Негізгі бет  /  мақалалар  /  Дариға «Тойота» мінді

Дариға «Тойота» мінді

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1497
Дариға «Тойота» мінді Бүгін түс бел ортадан ауғанда Алматы қаласы бокс федерациясының президенті Бақытжан Қажиев биылғы жылы жалауы желбіреген дүбірлі додаларда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілген бір топ спортшылар мен білікті бапкерлерді қабылдады.
  • -Биылғы жыл алматылық боксшылар үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар, – деп бастады өз әңгімесін Бақытжан Қажиев. –  Себебі, жуырда ғана екі бірдей аруымыз төрткүл дүние жұртшылығы көз тіккен байрақты бәсекеден олжалы оралды. Атап айтсақ, Бразилияның Рио де Жанейро қаласында алауы тұтанған ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында Дариға Шәкімова қола медальді мойына ілсе, Астанада өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай алтыннан алқа тағынды. Осылайша айтулы боксшылар өз есімдерін Қазақ елі спорты тарихына алтын әріптермен жазды. Сонымен қатар Алатау баурайында орналасқан әсем шаһарда бір шоғыр жалынды жастардың қаулап өсіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі таңда өз қатарластарының алды болған олар әлемдік деңгейдегі жарыстарда да жеңіс тұғырына көтеріліп жүр. Ертеңгі күні де сол сайыпқырандар ел сенімін ақтап, ересектер дуына да еркін қосылатынына сенімдімін.  

Расында да біраз жыл тоқырап қалған Алматы боксының бойына қазіргі кезде қан жүгіре бастады. Оған дәлел, осы өнерді серік еткен қыздарымыздың толағай табысы. Одан бөлек, жастар буыны арасындағы жарыстарда да жасындай жарқырап жүрген былғары қолғап шеберлерінің қатары күн санап көбейіп келеді. Мысалы, биылғы жылы Дамир Тойбай Якутияда ұйымдастырылған «Азия балалары»  деп аталатын кешенді спорттық жарыста бас жүлдені олжаласа, Бекзат Рысбеков пен ағайынды Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар шет мемлекеттерде өткен аса ірі халықаралық турнирлерде топ жарды. Сонымен қатар елшілік додаларда жоғарыда есімдері аталаған өрендерге тең келер ешкім жоқ. Осы деректердің өзі-ақ Алматы боксы еңсе тіктеп келе жатқанын ағартса керек.

Осы жиын барысында биылғы жылы ерекше көзге түскен спортшылар және білікті бапкерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал Алматы қаласы бокс федерациясының президенті Бақытжан Қажиев мырза Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімоваға өз қолымен су жаңа «Тойота» көлігінің кілті табыс етілді.

Сондай-ақ осы шараға Алматы қаласы бокс федерациясының вице-президенті Дархан Сүлейменов, еліміздің әйелдер құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, әлем чемпионы Назым Қызайбай және осы саланың басы-қасында жүрген басқа да мамандар қатысты. 

Фото: Айтжан Мұрзанов