Негізгі бет  /  мақалалар  /  Оза шапқан кімдер еді?..

Оза шапқан кімдер еді?..

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1100
Оза шапқан кімдер еді?.. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан экономикалық дағдарысты басынан кешірсе де, Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында сол қиындықтардың барлығын жеңе білдік.

Сол қиын-қыстау кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан спорт мәселесі де тыс қалған емес. Елбасы тек Олимпиада мен Азия ойындары, әлем және құрлық чемпионаттары секілді байрақты бәсекелермен қатар, студенттер спортының дамуына да барынша қолдау көрсетті. Ал жас өрендер өз кезегінде студенттер қауымы арасындағы ең белді жарыс – Дүниежүзілік Универсиададан әркез табысты өнер көрсетті.

Бүгінгі әңгімеміз Дүние­жүзі­лік қысқы Универсиада жайын­да. Бұл тақырыпқа жиі оралуы­мыз да бекер емес. Себебі, 2017 жыл­дың 29 қаңтары мен 8 ақпан ара­лығында Алматыда айтулы жа­рыстың жалауы желбірейді. 28 мәр­те ұйымдастырылғалы отыр­ған дүбірлі доданың Алаш топы­ра­ғында өтуіне Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті – 
ұлт Кө­шбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі тікелей мұ­рын­дық болды. Ақырында осы шараны өткізу құқығына ие бол­дық. 2017 жылғы қысқы Уни­вер­сиаданың Алматыда өтетіні бел­гілі болған бетте-ақ қарбалас тірлік басталды. Ел басқарып отырған азаматтардан бастап, спорт саласының басы-қасында жүрген тұлғалардың барлығы да бел шеше іске кірісті. Нәти­же­сін­де Алатау баурайында керемет спорттық нысандар бой көтеріп, әсем шаһар одан әрі әрлене түсті. Енді келесі жылы алауы тұта­натын айтулы доданың  аса жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­ры­латынына еш шүбә келтір­мей­міз.  
Тарихқа жүгінсек, Тәуелсіз мем­­лекет ретінде Қазақстан Дү­ние­жүзілік қысқы Универсиа­даға тұңғыш рет 1993 жылы қа­тысты. Польшаның Закопане қа­ласында алауы тұтанған дүбір­лі додада еліміздің шайбалы хок­кейшілер құрамасы күміс ме­дальді мойындарына ілді. Сол ко­манданың сапында кейіннен осы спорт түрінің жарқын жұл­ды­зына айналған Александр Ко­­решков пен Алексей Тор­щинс­­кий сынды саңлақтар да өнер көрсеткен еді. Сол нә­ти­же­нің арқасында жерлестеріміз осы жарыстың жалпы есебінде 16-орынға табан тіреді. 
1995 жылғы Универсиаданы Испанияның Хака қаласы қа­был­дады. Бұл жарыста Қазақ елі­нің Әнұраны 2 мәрте шыр­қа­лып, тағы бір спортшымыз қола ме­дальді қоржынға салды. Бұл жо­лы хоккейшілеріміз қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені ол­жа­лады. Дәл сондай көрсеткішке мә­нерлеп сырғанаушылар жұбы – Марина Халтурина мен Анд­рей Крюков қол жеткізді. Ал спорт­тың сол түрін серік еткен Ели­завета Стекольникова мен Дмит­рий Казарлыга жұбы үшін­ші сатыға жайғасты. Командалық есеп­те жерлестеріміз 8-орынды ен­шіледі.  
1997 жылы Муджуда (Оңтүс­тік Корея), 1999 жылы Попрад (Сло­вакия) және 2001 жылы За­ко­панеде (Польша) өткен жа­рыстардан қоржынымыз бос қайтса, 2003 жылы Тарвизиода (Ита­лия) тұсауы кесілген бә­се­ке­де отандастарымыз мол олжа­ға кенелді. Апеннин түбегіндегі тар­тыста Қазақстанның сту­дент­тері түрлі түсті медальдардың әр­қай­сысын екі-екіден олжалап, жал­пы есепте 11-орынға орна­лас­ты. Бұл табысымыздың бар­лығы да шаңғышыларға тиесілі. Атап айтсақ, Николай Чеботько (спринт) мен Светлана Малахова (5 шақырым) алтын тұғырға көтерілсе, Оксана Яцкая (5 ша­қырым) мен Андрей Головко (10 шақырым) күміспен күптелді. Ал ерлер (4Х10 шақырым) мен әйел­дер (3Х2,5 шақырым) құра­масы эстафеталық сайыста қола ме­дальді иемденді.
2005 жылы Австрияның Инс­брук қаласында Қазақстан құ­рамасының табысы тіптен ке­ремет болды. 4 алтын, 1 күміс жә­­не 2 қоланы олжалаған отан­дас­тарымыз жалпы есепте 7-орынға көтерілді. Бұл бәсекеде де шаңғышылар ерледі. Бас жүл­дені Евгений Кошевой (спринт), Светлана Малахова (5 шақырым) және ерлер мен әйелдер құрама­сы эстафеталық сайыста жеңіп ал­ды. Николай Чеботько (10 ша­қырым) күміс алса, Елена Ко­ло­мина (спринт) мен Максим Однодворцев (5 шақырым) қо­лаға қол созды. 
2007 жылғы қысқы Уни­вер­сиа­да қайта Апеннин түбегіне ойыс­ты. Турнирдегі бәсекеде 2 ал­тын, 1 күміс және 2 қоланы қан­жығасына байлаған қазақ­стан­дық студенттер 13 сатыдан көрінді. Бұл жарыста шаңғышы Николай Чеботько (спринт) мен эстафеталық сайыста ерлер құра­масы озса, Елена Коломина (спринт) екінші орынды иеленді. Тағы бір шаңғышымыз Сергей Черепанов (10 шақырым, клас­си­­калық әдіс) пен шайбалы хок­кейшілер командасы үшінші са­тыға жайғасты. 
2009 жылы Қытайдың Ха­р­бин­де жолымыз оңғарылмады. Ал 2011 жылы Түркияның Эрзу­рум шаһарында Қазақ­станның спортшылары мол жүлде алға­ны­мен, алтынның аздығы сал­дары­нан 18-орында қалып қой­ды. Анадолы елінде Дарья Ры­ба­лова (фристайл, могул) алтын­нан алқа тағынса, Денис Мои­сеев (фристайл, могул), Генна­дий Матвиенко (шаңғы, 10 ша­қырым), Денис Волотко (шаңғы, спринт), Александр Осипов (шаң­ғы, 15 шақырым, пурсит) және шаңғышылардың эста­фе­тасында ерлер құрамасы қола ме­дальді кеуделерінде жар­қы­рат­ты.  
2013 жылы Италияның Трен­тино қаласында ұйымдастырыл­ған байрақты бәсекеде Қазақстан 15-орынды қанағат тұтты. Қор­жында – 2 алтын, 2 күміс және 1 қо­ла медаль. Татьяна Осипова (шаңғы дуатлоны, 10 шақырым) мен эстафетада еліміздің ерлер құрамасы алдарына жан салмаса, Марк Старостин (шаңғы дуат­лоны, 15 шақырым) мен шай­балы хоккейшілер екінші орын­ды еншіледі. Әйелдер эстафе­та­сында біздің қыздар үшінші са­тыға тұрақтады. 
2015 жылғы Универсиаданы Ис­панияның Гранадасы мен Сло­вакияның Штребске Плесо қа­лалары қабылдады. Бұл жа­рыс­та Қазақстан құрамасы өз тари­хындағы теңдессіз табысқа қол жеткізіп, төрткүл дүниені таң­дай қағарлық өнерімен там­сандырды. Отандастарымыз Ре­сей мен Оңтүстік Корея спорт­шыларынан ғана қалып қойып, командалық есепте үшін­ші орынға жайғасты. Біздің студенттер 5 алтын мен 6 қоланы олжалады. Жалғыз Анастасия Слонованың өзі (шаңғы, 15 ша­қырым және спринт ) екі мәр­те әнұранымызды шырқатса, Али­на Райкова (биатлон), Юлия Га­лышева (фристайл, могул) және Павел Колмаков (фрис­тайл, могул) бір реттен дәл сон­дай құрметке бөленді. Сондай-ақ Слонова 5 шақырымдық сайыс­та күміспен күптеліп, өз жан­күйерлерін тағы бір қуантты. Анастасияның бұл көрсеткішін Дмитрий Рейхерд (фристайл, могул), шаңғышылар эста­фе­та­сын­да ерлер (4х7,5 шақырым), әйелдер (3х 5 шақырым), аралас эстафета (2× 6 шақырым+ 2× 7,5 шақырым) және шайбалы хоккейшілер (ерлер) құрамасы қайталады. 

Міне, 1993 – 2015 жылдар аралығында 12 мәрте жалауы желбіреген Дүниежүзілік қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы осындай қомақты нәтиже көрсетті. 23 жыл аралығында отандастарымыз 18 алтын, 13 күміс және 13 қоланы қоржынға салды. Барлығы – 44 медаль. Төрткүл дүниенің әр қиырынан дарынды жастардың бас қосқан байрақты бәсекеде осындай көрсеткішке қол жеткізу, әрине, оңай шаруа емес.  Ең бастысы, біз елімізде студенттер спорты да қарыштап дамып келе жатқанына күллі әлем жұртшылығының көзін жеткіздік. Енді осы межеден төмендемеуге тиіспіз. Оның үстіне келесі жарыстың алауы Алатау баурайында тұтанады. Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтетін жарыста Қазақстанның спортшылары теңдессіз табысқа қол жеткізуіне тілектеспіз.