өтуі де сол саясаттың бір көр­сеткіші. Еліміз ЕҚЫҰ-ны бас­қарған кезінде де осы саяса­тын жалғастырып, араағайын­дық, бітімгерлік жұмыстарын жан­дандырды. Құдай қаласа, Аста­нада ел беделін айшық­тай­тын EXPO – 2017 көрмесі өткі­зіл­мек. Бұл да мемлекеттің әлем­дік аренадағы беделінің белгісі. 
Ал Өзбекстан мен Түркі­мен­станда өз бағыттарына сай саясат жүр­гізіліп келеді. Мәселен, Өз­бек­стан бірде ресейшіл, бірде америкашыл бағытты ұстанды, яғни, тұрақты саясат болмады. Түр­кіменстанда да жағдай солай бол­ды. Әрине, мемлекетаралық саясаттарына сарапшылар өз ба­ға­сын бере жатар. Бізге маңыз­дысы – өзбектің де, түркіменнің де түркітілдес халықтар екендігі. Ал олар бізден ешқашан да ал­шақ­тай алмайды. Олар түркі әле­мінің бір құрамдас бөлігі. Біз­дің тіліміз, тарихымыз ортақ. Ру­хани құндылықтарымыз бір. Мә­селен, бәрімізге ортақ тарихи эпос­тар баршылық. Ал мұндай та­рихи құндылықтардан бас тар­тып, бірікпеу мүмкін емес. 
– Яғни, ортақ мәдени-тарихи құндылықтарымыз болған соң, түркі халықтары болашақта ты­ғыз интеграциялық байланыстарға бет алады дегіңіз келе ме? 
– Иә, мен бұған кәміл сене­мін. Біздің тарихымыз бен мә­де­ниетіміз, тіліміз бен дініміз бір. Сондықтан біз бір-бірімізден ал­шақтай алмаймыз. Кезінде Жі­бек жолының бойында бас бі­рігу тарихи тұрғыдан дұрыс ба­ғытта дамыған. Бүгінде Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев түркі бірлігін жиі тілге тиек етеді әрі Еуразиялық экономикалық одақ құрылымында түркі респуб­лика­ла­рына жол ашықтығын сезді­ре­ді. Қазір Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан бұл құрылымға мүшелік ете­ді. Жалпы, болашақта оған Әзір­байжан мен Өзбекстан қо­сыл­са да құба-құп. Бұл да түркі­лер­дің өзара мығым байланы­сы­на сүбелі үлес қосар еді. 
Нұрсұлтан Назарбаевты кө­ре­ген басшы деп тектен-тек айт­пайды. Ол түркілердің бірігу қа­жеттігін көрегендігінен айтып жүр. Қазір әлемнің түкпір-түк­пі­рінде соғыстар мен шайқастар болып жатыр. Ал Қазақстан өз үлгі­сімен халықтар бірлігін көр­сетіп отыр. Осыдан 20 жыл бұ­рын Қазақстан халқы ассамб­лея­сының құрылуы да тектен-тек емес. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, қазақстандық патрио­тизм­нің дамуына мол үлес қосу­да. Ендігі кезекте түркілердің бір­лігін қамтамасыз ету маңыз­ды. Өз басым түркі бірлігіне кә­­міл сенемін.


 

Дереккөз

Бүгінде әлемде 200 млн-нан астам түркі халықтары тұрады. Ғаламдастыру мен интеграциялық үдерістер түркілердің тарихи жерлерінен асып, бүкіл әлемге тарауына жол ашты. Бүгінде түркітілдес халықтар Еуразия, Солтүстік Америка мен Австралия құрылықтарына дейін тараған. Бұдан бөлек түркі халықтарының тұру мекендері Орта Азия, Солтүстік Кавказ бен Жерорта теңізінің маңы, Оңтүстік және Шығыс Еуропадан бастап, тіпті Ресейдің Қиыр Шығысына дейінгі территорияларға дейін алып жатыр. Ал Қытай, Америка, Таяу Шығыс пен Батыс Еуропа елдері үшін түркілер ұлттық азшылыққа жатады.
1991 жылы бірқатар түркі халықтары Кеңес Одағынан бөлініп шығып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркіменстанның егемендігін Түркия елі үлкен қуанышпен қарсы алып, алғашқылардың бірі болып бауырлас елдердің тәуелсіздігін мойындады. 
Бүгінде түркі мемлекеттері ішінде ең халқы көп елге Түркия жатады. Мұнда 80 миллионға жуық халық тұрады. 2015 жылдың соңғы санағына сенсек, Өзбекстанда – 32 млн, Қазақстанда – 18 млн, Әзірбайжанда – 10 миллионға жуық, Қырғызстанда – 6 млн, Түркіменстанда – 5,5 млн халық тұрады. Бұл елдердегі байырғы ұлттан бөлек, этностық топтардың басым бөлігі – түркітілдес. Бұған қоса Қытай, Ресей мен Өзбекстанның территориясында тұратын ұйғыр, татар, башқұрт, қарақалпақ, чуваш, гагауздар, т.б. саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Жалпы, түркілер өмір сүретін ең алып территория Ресей елі болып саналады.